Елімізде жұмыс іздеген жас маманның алдынан шығатын бір өткел бар. Ол – еңбек өтілінің болмауы. Жұмыс берушілер кеше ғана оқу бітірген жас маманды «еңбек өтілі де, тәжірибесі де жоқ» деп жұмысқа алғысы келмейді. Ал оқу орнын енді ғана бітірген түлекте бұл нәрселердің болмайтыны түсінікті емес пе? Осындай тұйық шеңберді бұзу үшін мемлекет «Жастар практикасын» енгізді. Бағдарламаның басты мақсаты – жас маманды алғашқы жұмыс тәжірибесіне баулу және тұрақты еңбек нарығына бейімдеу.
«Жастар практикасы» бағдарламасы Қазақстанда 2011 жылы енгізілді. Оның мақсаты – жоғары және техникалық, кәсіптік білім беру ұйымдарын соңғы бес жыл ішінде тәмамдаған, жұмыс тәжірибесі жоқ немесе еңбек өтілі аз жастарға алғашқы жұмыс тәжірибесін жинауға мүмкіндік беру. Бағдарламаға қатысушылар бір жылға дейін жұмыс істеп, осы уақыт ішінде 30 АЕК мөлшерінде жалақы алады. Бұл қаражат мемлекеттік бюджеттен төленеді. Идеясы қарапайым ғана. Жас маман бір жыл ішінде тәжірибе жинақтайды, ал жұмыс беруші оның кәсіби қабілетін бағалап, практика аяқталған соң тұрақты жұмысқа қабылдайды. Міне, мәселенің бәрі осы жерден басталады. Практика аяқталған соң жұмыс берушілердің бәрі бірдей бір жыл бойы жалақысын мемлекет төлеген, өзі сол жерде тәжірибе жинау мақсатында еңбек еткен жас маманды тұрақты жұмысқа ала бермейді!
Осы мақаланы жазу барысында өзім былтырдан бері танитын, үлкен корпорацияда Жастар практикасы бойынша еңбек еткен Самал есімді жас маманмен (атын өзгертуді өтінді) хабарластым. Ондағы мақсатым – Самалдың қазіргі жайын білу еді. «Корпорация мені штатқа алған жоқ. Қазір басқа бір мекемеде еңбек етіп жүрмін. Мамандығыма сәйкес келмейді. Негізі тәжірибеден өтіп болған соң мамандығым бойынша корпорацияда жұмыс істегім келген еді», – дейді ол.
Иә, бұл жерде біз бір ғана адамның жағдайы туралы айтып отырмыз. Ал осы жылдардың ішінде Жастар практикасы бойынша жүздеген мың жас маман жұмыс берушілермен бетпе-бет келгені белгілі. Олардың қаншасы жұмысқа орналасты, қаншасының тауы шағылды деген сауалды біз тиісті министрлікке жолдаған болатынбыз.
Бағдарламаға қатысқандар саны – 97 911, аяқтаған адамдар – 35 131
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сәйкес, тек соңғы үш жылдың өзінде, яғни 2023-2025 жылдары Жастар практикасына 97 911 адам жіберілген. Оның ішінде 2023 жылы – 33 984, 2024 жылы – 33 336, ал 2025 жылы 30 591 жас бағдарламаға қатысқан.
Енді қызықты қараңыз, 2023 жылы Жастар практикасын 11 679 адам ғана аяқтаған. Оның ішінде 5576 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал 2024 жылы 12 552 адам бағдарламаны аяқтап, 7 378-і жұмысқа қабылданған. Сондай-ақ 2025 жылы бағдарламаны аяқтағандар саны 10 900 адам болған. Оның 5 468-і тұрақты қызметке орналасқан. Яғни осы үш жылда 97 911 адам бағдарламаға жіберілген болса, 12 ай жұмыс істеп, бағдарламаны аяқтағандар саны 35 131 адам ғана. Ал жалпы тұрақты жұмысқа орналасқандар саны бастапқыда практикаға жіберілгендер санының 20 пайызына да жетпейді. Сондықтан бағдарламаны аяқтамағандардың саны қанша және оның негізгі себептері қандай болғаны белгісіз күйінде қалып отыр.
Жұмыс берушілерге қойылатын талап күшейтілген
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бір жұмыс берушінің жыл сайын жаңа қатысушыларды алып, алдыңғыларын жұмыстан шығару фактілеріне мониторинг жасай ма? Бізді қызықтырған сауалдың бірі – осы. Аталмыш министрліктің Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Төлеу Мұхтар бізге былай жауап берді: «Жастар практикасы уақытша сипаттағы субсидияланатын жұмыс орны болғанымен, оның түпкі мақсаты – қатысушының тұрақты жұмысқа орналасуына жағдай жасау. Сондықтан жұмыс берушілердің бұрынғы қатысушыларды тұрақты жұмысқа қалдырмай, жыл сайын тек жаңа қатысушыларды қабылдау жағдайлары талданады».
Яғни қазір жұмыс берушілердің өтінімдері, жасалған шарттар, қатысушылардың жұмысқа орналасуы, бағдарламаны аяқтауы және кейінгі тұрақты жұмысқа орналасуы сынды мәліметтерге ақпараттық жүйелер арқылы мониторинг жүргізіледі. Бұдан бөлек, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру тетіктерін жетілдіру шеңберінде жұмыс берушілерге қойылатын талаптар күшейтілген. Атап айтқанда, жұмыс берушінің бұрын субсидияланатын жұмыс орындарында жұмыс істеген азаматтарды кейін тұрақты жұмысқа орналастыруы оның келесі кезеңдерде бағдарламаға қатысуы кезінде ескерілетін маңызды талаптардың бірі ретінде қаралады.
Одан бөлек, 2025 жылғы желтоқсанда мемлекеттік қолдаудың ашықтығы мен тиімділігін арттыру мақсатында субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру қағидаларына өзгерістер енгізілген.
«Осы өзгерістерге сәйкес, жұмыс беруші өткен күнтізбелік жылы өзінде субсидияланатын жұмыс орындарында жұмысты аяқтаған жұмыссыз азаматтардың кемінде 10 пайызын тұрақты жұмысқа орналастыруға міндетті. Егер жұмыс беруші 10 адамнан аз қатысушыны қабылдаған болса, кемінде 1 азаматты тұрақты жұмысқа орналастыру талабы қолданылады.
Бұл талап жұмыс берушінің алдағы уақытта субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға қатысуы кезінде ескеріледі. Яғни жастар практикасына қатысушыларды тұрақты жұмысқа қабылдау жұмыс берушінің келесі өтінімдерін қарау кезінде маңызды факторлардың бірі», – дейді ЕХӘҚМ Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Төлеу Мұхтар.
Қай өңірлер көш бастап тұр?
Жастар практикасына қатысушылар саны бойынша жыл сайын Түркістан облысы, Қызылорда облысы, Жамбыл облысы және Шымкент қаласы алдыңғы қатардан көрінеді. Мәселен, 2023 жылы Түркістан облысынан бағдарламаға 9 007 жас қатысса, Қызылорда облысы-
нан – 3 443, Жамбыл облысынан – 3 047, ал Шымкент қаласынан 2 568 жас жолданған. Кейінгі екі жылда да бұл өңірлер көш басындағы орнын сақтап қалған.
Мұны аталған өңірлердегі жастар үлесінің жоғары болуымен және еңбек нарығына жыл сайын көп түлектің шығуымен түсіндіруге болады. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2025 жылы Шымкент қаласында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын 16,7 мың, жоғары оқу орындарын 27,2 мың жас тәмамдаған. Жамбыл облысында бұл көрсеткіш тиісінше 7,7 мың және 5,9 мың, Түркістан облысында 6,4 мың және 1,5 мың, ал Қызылорда облысында 2,8 мың және 4,4 мың түлек.
Ірі мегаполистер – Астана мен Алматыда жастар практикасына қатысушылар саны салыстырмалы түрде төмен. Мәселен, 2025 жылы Астанада бағдарламаға 1 052 жас қатысса, Алматыда 706 адам жолданған. Бұған Астана мен Алматыдағы еңбек нарығы ауқымының кеңдігі, жастардың жеке секторда жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоғары екені де әсер етуі мүмкін.
Жыл сайын қомақты қаржы бөлінеді
Бағдарламаны қаржыландыру көлемі де аз емес. Министрліктің мәліметінше, үш жыл ішінде жастар практикасына 85 млрд 680 млн теңге жұмсалған. Оның ішінде 2023 жылы – 26,7 млрд теңге; 2024 жылы – 29,3 млрд теңге; 2025 жылы – 29,7 млрд теңге. Бұл цифр Жастар практикасы жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған ең ірі мемлекеттік бағдарламалардың бірі екенін көрсетеді.
Біздің ойымызша, үш жылға бөлінген 85,6 млрд теңге аз қаржы емес. Бұл бірнеше мектеп немесе аурухана салуға кететін қаржымен шамалас сома. Сондықтан мұндай көлемдегі мемлекеттік инвестицияның нақты қайтарымы қандай екені қоғам үшін де маңызды болмақ.
Осы жерде тағы бір маңызды өзгерісті айта кетуді жөн көреміз. 2026 жылы жастар практикасына қатысатындардың жоспарлы саны 33 мыңнан 25 мың адамға дейін қысқармақ. Бұл шешім мемлекеттік шығыстарды оңтайландыру аясында қабылданып отыр.
Жастар практикасы – еңбек жолын енді бастаған түлектер үшін маңызды мүмкіндік. Бірақ кез келген мемлекеттік бағдарламаның құндылығы оған қанша адамның қатысқанымен емес, сол жастардың қаншасы өз мамандығы бойынша тұрақты жұмыс тауып, еңбек нарығында орныға алғанымен өлшенетіні даусыз. Сондықтан алдағы уақытта қоғам тек қамту көрсеткішін емес, бағдарламаның нақты нәтижесін де көбірек күтеді.
Айгүл Сейіл