Қазақстанда 10 шілде мен 10 тамыз аралығында «Назар аударыңыз! Ауыр салмақты көлік!» атты республикалық профилактикалық акциясы өтіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің мәліметінше, жаз мезгілінде жол жабынының жоғары температураның әсерінен бүлінуіне жол бермеу үшін маусымдық температуралық режим қолданылады. Ауа температурасы +25°C-тан жоғарылаған кезде жүк көліктерінің жекелеген санаттарының қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі.
Бұл талап халықаралық және жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын көліктерге, тез бұзылатын, қауіпті және гуманитарлық жүктерді жеткізетін автокөліктерге, сондай-ақ төтенше жағдайлардың салдарын жоюға, жол жөндеу жұмыстарына және әскери тасымалдарға тартылған көліктерге қолданылмайды.
Салмақтық-габариттік талаптар мен температуралық режимнің сақталуын Көліктік бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелері қадағалайды.
Министрліктің хабарлауынша, акция басталғалы 500-ден астам ауыр жүк көлігі тексерілген. Нәтижесінде, 281 көлік заңнамасын бұзу дерегі, оның ішінде 116 артық жүк тиеу фактісі анықталды. Сондай-ақ маусымдық температуралық режим талаптарын бұзған 302 жүк көлігінің қозғалысына уақытша шектеу қойылды.
Анықталған барлық құқықбұзушылықтар бойынша тасымалдаушыларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар қолданылды.
Көлік министрлігі тасымалдаушыларды маусымдық шектеулерді ескеріп, маршруттары мен қозғалыс кестесін алдын ала жоспарлауға шақырды.