Павлодарда мас күйінде ес-түссіз жатқан жасөспірім қыз табылды

Полиция ата-аналарды балалардың қайда жүргенін бақылап, олардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге шақырды.

Павлодарда алкоголь ішкеннен кейін ес-түссіз жатқан кәмелетке толмаған қыз анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оқиға қаладағы бассейндердің бірінің маңындағы гараждар аумағында болған. Жасөспірім шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Павлодар облысы Полиция департаментінің мәліметінше, қыздың заңды өкіліне қоғамдық орында мас күйінде жүрген кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу міндетін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылған.

Полицейлердің айтуынша, өңірде мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың алкоголь тұтынуына және қоғамдық орындарда мас күйінде жүруіне қатысты 90 құқықбұзушылық тіркелген.

Сондай-ақ түнгі уақытта балалардың ересектердің қарауынсыз жүруіне байланысты 1 809  ата-ана мен заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылған.