Қазақстан дирижерлік мектебінің тарихын жүйелеген еңбек

Қазақстан дирижерлік өнерінің ғасырлық шежіресі

Қазақ кәсіби музыка өнерінің тарихы туралы көптеген еңбектер жарық көргенімен, дирижерлік өнердің қалыптасуы мен даму жолын тұтас тарихи құбылыс ретінде қарастырған зерттеулер өте аз. Тіпті жоқ десе де болады. Әдетте дирижерлер туралы мәліметтер белгілі бір өнер қайраткерінің өмірбаяны аясында ғана сөз болып, олардың ұлттық музыка мәдениетіндегі орны арнайы ғылыми тұрғыдан жүйеленбей келді. Осы тұрғыдан алғанда, «Қазақстан дирижерлік өнері» атты жаңа еңбек отандық музыкатану ғылымындағы маңызды басылымдардың бірі саналады. Кітаптың авторы - Мүслім Әмзе. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, PhD, "Құрмет" орденнің иегері, дирижер.

Автор дирижерді тек оркестрді басқарушы маман ретінде емес, ұлттық орындаушылық мәдениеттің, репертуарлық саясаттың, кәсіби музыкалық білімнің және оркестрлік дәстүрдің қалыптасуына ықпал еткен шығармашылық тұлға ретінде қарастырады. Сондықтан еңбек жеке дирижерлердің өмірбаянын баяндаумен шектелмей, тұтас қазақ дирижерлік мектебінің қалыптасу үдерісін талдауға бағытталған.

Кітаптың кіріспесінде автор зерттеудің негізгі мақсаты Қазақстандағы дирижерлік өнердің қалыптасуы мен даму тарихын ғылыми тұрғыдан жүйелеу екенін атап көрсетеді. Осы мақсатқа жету үшін дирижерлік өнердің тарихи эволюциясы, кәсіби мектептің қалыптасу ерекшеліктері, жетекші дирижерлердің шығармашылық қызметі және олардың ұлттық музыка мәдениетіне қосқан үлесі кешенді түрде қарастырылады. Зерттеу уақытының өзі шамамен бір ғасырдан астам уақытты қамтиды. Яғни, Қазақстанда кәсіби дирижерлі мектептің ең бастауынан. Автор ХХ ғасырдың басындағы алғашқы кәсіби музыкалық ұжымдардың құрылуынан бастап, тәуелсіз Қазақстан кезеңіне дейінгі дирижерлік өнердің даму жолын бірнеше тарихи кезеңге бөліп талдайды. 

Еңбектің маңызды қырларының бірі – оның деректік негізі. Автор Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архиві, Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар және дыбыс жазбалары архиві, Ұлттық кітапхана, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының кітапханасы, театрлар мен мәдени мекемелердің қорларында сақталған материалдарды пайдаланған. Сонымен қатар мерзімді баспасөз, сирек басылымдар, концерттік бағдарламалар, афишалар, фотосуреттер және өзге де тарихи құжаттар ғылыми айналымға тартылған.

Кіріспеде автордың бұрын жарияланбаған архивтік материалдарға ерекше назар аударғаны байқалады. Бұл деректер дирижерлердің шығармашылық жолын нақты тарихи оқиғалармен байланыстыра отырып көрсетуге, сондай-ақ Қазақстандағы дирижерлік өнердің қалыптасу тарихын бұрынғыдан кеңірек ашуға мүмкіндік береді. Осындай деректік база еңбектің ғылыми құндылығын арттырып, оны тек шолу сипатындағы емес, тың материалдарға сүйенген зерттеу ретінде танытады.

Автор зерттеу барысында дирижерлердің өмірбаянын баяндаумен ғана шектелмейді. Ол дирижерлік өнердің театр, симфониялық оркестр және қазақ халық аспаптары оркестрі сияқты түрлі шығармашылық орталарда қалай дамығанын, олардың өзара ықпалын және кәсіби тәжірибесінің ерекшеліктерін салыстыра қарастырады. Сонымен бірге дирижерлік техника, оркестрлік орындаушылық, күйді оркестрге лайықтау және ұлттық репертуардың қалыптасуы сияқты мәселелер де зерттеудің маңызды құрамдас бөлігі ретінде қамтылған.

Қарапайым мысал. Біз үшін Ахмет Жұбановтың қалайша дирижерлік өнерге бет бұрғаны туралы мәлімет қызық болды. Автор Ахаң Ленинградта оқу кезінде оркерстр концерттеріне жиі баратынын, әрі Мариинск театры оркестріде қызмет жасағанын айтады. Сол кез заманының мықты дирижерларын көріп жүріп, өзі де кәсіби шындала бастайды екен. Яғни, бұл өнер қазаққа да керектігін түсінген.

Және бұл бір ғана мысал. Ал автор осындай 33 дирижердің ғұмыры туралы жазған. Бірақ автордың міндеті ғұмырнаманы құр түгендеу емес, алдына қойған негізгі міндеті – Қазақстан дирижерлік өнерінің тарихын алғаш рет жүйелі түрде саралап, оның ғылыми негізделген даму моделін ұсыну және ұлттық музыка мәдениетіндегі дирижер тұлғасының тарихи орнын айқындау.

Кітап кімге арналған? «Қазақстан дирижерлік өнері» еңбегі кәсіби музыканттарға ғана емес, ұлттық музыка мәдениетінің тарихына қызығатын кең оқырман қауымға арналған ғылыми басылым. Кітаптың мазмұны мен көтерілген мәселелерінің ауқымы оның бірнеше бағыттағы аудитория үшін пайдалы екенін көрсетеді. Десе де біздің ойымызша, ең алдымен, еңбек дирижер мамандығын меңгеріп жүрген студенттер мен жас мамандар үшін маңызды. Бұл кітап болашақ дирижерлерге мамандықтың тарихи негіздерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Және өзге тілде емес, мемлекеттік тіл - қазақ тілінде оқып білуге мүмкіндік туды.

Әрине, зерттеу музыкатанушылар мен өнертанушылар үшін де құнды дереккөз болып табылады. Автор пайдаланған архивтік материалдар, тарихи құжаттар, фотосуреттер мен мерзімді баспасөз мәліметтері Қазақстан кәсіби музыка мәдениетін зерттеуде жаңа ақпарат ұсынады. Сондықтан еңбек дирижерлік өнерді ғана емес, жалпы қазақ музыкасының тарихын зерттеушілер үшін де ғылыми маңызы жоғары басылым саналады деп есептейміз. Нақтырақ айтсақ, ғылыми зерттеу мен оқу құралының ерекшеліктерін қатар біріктірген еңбек. 

Неліктен бұл еңбек маңызды? Қазақстан музыка мәдениетінің тарихында композиторлық мектеп, дәстүрлі музыка, орындаушылық өнер және музыкалық білім беру мәселелері кеңінен зерттелгенімен, дирижерлік өнердің даму жолын тұтас қамтыған еңбектер аз. Осы тұрғыдан алғанда, бұл кітап жеке тұлғалардың өмірбаянын жинақтаумен шектелмей, Қазақстандағы дирижерлік өнердің қалыптасуы мен эволюциясын жүйелі түрде көрсететін ғылыми зерттеу ретінде ерекшелетінін тағы айтқымыз келеді.

Еңбектің маңызын айқындайтын тағы бір қыры – ұлттық музыка мәдениетінің бұрын назардан тыс қалып келген саласын ғылыми айналымға енгізуі. Автор дирижерлердің кәсіби қызметін кең тарихи-мәдени контексте қарастырады. Соның нәтижесінде дирижердің оркестр жетекшісі ғана емес, ұлттық орындаушылық мәдениеттің дамуына ықпал еткен шығармашылық тұлға екендігі жан-жақты ашылады.
Сонымен бірге бұл зерттеу болашақ ғылыми жұмыстарға да негіз қалайды. Автор ұсынған кезеңдеу, архивтік материалдар мен ғылыми қорытындылар Қазақстандағы дирижерлік өнердің жекелеген бағыттарын тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді. Мысалды алыстан іздеп керек емес. Қазақ Ұлтттық өнер университетінің бір докторанттының ғылыми тақырыбы - дирижерлік өнер. Осы «Қазақстан дирижерлік өнері» еңбегін бастапқы негізге алып, енді ары қарай зерттеу жүргізуде.
 
«Қазақстан дирижерлік өнері» кітабы – ұлттық музыка мәдениетінің маңызды бір саласын кешенді түрде қарастырған құнды ғылыми еңбек. Автор ХХ ғасырдан XXI ғасырдың басына дейінгі дирижерлік өнердің қалыптасуы мен даму жолын тарихи деректерге сүйене отырып жүйелеп, Қазақстандағы кәсіби дирижерлік мектептің эволюциясын тұтас ғылыми концепция ретінде ұсынады. Сондықтан бұл кітап тек бір ғылыми зерттеу емес, ұлттық дирижерлік мектептің тарихын сақтау, зерделеу және кейінгі ұрпаққа жеткізу жолындағы маңызды еңбек ретінде бағалануға лайық.
 
Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялағанда авторы көрсетіп, Аikyn.kz сайтына  белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.