«Алтыналмас» кенішінде қайғылы оқиға: конвейер машинисі өндіріс орнында қаза тапты

«Алтыналмас» акционерлік қоғамының өндірістік нысандарының бірі – «Пустынное» тау-кен байыту комбинатында қайғылы оқиға болды.

Өндіріс орнында жұмыс істеген конвейер машинисі көз жұмды,  – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Компанияның ресми мәліметінше, қайғылы оқиға 2026 жылғы 23 шілде күні сағат 11:30 шамасында «Пустынное» кен орны аумағында болған. Салдарынан кен байыту фабрикасының конвейер машинисі қаза тапқан.

Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері мен мән-жайын уәкілетті мемлекеттік органдар анықтап жатыр. «Алтыналмас» АҚ марқұмның туған-туыстары мен жақындарына, әріптестеріне көңіл айтып, қаза болған қызметкердің отбасына барлық қажетті көмек пен қолдау көрсетілетінін мәлімдеді. Сонымен қатар компания әлеуметтік желілер мен ақпараттық алаңдарда оқиғаға қатысты расталмаған немесе шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтердің таралуына байланысты ескерту жасады.

– Оқиғаның нақты мән-жайын бұрмалайтын, тексерілмеген ақпаратты тарату компанияның іскерлік беделіне нұқсан келтіруі мүмкін және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады. Сондықтан тек уәкілетті мемлекеттік органдар мен компанияның баспасөз қызметі жариялаған ресми ақпаратқа ғана сүйенуге шақырамыз, – делінген «Алтыналмас» АҚ хабарламасында.

Еске салайық, бұған дейін өндірістегі тағы бір қайғылы оқиға  ERG Service  ЖШС-ның жөндеу-механикалық металл прокаты зауытында тіркеліп, онда да қызметкер қаза тапқан болатын.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.