Өндіріс – өркендеудің негізі

Кейінгі жылдары еліміз­де өңірлердің эконо­мика­лық дамуына қатысты мемлекеттік саясат жаңа сипатқа ие болды. Бұрын инвестиция негізінен республикалық маңызы бар қалалар мен өндіріс­тік орталықтарға бағыт­тал­са, бүгінде экономи­калық өсімнің жаңа нүктелері облыстарда қалыптасып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, жаңадан құрылған Абай облысында қолға алынған ауқымды жобалар өңірдің ғана емес, тұтас ел эконо­микасының даму бағдарына ықпал ететін стратегиялық баста­маларға айналып отыр.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлі­баев­тың Абай облысына жұмыс са­пары барысында таныстырылған өндірістік, көлік, энергетикалық және әлеуметтік инфрақұрылым жобалары өңірдің инвестициялық әлеуеті жылдан-жылға күшейіп келе жатқанын аңғартты. Әсіресе Аягөз ауданында құны 4,5 мил­лиард АҚШ долларын құрайтын Aidarly Mining тау-кен байыту ком­бинаты құрылысының баста­луы елдегі соңғы жылдардағы ең ірі өндірістік инвестициялардың бірі ретінде бағалануда. Жобаның ерекшелігі – тек жаңа кен орны­ның игерілуінде емес. Ең алды­мен, ол Қазақстан экономи­ка­сының шикізат экспортынан өң­делген өнім өндіруге бағыттал­ған жаңа кезеңіне қадам басқанын көрсетеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше жылдан бері экономиканы әрта­раптандыру, жоғары қосылған құны бар өндірістерді дамыту жөнінде нақты міндеттер қойып келеді. Аягөздегі жаңа өндіріс сол тапсырмалардың нақты іске асып жатқанын дәлелдейді. Жоба толық қуатына шыққан кезде жылына 75 миллион тонна кен өңдеп, 226 мың тонна мыс кон­цен­траты мен 3,55 мың тонна молибден концентратын өндіреді. Бұл көрсеткіштер Қазақстанның түсті металлургия саласындағы экспорттық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қоспақ. Сарапшы­лардың пікірінше, әлемде мысқа деген сұраныс алдағы онжылдықта бірнеше есе өседі. Электромобиль өндірісі, жаңартылатын энергия көздері, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект инфра­құ­рылымы дәл осы металға тәуелді. Сондықтан бүгінде мыс өндіруге салынған инвестиция – ертеңгі экономиканың негізіне салынған капитал. Бұдан да маңыздысы – өндіріс тек кен өндірумен шектел­мейді. Жоба аясында байыту фаб­рикасы, ұсақтау кешені, энер­гетикалық және көлік инфрақұ­рылымы, инженерлік желілер, жұ­мысшыларға арналған зама­науи вахталық қалашық салы­на­ды. Демек, бұл – тұтас өндірістік экожүйе қалыптастыратын ке­шенді инвестиция.

Экономикалық тұрғыдан қа­рағанда, жобаның тағы бір ма­ңыз­ды қыры – жұмыспен қамту мә­селесі. Құрылыс кезеңінде және өндіріс іске қосылғаннан кейін үш мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл тек жұмыс­сыздық деңгейін төмендетіп қана қоймай, жергілікті халықтың табысын арттыруға, шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді. Өйткені әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ірі өнеркәсіп кә­сіпорнының айналасында қызмет көрсету, логистика, құрылыс, та­­мақтандыру және сервистік қыз­меттердің тұтас жүйесі қа­лып­та­сады. Мемлекет қазына­сы­на тү­сетін 1,43 триллион теңгеден астам салық та жобаның эконо­микалық тиімділігін айқын көр­сетеді. Бұл қаражат әлеуметтік ны­­сандар салуға, жолдарды жөн­деуге, білім беру мен денсаулық сақ­тау жүйесін дамытуға жұмса­ла­тын маңызды қаржы көзі болмақ.

