АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы әскери операцияны кеңейту жоспарын әзірге кейінге қалдырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты The New York Times басылымына сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, Ақ үй басшысы соғыстың ушығуы АҚШ-тың Patriot әуе қорғанысы жүйелеріне арналған зымырандар мен басқа да әскери оқ-дәрілер қорының қауіпті деңгейде азаюына әкелуі мүмкін деп алаңдайды.
Мұндай шешім Трамптың ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңесшілері мен жоғары лауазымды шенеуніктерімен өткізген кеңесінен кейін қабылданған. Кездесу барысында АҚШ Қарулы күштері штаб бастықтары біріккен комитетінің төрағасы Дэн Кейн президентке әскери эскалацияның ықтимал салдары жөнінде жеке ескерту жасаған.
Сонымен қатар Вашингтонда Таяу Шығыстағы қақтығыстың ұлғаюы Парсы шығанағындағы негізгі одақтастармен қарым-қатынасты әлсіретіп, жаһандық экономикаға кері әсер етуі, сондай-ақ энергетикалық және көші-қон дағдарысын күшейтуі мүмкін деген алаңдаушылық бар.
The New York Times дерегінше, Трамптың жақын айналасындағы шенеуніктердің басым бөлігі Иранға қарсы әскери әрекетті күшейтуді тиімді шешім деп есептемейді. Олардың пікірінше, жаңа ауқымды соққылар Тегеранды келіссөздерге мәжбүрлемейді, керісінше сыртқы қысым жағдайында ел ішіндегі бірлікті нығайтуы мүмкін.