Қазақстанда цифрлық активтер индустриясын дамытуға бағытталған жаңа кезең басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ұлттық банк Президенттің тиісті Жарлығына сәйкес елдегі криптоиндустрияны кешенді жаңғырту жұмыстары қолға алынғанын мәлімдеді. Жаңа шаралар Қазақстанды Орталық Азиядағы жетекші криптохабтардың біріне айналдыруды көздейді.
Ұлттық банктің мәліметінше, құжат цифрлық активтер нарығын құқықтық тұрғыдан реттеуден практикалық іске асыру кезеңіне көшіреді. Алдағы уақытта Үкімет пен бірқатар мемлекеттік орган цифрлық активтер нарығын дамытуға арналған орта мерзімді жоспар әзірлейді. Онда нақты жобалар, оларды жүзеге асыру мерзімі және жауапты мемлекеттік органдар айқындалады.
Жоспар аясында трансшекаралық төлемдер мен ақша аударымдары үшін стейблкоиндерді пайдалану мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Сонымен қатар цифрлық активтер қызметін көрсететін провайдерлердің жұмысын кеңейту, токенизацияланған мемлекеттік облигацияларды шығару және орталықтандырылмаған қаржы (DeFi) саласын реттеу мәселелері де қамтылған.
Ұлттық банк Alatau City цифрлық инфрақұрылымын дамытуға және «Астана» халықаралық қаржы орталығымен өзара іс-қимылды кеңейтуге ерекше назар аударылатынын атап өтті. Мамандардың пікірінше, бұл халықаралық инвесторлар үшін Қазақстанның тартымдылығын арттырып, жаңа технологиялық жобаларды елге тартуға мүмкіндік береді.
Құжатта цифрлық майнингке де ерекше көңіл бөлінген. Жаңа тәсіл бойынша майнинг жобаларында автономды энергия көздерін пайдалану көзделіп отыр. Бұл электр энергиясының бірыңғай жүйесіне қосымша салмақ түсірмей, саланы тұрақты дамытуға мүмкіндік береді.
Ұлттық банктің хабарлауынша, қолға алынған реформалар Қазақстанның цифрлық экономикасын дамытуға, қаржы жүйесін жаңғыртуға және ұзақ мерзімді инвестиция тартуға бағытталған. Сонымен қатар елде цифрлық активтердің заңды айналымын кеңейту, жаңа қаржы құралдарын енгізу және халықаралық стандарттарға сәйкес реттеу тетіктерін жетілдіру жұмыстары жалғасады.
Сарапшылардың айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан цифрлық активтерді заңнамалық тұрғыдан реттеу бойынша өңірдегі алғашқы елдердің біріне айналды. Ендігі мақсат – қалыптасқан құқықтық базаны нақты экономикалық жобалар арқылы іске асырып, цифрлық қаржы нарығының толыққанды экожүйесін қалыптастыру.