Қазақстанның Біріккен аралас жекпе-жек (ММА) федерациясының мемлекеттік аккредиттеуден айырылуына байланысты жағдай ел шеңберінен шығып, халықаралық деңгейде кең резонанс тудырды. Федерацияны қолдап, әлемдік және ұлттық жетекші спорт ұйымдары мәлімдеме жасады. Олар қалыптасқан жағдайға алаңдаушылық білдіріп, Қазақстандағы әуесқой ММА-ны дамытудың заңды жүйесін сақтап қалуға шақырды, - деп хабарлайды Aikyn.kz сайты ММА федерациясы баспасөз қызметіне мсілтеме жасап.
Халықаралық IMMAF федерациясы Қазақстан Республикасының Президентіне және ҚР Туризм және спорт министрлігіне ресми түрде жүгініп, қазақстандық ММА дамуының сабақтастығын сақтауға және спортшыларды даярлаудың қолданыстағы жүйесінің бұзылуына жол бермеуге шақырды. Сонымен қатар IMMAF тек Қазақстанның Біріккен ММА федерациясын танитынын, ал жаңадан құрылған ұйымның халықаралық әуесқой спорт жүйесіне кірмейтінін растады.
Өкінішке қарай, халықаралық спорт қауымдастығының ұстанымы бүгінге дейін тиісті деңгейде ескерілген жоқ. Алайда бұл жерде әңгіме екі ұйым арасындағы дау туралы ғана емес, ұзақ жылдар бойы Қазақстанға халықаралық мойындау әкелген тұтас спорт түрінің болашағы туралы болып отыр.
Еске сала кетейік, Туризм және спорт министрлігі Федерацияның мемлекеттік аккредиттеуін Ұлттық олимпиадалық комитет тарапынан мойындаудың болмауына байланысты тоқтатты. Алайда ММА — олимпиадалық емес спорт түрі, ал қолданыстағы заңнамада құқықтық қайшылық қалыптасқан. Себебі Олимпиадалық хартия Халықаралық олимпиадалық комитет мойындағанға дейін неолимпиадалық спорт түрлерін ұлттық олимпиадалық комитеттердің тануын көздемейді. Соған қарамастан, дәл осы жағдай Федерация қызметінің іс жүзінде тоқтатылуына негіз болды.