ЖСДП Ақмола облыстық филиалының өкілдері «Eurasia Group» ЖШС еңбек ұжымымен жұмыс кездесуін өткізді. Іс-шара ашық диалог форматында ұйымдастырылып, кәсіпорын қызметкерлері мен партия кандидаттарының басын қосты, - деп хабарлайды Aikyn.kz ЖСДП сайлауалды штабының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды мәселелер – лайықты еңбекақы, еңбек құқықтарын қорғау, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік кепілдіктер және өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму перспективалары талқыланды.
«Әрбір азамат өзінің еңбегі лайықты бағаланатынына және құқықтарының қорғалатынына сенімді болуы тиіс. Біздің бағдарламамыз – құр уәделер жиынтығы емес, халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты шешімдер. Біз бұл кездесуге тек өз бастамаларымызды таныстыру үшін ғана емес, сіздердің пікірлеріңізді тыңдау үшін де келдік», – деді кездесуді ашқан Ілияс Жанғали Ілияс.
Өз сөзінде ол «Прогресс жолындағы 20 белес!» бағдарламасының басым бағыттарына тоқталып, экономиканы дамыту, халықтың табысын арттыру, өңірлерді қолдау және мемлекеттік шешімдердің орындалуына қоғамдық бақылауды күшейту мәселелеріне ерекше назар аударды.
Әлеуметтік әділеттілік тақырыбын жалғастырған Ару Алшынбай Ару лайықты еңбек ақысы мен қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне тоқталды.
«Қауіпсіз еңбек жағдайы мен әділ еңбекақы – артықшылық емес, әрбір қызметкердің негізгі құқығы. Заманауи өндіріс еңбек қауіпсіздігі стандарттарын жетілдірумен және адам еңбегіне құрметпен қатар дамуы тиіс», – деді ол.
Кандидаттың айтуынша, мемлекеттік саясат жұмыс берушілерді қауіпсіз жұмыс орындарын құруға, өндірісті жаңғыртуға инвестиция салуға және қызметкерлерге лайықты еңбек жағдайын қамтамасыз етуге ынталандыруы қажет.
Еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік кепілдіктер мәселелері жөнінде Талғат Татиков өз сөзінде мықты экономиканың негізі – ертеңгі күніне сенімді еңбек адамы екенін атап өтті.
«Адам өз құқықтарының қорғалатынын сезінген кезде ғана болашағын сеніммен жоспарлап, отбасы құрып, туған өлкесімен тағдырын байланыстырады. Сондықтан әлеуметтік қорғау мен еңбек заңнамасының сақталуы әрдайым мемлекеттік саясаттың басым бағыты болуы тиіс», – деді кандидат.
Сондай-ақ ол қоғамдық бақылау тетіктерін дамыту мен жұмыс берушілер, мемлекет және еңбек ұжымдары арасындағы сындарлы әріптестікті нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
Іс-шараның екінші бөлігінде кәсіпорын ұжымымен ашық пікір алмасу өтті. Қызметкерлер кандидаттарға жалақы деңгейі, әлеуметтік кепілдіктер, еңбек жағдайлары, инфрақұрылымды дамыту, жас мамандарды қолдау және өңірдің экономикалық даму перспективаларына қатысты сұрақтарын қойды. Сонымен қатар еңбек қатынастарын жетілдіру және әлеуметтік қолдауды күшейту жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.
Кездесуде қойылған сауалдар бірінен бірі өткір болды. Олардың барлығы цех пен жұмыс аумағынан тыс жерде адамдарды алаңдататын нақты мәселелерге арналды. Қызметкерлер медицина саласындағы проблемаларды көтерді: дәрігерлердің тапшылығы және білікті медициналық көмектің әрдайым қолжетімді бола бермейтіні айтылды. Халықтың көшіп кетуі мәселесі де талқыланды – ауылдар босап, жастар туған жерінде жұмыс пен болашақ мүмкіндігі қалай болмақ екені сөз болды. Одан бөлек тұрғын үй құрылысы мәселесіне де ерекше назар аударылды. Жаңа жылу электр орталығын (ЖЭО) салу жоспарлары және осы жобаны жүзеге асыру барысында туындайтын қиындықтар туралы сөз қозғалды.
Кандидаттар күрделі мәселелерден жалтармай, барлық айтылған ұсыныстарды бір реттік шағым ретінде емес, сайлаушылардың нақты тапсырмасы ретінде қабылдайтындарын атап өтті. Бұл мәселелер партияның алдағы жұмысының негізіне, ал сайланған жағдайда ЖСДП депутаттарының қызмет бағыттарына айналады.
Кандидаттар кәсіпорын ұжымына ашық әңгіме үшін алғыс білдіріп, дәл осындай кездесулер азаматтардың нақты сұраныстарына негізделген шешімдер қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.