Жаңа чиптің мүмкіндігі қандай?
Majorana 2-нің басты ерекшелігі – оның құрамындағы кванттық биттердің, яғни кубиттердің тұрақтылығы. Кванттық компьютердің қуаты да, болашағы да осы кубиттердің сапасына тікелей байланысты. Бұрын кубиттер кванттық күйін өте қысқа уақыт қана сақтайтын. Ал жаңа чипте бұл көрсеткіш айтарлықтай жақсарған. Мамандардың айтуынша, кубиттердің тұрақтылығы мың есеге артқан. Бұл есептеулердің сенімді әрі нақты орындалуына жол ашады.
Кванттық компьютерлердің мүмкіндігі бүгінгі дәстүрлі компьютерлерден мүлде бөлек. Олар қазір шешімі қиын, ұзақ уақыт пен үлкен ресурс талап ететін күрделі есептерді әлдеқайда жылдам орындай алады. Мәселен, жаңа дәрі-дәрмек әзірлеу, климаттың өзгерісін модельдеу, жаңа материалдар жасау, энергетика саласындағы күрделі есептеулерді жүргізу секілді бағыттарда кванттық технологияның пайдасы зор болмақ.
Бұл жетістікке жетуде Agentic AI деп аталатын жасанды интеллект жүйесінің де үлесі бар. Мұндай жүйе тапсырманы өздігінен жоспарлап, оны бірнеше кезең бойынша орындауға көмектеседі. Дегенмен ол ғалымдардың орнына шешім қабылдамайды. Жасанды интеллект үлкен көлемдегі ақпаратты талдап, маңызды байланыстарды көрсетеді, тәжірибелерді жоспарлауға және алынған нәтижелерді бағалауға жәрдемдеседі.
Microsoft мамандарының айтуынша, жасанды интеллект қазір зертханадағы күнделікті жұмыстың ажырамас бөлігіне айналып келеді. Ол өндіріс барысын бақылауға, өлшеу жұмыстарын автоматтандыруға, бұрын көзге түспеген ақауларды анықтауға және жаңа ғылыми болжамдар ұсынуға мүмкіндік береді. Кванттық чип жасау кезінде зерттеушілер жүздеген параметрді қатар бақылауы керек. Бұрын мұндай жұмыс апталап уақыт алса, енді жасанды интеллект көптеген есептеуді бір мезетте жүргізіп, процесті бірнеше есе жеделдетеді.
Сапаны арттыруға мүмкіндік береді
Majorana 2 былтыр таныстырылған Majorana 1 чипінің жетілдірілген нұсқасы саналады. Majorana 1 топологиялық асқынөткізгішті қолдануымен ғылыми ортада үлкен жаңалық ретінде бағаланған еді. Топологиялық асқынөткізгіш – кванттық есептеулерді анағұрлым тұрақты етуге мүмкіндік беретін ерекше материал. Ол материяның жаңа күйін қалыптастырып, кванттық жүйенің сыртқы әсерлерге төзімді болуына жағдай жасайды.
Алғашқы Majorana асқынөткізгішінде алюминий қолданылса, Majorana 2-де қорғасын пайдаланылған. Қорғасын әдетте ауруханалар мен өндірістік нысандарда адамдар мен жабдықтарды радиациядан қорғау үшін қолданылады. Кванттық компьютерде де оның рөлі ерекше. Қорғасыннан жасалған асқынөткізгіш нәзік кубиттерді олардың тұрақтылығын бұзуы мүмкін ғарыштық әсерлерден қорғауға көмектеседі.
Алайда жаңа материалға көшу оңай болған жоқ. Мамандарға бірқатар техникалық қиындық пен өзара үйлесім мәселесін шешуге тура келген. Соған қарамастан, бұл өзгеріс құрылғы сапасын айтарлықтай жақсартқан.
Кванттық есептеу жобасы бір ғана бағыттан тұрмайды. Оның ішінде бағдарламалық жасақтама, архитектура, дизайн, материалдар құрылымы, өндірістік процестер, өлшеу жұмыстары секілді көптеген күрделі сала бар. Бір бағыттағы өзгеріс екінші бір салаға әсер етуі мүмкін. Сондықтан мұндай жобада барлық байланысты қатар бақылау аса маңызды. Осы тұста AI агенттері зерттеушілерге күрделі әрі өзара тығыз байланысқан процестерді жүйелі түрде қадағалауға көмектеседі.
Жоба аясында жиналған дерек көлемі де орасан. Шамамен жиырма жылға жуық уақыт бойы жинақталған мәлімет әртүрлі форматта сақталған. Бұған дейін бұл деректер бөлек-бөлек жүйелерде қалып, толық пайдаланылмай келген. Ал AI агенттері осы ақпаратты қайта саралап, бұрын байқалмаған байланыстар мен заңдылықтарды анықтай алады. Мұншалықты көп деректі бір адамның түгел қамтып, терең талдауы мүмкін емес.
Microsoft бұл жаңалықпен қатар ғылыми зерттеулерге арналған Microsoft Discovery платформасын да көпшілікке ұсынды. Бұл жүйе ғалымдарға үлкен көлемдегі ақпаратпен жұмыс істеуге, жаңа болжамдар жасауға, тәжірибелерді оңтайландыруға және зерттеу нәтижесін тезірек алуға мүмкіндік береді. Компанияның мәліметінше, платформа медицина, химия, энергетика, материалтану және өндіріс салаларында кеңінен қолданыла бастаған.
Кванттық команда бірнеше елде жұмыс істейді. Олардың арасында физика, механикалық инженерия, өндірістік процестер инженериясы және басқа да сала мамандары бар. Бір адамның бәрін бірдей терең меңгеруі мүмкін емес. Бұл – пәнаралық ғылыми зерттеулерге тән ортақ мәселе. Сондықтан Microsoft командасы ақпаратты жүйелеу, талдау және оны басқа мамандарға оңай табуға мүмкіндік беру үшін арнайы AI агентін әзірлеген.
Жасанды интеллект әртүрлі саладағы білімді біріктіріп, ортақ жүйеге түсіре алады. Бұл мамандардың бір-бірінен жеке-жеке сұхбат алуына немесе өзге бағытты ұзақ уақыт зерттеуіне кететін уақытты үнемдейді. Агенттік жасанды интеллект қысқа уақыт ішінде мол ақпаратты қатар өңдеп, зерттеушілерге нақты ұсыныс бере алады. Бірақ соңғы шешімді бәрібір адам қабылдайды. Ал ғалым әрдайым процестің ішінде болады.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