Ұлттық қауіпсіздік комитеті ректор Нұрлан Серғалиевке қатысты тергеу басталғанын растады

Ол – биология ғылымдарының кандидаты, 150-ден астам ғылыми жарияланым мен бес патенттің авторы.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ректоры Нұрлан Серғалиевке қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын растады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Нұрлан Серғалиевтің ұсталғаны туралы ақпарат 21 шілдеде тараған болатын. Сол кезде Батыс Қазақстан облысы қоғамдық кеңесінің мүшесі, заңгер Бауыржан Ахметжан ректордың қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінгенін, ал істі ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі тергеп жатқанын мәлімдеген.

Тергеу аясында жоғары оқу орны басшысының қызметтік кабинетінде тінту жүргізілген. Нұрлан Серғалиев Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетін 2018 жылдан бері басқарып келеді. Бұған дейін ол Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры қызметін атқарған. Ол – биология ғылымдарының кандидаты, 150-ден астам ғылыми жарияланым мен бес патенттің авторы. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты.