Атырауда ата-аналар сарбаздың әскери өмірін өз көзімен көрді

Іс-шараға 200-ге жуық сарбаздың ата-анасы қатысып, ұлдарының әскери қызмет атқарып жатқан ортасымен жақыннан танысты.

Атырау қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5546 әскери бөлімінде «Әскер аналар көзімен» атты ашық есік күні өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Іс-шараға 200-ге жуық сарбаздың ата-анасы қатысып, ұлдарының әскери қызмет атқарып жатқан ортасымен жақыннан танысты.

Іс-шараның мақсаты – әскери бөлім қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету, ата-аналардың сұрақтарына жауап беру және сарбаздарға жасалған қызметтік әрі тұрмыстық жағдайларды көрсету.

Экскурсия барысында қонақтар казармаларды, жауынгерлік даярлық сыныптарын, психологиялық және ақпараттық-тәрбие жұмыстары жүргізілетін кабинеттерді аралап көрді. Сондай-ақ сарбаздардың әскери киім-кешегімен, тұрмыс жағдайымен және күн тәртібімен танысты. Әскери бөлім басшылығы ата-аналардың сауалдарына жауап беріп, әскери қызметтің ерекшеліктері жөнінде жан-жақты ақпарат ұсынды.

– Осындай ашық іс-шара ұйымдастырып, бәрін өз көзімізбен көруге мүмкіндік берген әскери бөлім басшылығына шынайы алғысымды білдіремін. Ұлымыздың қалай қызмет етіп жүргенін көріп, көңіліміз орнықты. Барлық сұрақтарымызға нақты жауап алдық. Барлық сарбаздарға абыройлы қызмет, ал аналарға сабыр мен амандық тілеймін, – деді сарбаздың анасы Гүлжанат Нұғманова.

Мұндай кездесулер әскери бөлім мен ата-аналар арасындағы өзара сенімді нығайтып, қоғамның әскерге деген сенімін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар бұл бастама жас сарбаздардың әскери ортаға бейімделуіне, олардың моральдық-психологиялық ахуалын нығайтуға және әскери қызметтің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.