1 300-ден астам маман жұмысқа орналасты

Президент тапсырмасымен құрылған коммуналдық гидротехникалық нысандарды пайдалану және басқару ұйымдарына 1 300-ден астам маман жұмысқа орналасқан.

2024 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, еліміздің 10 облысында коммуналдық гидротехникалық құрылысжайларды пайдалану және басқаруға маманданған ұйымдар құрылды.

Бұл ұйымдар Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Абай және Жетісу облыстарында ашылды. Осылайша, еліміздегі коммуналдық гидротехникалық нысандарды пайдалану және басқаруға маманданған ұйымдардың жалпы саны 16-ға жетті.

Бүгінде бұл ұйымдарда 1 337 адам еңбек етеді. Бұл штат санының 93%-ы. Сондай-ақ ұйымдардың теңгеріміне 822 гидротехникалық нысан берілді.

«Мамандандырылған ұйымдарда еңбек етіп жатқан мамандар коммуналдық гидротехникалық нысандардың тиісті деңгейде күтіп-ұсталуы мен қауіпсіз пайдаланылуын күн сайын қамтамасыз етіп келеді. Бір жылдың ішінде бұл мекемелердегі мамандар саны 405 адамға артты. Бір жыл бұрын олардың саны 932 адамнан асқан болатын», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.