Шавкат Рахмоновтың UFC-ге оралуы тағы кейінге қалуы мүмкін

Алдын ала болжам бойынша, қазақстандық файтер октагонға тек 2027 жылдың көктемінде оралады.

Қазақстандық жеңілмеген UFC файтері Шавкат Рахмоновтың октагонға қайта оралуы тағы кейінге шегерілуі ықтимал, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Unforgettable MMA порталының мәліметінше, спортшыны емдеп жатқан дәрігер Михаил Маркуарт медициналық штабтың Рахмоновқа 2026 жылы жекпе-жекке шығуға рұқсат бермеуі мүмкін екенін айтқан.

Алдын ала болжам бойынша, қазақстандық файтер октагонға тек 2027 жылдың көктемінде оралады.

Тізе жарақатына байланысты ұзақ уақыт ем қабылдаған Рахмонов бір жарым жылға жуық жекпе-жек өткізген жоқ. Осыған байланысты ол UFC-дің жартылай орта салмақ дәрежесіндегі ресми рейтингінен уақытша шығарылған.

Айта кетейік, Шавкат Рахмонов кәсіби мансабында 19 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен.