«Қуанышым қойныма сыймайды»: Ерке Есмахан жан сырын ақтарды

Өнер иесі бұл жоба қазіргі көңіл күйі мен ішкі әлемінің көрінісі екенін айтты.

Әнші Ерке Есмахан жаңа музыкалық альбомын таныстырды, – деп жазды Aikyn.kz.

Өнер иесі бұл жоба қазіргі көңіл күйі мен ішкі әлемінің көрінісі екенін айтты. Альбомға тоғыз ән енген. Олардың қатарында “Наз”, “Бұрымы аппақ Анашым”, “Әлди-әлди”, “Гүлдер-ай”, “Тарам-тарам”, “Бақытты қыз”, “Сен”, “Өзіңді сүй” және “Алматы” композициясы бар.

Сонымен қатар бұл жоба қазақ музыкасының тарихында өзіндік орны бар өнер майталмандарына деген құрметтің белгісі екенін атап өтті. Сондықтан альбомдағы әр әнге жеке бейнебаян түсірілген.

«Кино түсіргендей болдық. Бұл альбом - менің дәл қазіргі ішкі әлемім, өмірім. Жүрегім нені қалады, жаным нені сезеді, соны экран бетіне шығардым. Сіздер көрген дүние - ұзақ еңбектің соңғы нәтижесі ғана. Оның артында күн-түн демей еңбек еткен үлкен команда тұр. Осы жобаның бас продюсері Райм бастап, ұжымдағы әр адамның бұл альбомда өз қолтаңбасы, өз жүрегі, маңдай тері бар. Дәл қазір арқамнан жүк түскендей күй кешіп отырмын. Қуанышым қойныма сыймайды. Осы жоба маған ерекше шығармашылық ләззат сыйлады. Енді әндерді тыңдап, бейнебаяндарды көргеннен кейінгі әсерлеріңізбен бөлісіңіздер”, – деп жазды өнер иесі.

Желі қолданушылары сапалы дүние жарыққа шыққанын айтып, шығармашылық табыс тіледі.

«Ән жүрекке жетті. Әрқайсысының өзіндік мағынасы бар», «Өз ісінің шебері», «Мынадай әнге бейнебаян көрмегелі қай заман», - деп жазды желі қолданушылары.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.