Қазақстан мектептерінде үш жаңа міндетті курс енгізіледі

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жаңа оқу жылында білім беру жүйесіне енгізілетін негізгі өзгерістерге тоқталып, жаңашылдықтарды барлық өңірде бірізді әрі сапалы жүзеге асырудың маңызын атап өтті.

2026-2027 оқу жылынан бастап қазақстандық мектептерде бірнеше жаңа міндетті курс оқытыла бастайды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Елордада өткен жиынға еліміздің барлық 20 өңірінен 300-ге жуық педагог, білім басқармаларының мамандары, әдістемелік орталықтардың өкілдері, мектеп әкімшілігі және 5–11-сынып мұғалімдері қатысты.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жаңа оқу жылында білім беру жүйесіне енгізілетін негізгі өзгерістерге тоқталып, жаңашылдықтарды барлық өңірде бірізді әрі сапалы жүзеге асырудың маңызын атап өтті.

Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ұйымдастырған жазғы сессияда білім беру мазмұнын жетілдіру, мұғалімдерге әдістемелік қолдау көрсету және жаңа оқу бағдарламаларын тәжірибеге енгізу мәселелері талқыланды.

Жиын барысында Конституция құндылықтарын білім беру үдерісіне енгізу, «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы, «Таза Қазақстан» бастамасы, «Заң мен тәртіп» қағидаты, жаңартылған оқу бағдарламалары, бағалаудың жаңа тәсілдері және жасанды интеллект құралдарын пайдалану тақырыптары қарастырылды.

Жаңа оқу жылынан бастап 5–7-сыныптарда «Конституция негіздері», 8–11-сыныптарда «Заң және тәртіп», ал 5–11-сыныптарда «Жеке қауіпсіздік» міндетті курстары енгізіледі.

Сонымен қатар «Құқық негіздері» пәнінің мазмұны жаңартылып, оқушылардың құқықтық сауаты мен азаматтық мәдениетін дамытуға басымдық берілмек.