Еріккендер сынап жатқанда, еріктілер 12 мыңға жуық отбасыға көмектесіп үлгерді – #Bizbirgemiz
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Біз біргеміз!» республикалық акциясы аясында, Елбасының тапсырмасы бойынша Nur Otan партиясы мен Тұңғыш Президент Қоры коронавирус кезеңінде халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына қолдау көрсету үшін қаражат бөлді.
Тек соңғы 6 күнде бүкіл ел көлемінде 11 600-ден астам отбасыға 214 млн теңгеге көмек көрсетілді.
Бұл тұрғыда Jas Otan волонтерлары мен белсенді нұротандықтардың ерен еңбегін ескермей кетуге болмас. Олар еліміздің барлық аймағында қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, барлық мұқтаж жандарға қажетті азық-түлікті дер уағында жеткізіп тұрды.
Тіпті мерекелік демалыс күндері де еріктілер тыным таппай, қиналған жандарға қол ұшын созды. Бүкіл әлемді жайлаған қауіпті індетке қарсы күресті адамзат тек бірігіп қана жеңе алады. Дәл солай қазақстандықтар да бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, коронавирустың таралмауына күш салса, асарлатып бір-біріне көмек қолын созса, қиыншылықты тез игерері ақиқат.
Алайда осындай қиын кезеңде үйде жатып алып, Jas Otan волонтерларының атқарған еңбегін сынап, мінеп жатқандар да табылды. Атам қазақ «алтау ала болса ауыздағы кетер, төртеу түгел болса төбедегі келер» дегенді ұрпағына бекер айтпаса керекті. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, қиын уақытта қолғабыс білдіру азаматтық парызымыз.
Біз төменде волонтерлардың атқарған сан қыруар шаруасын назарларыңызға ұсынуды жөн деп таптық. Тұрғындардың, көмекке мұқтаж жандардың көзіндегі қуанышты көру – еңбектің жемісі деп білеміз. Осындайда біз бірге екенімізді ұмытпаумыз керек.