Center for One Health Research халықаралық ғылыми орталығы ашылды

Ұлттық ғылым академиясы Қытай ғылым академиясымен бірлесіп зерттеу орталығын ашты.

Бүгін Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде (KazNARU) Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы мен Қытай ғылым академиясының ынтымақтастығы аясында құрылған Center for One Health Research халықаралық ғылыми орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Халықаралық ғылыми орталықтың қызметі «Біртұтас денсаулық» (One Health) тұжырымдамасы аясындағы бірлескен ғылыми-зерттеулерді дамытуға, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, микробиология, ветеринариялық медицина және қоғамдық денсаулық сақтау салаларындағы ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталады.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, Қытай ғылым академиясының академигі Гао Фу, Чжэцзян университетінің вице-президенті, профессор Ли Сяомин, сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдың жетекші ғылыми ұйымдарының басшылары, ғалымдары және сарапшылары қатысты.

Іс-шара аясында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы, Қытай ғылым академиясының Микробиология институты, Чжэцзян университеті және Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті (KazNARU) арасында ынтымақтастық туралы төртжақты меморандумға салтанатты түрде қол қойылды.

Қол қойылған меморандум бірлескен ғылыми-зерттеулер мен халықаралық жобаларды іске асыруға, ғалымдардың, профессор-оқытушылар құрамының және білім алушылардың академиялық ұтқырлығын дамытуға, сондай-ақ биологиялық қауіпсіздік, микробиология және «Біртұтас денсаулық» (One Health) тұжырымдамасын ілгерілету бағытындағы халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге негіз қалайды.

Жаңа орталық озық ғылыми-зерттеулер жүргізуге, Қазақстан мен Қытайдың бірлескен ғылыми жобаларын жүзеге асыруға, сондай-ақ «Біртұтас денсаулық» (One Health) жаһандық тұжырымдамасы аясында микробиология, жұқпалы аурулар, микробқа қарсы препараттарға төзімділік, азық-түлік және биологиялық қауіпсіздік салаларындағы ғылыми ынтымақтастықты дамытуға арналған халықаралық ғылыми платформаға айналады.

KazNARU базасында Center for One Health Research орталығының ашылуы Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми әріптестікті нығайтуда, халықаралық ғылыми-зерттеу байланыстарын кеңейтуде және адам, жануарлар мен қоршаған орта денсаулығына қатысты жаһандық сын-қатерлерге тиімді ғылыми шешімдер әзірлеуге бағытталған заманауи ғылыми инфрақұрылымды қалыптастыруда маңызды кезең болмақ.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.