Күдікті Нұрай Серікбайды алдымен 5 рет, кейін 30 рет пышақтаған – прокурор

Шымкентте марқұм Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы басталды.

Алғашқы отырыста мемлекеттік айыптаушы айыптау актісін оқыды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Прокурордың мәліметінше, айыпталушы Шерхан Аймахан алдымен Нұрайды кездесуге шақырған. Бірақ бойжеткен оның ұсынысынан бас тартқан.

Айыптау нұсқасына сәйкес, күдікті кейін қыздың үйі маңына келіп, оның дүкенге шыққан сәтін күткен. Сол жерде алдымен оған бес рет пышақ жарақатын салып, оқиға орнынан кетіп қалған. Кейін қайта оралып, шабуылын жалғастырып, жәбірленушіге тағы 30 рет пышақ сұққаны айтылды.

Марқұмның адвокаттары мен жақындары сот процесін тікелей эфирде көрсетуді сұраған. Дегенмен айыпталушы тарап бұл ұсынысқа қарсылық білдірді. Тараптардың ортақ келісімі болмағандықтан, судья сот отырысының тікелей эфирде көрсетілмейтінін мәлімдеді.