Шығыс Қазақстанда 600-ден астам мұғалім мен балабақша қызметкерінің жеке деректері тарап кеткен

Облыстық прокуратураның мәліметінше, заңбұзушылық жеке деректерді қорғау туралы заңнаманың сақталуына жүргізілген тексеру барысында белгілі болған.

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында 600-ден астам білім беру ұйымы қызметкерінің жеке деректері заңсыз жарияланғаны анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Облыстық прокуратураның мәліметінше, заңбұзушылық жеке деректерді қорғау туралы заңнаманың сақталуына жүргізілген тексеру барысында белгілі болған.

Тексеру нәтижесінде мектептер мен балабақшалар міндетті медициналық тексеру қызметтерін мемлекеттік сатып алу кезінде жарияланған құжаттарға өз қызметкерлерінің толық тізімін қоса тіркегені анықталды.

Соның салдарынан кез келген пайдаланушы қызметкерлердің аты-жөні, жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН), атқаратын лауазымы, тұрғылықты мекенжайы және телефон нөмірі сияқты жеке мәліметтерге еркін қол жеткізе алған.

Прокуратураның араласуынан кейін 611 қызметкерге қатысты заңсыз жарияланған жеке деректер жойылды. Ал заң талаптарын бұзуға жол берген жауапты лауазымды тұлғалар тиісті жауапкершілікке тартылды.