Дегенмен өңірдің дамуы тек өндіріспен өлшенбейді. Абай облысында жүзеге асып жатқан инфрақұрылымдық жобалар да тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.  Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев өңірге жұмыс сапары аясында облыс әкімі Берік Уәлимен бірге Семей қала­сын­да­ғы бірқатар стратегиялық маңызы бар инфрақұрылым нысанының жұмысымен танысты. Үкімет басшысының бірінші орынбасары әуелі ТЭЦ-1 кәсіпорнына барды. Бұл – Семей қаласын жылу энергиясымен қамтамасыз ететін негізгі стратегиялық нысандардың бірі. Кәсіпорын 433 көппәтерлі тұрғын үйді, 56 әлеуметтік нысан­ды, 30 бюджеттік ұйымды, 673 ком­мерциялық кәсіпорынды және 27 410 абонентті жылумен қам­тып отыр. Облыста 2026-2027 жылдарға жылыту маусымына да­йындық аясында жалпы сомасы 13,6 млрд теңгені құрайтын 26 жобаны іске асыру жоспарланған. Сондай-ақ жалпы сомасы 4,2 млрд теңгеге 13 жылу көзіне жөн­деу жұмыстарын жүргізу көздел­ген. Оның 11-і Семей қаласында орналасқан. Бұдан бөлек, ұзын­ды­ғы 26,8 шақырым жылу желі­лерін жөндеу жоспарланған. Жо­балар толық аяқталғаннан кейін облыс бойынша жылу желілерінің тозу деңгейі төмендейді деп күті­луде. Облыс әкімі биыл Семей қаласының тарихында алғаш рет жаз мезгілінде тұрғындарға ыстық су үздіксіз беріле бастағанын айтып, бұл жылу инфрақұры­лымын жаңғырту жұмыстарының нақты нәтижесі екенін жеткізді. Айта кетерлігі, былтыр Үкіметтің қолдауымен жылыту маусымына дайындық жұмыстары аясында жалпы сомасы 12,6 млрд теңге 23 жылу орталығы мен 22 шақырым жылу желісі жөнделді. Үкімет басшысының бірінші орынбасары жылу жүйелерін жаңғырту жұ­мыс­тарының маңызын атап өтіп, қысқы жылу маусымына дайын­дықты ерте бастап, барлық ны­санды уақытылы әзірлеу қажет екенін айтты. 

«Қыс мезгіліне дайындық – өте маңызды мәселе. Бұған жақсы дайындалуымыз керек. Бірінші­ден, барлық жылу жүйесін жөн­деуден өткізіп, әлеуметтік, кәсіп­керлік нысандарды тексеру қажет. 1 қыркүйекке дейін барлық жылу жүйесі дайын болуы керек», – деді Н.Нәлібаев.

Мұндай ауқымды жұмыстар­дың нәтижесінде жылу желілері­нің тозу деңгейі бірнеше пайызға төмендейді. Бір қарағанда, бұл үлкен өзгеріс болып көрінбеуі мүм­кін. Алайда инженерлік ин­фра­құрылым саласында әрбір пайыз – жүздеген апаттың алдын алып, мыңдаған тұрғынның жайлы өмір сүруіне мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Семейдің жаңа келбетін қалыптастыратын тұрғын үй құрылысы да қарқын алып келеді. Қарағайлы ықшам­ауданында салынып жатқан 13 көп­қабатты тұрғын үйден 712 от­басы баспаналы болады деп күтілуде. Жалпы, облыс орталы­ғында бір мезгілде 31 тұрғын үйдің бой көтеруі өңірдегі құрылыс индустриясының жандана түскенін аңғартады.

Өңір экономикасының ұзақ­мерзімді дамуы үшін көлік инфра­құрылымының маңызы ерекше. Осы тұрғыдан Ертіс өзені арқылы салынып жатқан жаңа автомобиль көпірі – стратегиялық жоба.

