ҚХП сайлауалды науқанның белсенді кезеңіне өтті

Үгіт-насихат науқанының басталуына орай филиалдар сайлауалды штабтардың негізгі тірегіне айналды.

23 шілде – алдағы Құрылтай сайлауы алдындағы үгіт-насихат науқанының басталған күні. Осыған орай Қазақстан Халық партиясы өзінің ресми әнұранын таныстырды. Сонымен қатар елорда мен өңірлерде партиялық штабтарын ашып, плакаттар мен баннерлерді орналастыру жұмысын бастады.

Қазақстан Халық партиясы халықпен тұрақты кері байланыс орнатып келеді. Осы мақсатта партия сайлау кезеңінен әлдеқайда бұрын еліміздің әрбір облысында, ірі қалалары мен аудандарында филиалдар мен өкілдіктер желісін құрды. Онда қоғамдық қабылдау бөлмелері жұмыс істейді, азаматтарға кеңес беріледі, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, партиялық жобалар жүзеге асырылады.

– Бұл Қазақстан Халық партиясына өңірлердегі жұмысты тиімді ұйымдастырып, сайлаушылармен тікелей диалог жүргізуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті партия өкілдері.

Үгіт-насихат науқаны 22 тамызда, яғни «тыныштық күні» аяқталады.

Креативті бастама: ҚХП ресми әнұраны мен бейнебаянын таныстырды

Қазақстан Халық партиясы өзінің  «Халқыммен бірге» атты ресми әнұранын және оған түсірілген бейнебаянды таныстырды. ҚХП 23 шілдеден рұқсат берілген алдағы Құрылтай сайлауы алдындағы үгіт-насихат науқанын осылай бастады.

Әнұранның авторлары – ақын және композитор Ерқожа Тілепбердиев пен Әлібек Әлмәдиев. Аранжировкасын саунд-продюсер Ерлан Бекчурин жасаған. Әнді Әлібек Әлмәдиев пен Ардақ Балажанова орындады.

– Екі орындаушы да шығармашылық саланың өкілдері және Құрылтай депутаттығына Қазақстан Халық партиясынан үміткер ретінде тіркелген, – деп нақтылады ҚХП өкілдері.