Қазір мұндағы құрылыс-мон­таж жұмыстары 70 пайызға орын­далған. Жобада көзделген тоғыз тіректің сегізі орнатылды. Көпір төрт жолақты қозғалысқа есептел­ген, ені – 23 метр, ұзындығы 810 метр болады. Құрылысты аяқтау үшін арнаулы мемлекеттік қордан қаражат бөлінген. Ал ескі көпір халықтың серуендеуіне, дема­луына қолайлы жаяу жүргіншілер көпіріне айналады. Үкімет басшысының бірінші орынбасары көлік өткелінің стратегиялық маңызын атап өтіп, бөлінген қаражатты тиімді игеруді және көпір арқылы көлік қозғалысын биыл қамтамасыз етуді тапсырды. Көпір құрылысы аяқталған соң қаладағы көлік қозғалысы едәуір жеңілдеп, транзиттік әлеуеті ар­тады деп күтілуде. Бұл логисти­ка­лық шығындарды азайтып, ин­весторлар үшін өңірдің тар­тым­дылығын күшейтпек. Бұған қоса, бір ғасырдан астам тарихы бар Семей теміржол вокзалы қайта жаңғыртылып, заманауи талап­тар­ға сай жаңа кейіпке енбек. 1915 жылы салынған вокзал ғимара­тына соңғы рет 2013 жылы күрделі жөндеу жүргізілген. Жалпы, об­лыста он теміржол вокзалының жа­ңартылуы көлік инфрақұры­лымын кешенді дамытуға бағыт­талған мемлекеттік саясаттың жалғасы екенін көрсетеді.

Нұрлыбек Нәлібаевтың жұ­мыс сапарындағы тағы бір маңыз­ды нысан – Бесқарағай ауданын­дағы «Семей орманы» резер­ва­тының орман тұқымбағы болды. Соңғы жылдары орман өрттері табиғатқа ғана емес, экономикаға да үлкен қауіп төндіріп отырғаны белгілі. Сондықтан орман қорын қалпына келтіру  экологиялық міндетпен қатар ұлттық қауіпсіз­дік мәселесіне айналды. Кано­нер­кадағы кешеннің жыл сайын 3,18 миллион түп қарағай көшетін өсіруі – осы бағыттағы маңызды жетістік. Швед технологиясына негізделген жабық тамыр жүйесі көшеттердің жерсіну деңгейін 90 пайызға дейін жеткізіп отыр. Ал Жаңасемей ауданында салынатын жаңа тұқымбақ іске қосылса, бұл көрсеткіш екі есеге жуық өседі. Бұл бастама Абай облысының өндіріс пен экологияны қатар да­мытуға ұмтылып отырғанын аң­ғар­тады. Өйткені қазіргі заманғы тұрақты экономикалық даму та­би­ғи ресурстарды тиімді пайда­лану мен қоршаған ортаны қор­ғау­ды қатар қарастыруды талап етеді.

Жалпы алғанда, Премьер-ми­нистрдің бірінші орынбасарының жұмыс сапары барысында таныс­тырылған жобалар Абай облысы­ның бүгінгі даму бағытын айқын­дай­тын маңызды көрсеткіш бол­ды. Бір жағынан – миллиардтаған долларлық өндірістік инвести­циялар, екінші жағынан – жаңа­рып жатқан жылу жүйесі, тұрғын үйлер, көпірлер мен теміржол вок­залдары, үшінші жағынан – орман қорын қалпына келтіруге бағыттал­ған экологиялық жобалар.

Мұның барлығы бір ғана мақ­сатқа қызмет етеді – өңір эко­номи­касын әртараптандыру, ха­лық­тың әл-ауқатын арттыру және Абай облысын еліміздің жаңа эко­номикалық өсім орталық­та­рының біріне айналдыру.

Жаңа облыстың құрылғанына төрт жылға жуық уақыт өтсе де, бүгін қолға алынған бастамалар оның әлеуетінің әлі толық ашылмағанын көрсетеді. Егер жүзеге асырылып жатқан жобалар белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқталса, алдағы бірнеше жылда Абай облысы Қазақстандағы ең серпінді дамып келе жатқан ин­дустриялық өңірлердің қатарына қосылары анық.

Эльмира Жүрсінбекқызы, Абай облысы