Жалпы, Қызылордадағы тұрғын үй құрылысы әлеуметтің баспана мәселесінің оңтайлы шешілуіне сеп болып тұр. Сәт сайын өңірде мемлекеттік қаржыландыру тетіктерімен және инвестиция есебінен көптеген тұрғын үй бой көтеріп, жаңа ықшамаудандар қалыптасты. Бұл бірінші кезекте пәтер жағалаған жергілікті жұртшылықтың басты арманының ақиқатқа айналуына жол аша түсті. Сонымен қатар апатты үйлер мәселесі де кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Әсіресе, Қызылорда қаласының сол жағалауынан сәні мен салтанаты келіскен зәулім ғимараттар салынып, қоныстанушылар қатары жыл санап арта түсуде.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, кейінгі жылдары дарияның сол жағалауына жағалай қоныстанған жаңа қалада құрылыс қарқыны жоғары. Жыл сайын жаңа ғимараттар бой түзеп, тұрғын үй кешендерінің саны артып келеді.
Қызылорда қаласы әкімдігінің дерегіне сәйкес, бүгінде сол жағалауда 7, 9 және 12 көпқабатты заманауи тұрғын үйлер салынып, әлеуметтік осал топтағы азаматтар мен тұрғын үй кезегінде тұрған жамағатқа арендалық және несиелік негізде кезең-кезеңімен табысталуда. Мәліметке сәйкес, 2025-2026 жылдары 1 200-ден астам арендалық пәтер пайдалануға беріліпті. Осы орайда тұрғын үйге кезекке қою Отбасы банк арқылы жүзеге асырылып жатқанын да айта кеткен абзал.
Бір сөзбен айтқанда, Сыр шаһарында баспанамен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Дейтұрғанмен, мұнымен мәселе түбегейлі шешілді деп айту әлі ерте. Өйткені өңірде тұрғын үйге сұраныс әді де жоғары екені байқалады. Бір ғана дерек келтірсек, 2026 жылдың өзінде Қызылорда қаласында ғана 34 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұрғаны жайында ақпарат айтылады. Бұл облыс орталығында жаңа үйлер көптеп салынғанымен, әлі де халықтың баспанаға сұранысын толық өтемей тұрғанын аңғартады. Сонымен қатар құрылыс сапасы мен тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мәселесі де өзектілігін жоймай тұр. Мұны жаңа ықшамаудан тұрғындарының базынасынан да байқауға болады.
Ең алдымен, сол жағалаудағы көпқабатты тұрғын үйлердің басым бөлігінде аулалар тар, автокөлік тұрағы аз немесе мүлде қарастырылмаған және балалардың ойын алаңдарының талапқа сай еместігі жайында сын-ескертпелерді жиі естиміз. Сол сияқты жарықтандыру мәселесі толық шешілмеген аумақтар да аз емес.
«Бірнеше жылдан бері Қызылорданың сол жағалауындағы жаңа шағынауданда тұрамыз. Мемлекеттің қолдауымен апатты үйден жаңа баспанаға көшірілгенімізге ризамыз. Дегенмен тұрғын үй кешенінің ауласындағы бірқатар кемшіліктер алғашқы күннен-ақ байқалды.
Ең өзекті мәселенің бірі – аула ішіндегі жолдардың тарлығы. Бір жолмен әрі жаяу жүргіншілер, әрі балалар, әрі көліктер қатар қатынайды. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігіне айтарлықтай қатер төндіреді. Сондықтан мұндай аумақтарға көлік қозғалысын баяулататын жасанды жол кедергілерін орнатып, қажетті жол белгілерін қою қажет деп есептеймін.
Сонымен қатар тұрғын үйлердің аулаларына бейнебақылау камераларын орнату да бүгінгі күннің талабы. Жуырда ғана біздің №65 үйдің ауласында 12 және 3 жастағы екі баланы көлік қағып кетті. Екі бала да түрлі дене жарақатын алды. Абырой болғанда, адам шығыны болған жоқ. Алайда бұл жағдай аула ішіндегі қауіпсіздік мәселесінің қаншалықты өзекті екенін көрсетті.
Егер бұл кемшіліктер дер кезінде жойылмаса, тар жолдарда жылдамдықты шамадан тыс асыратын жүргізушілердің кесірінен орны толмас қайғылы оқиғалардың көбею қаупі жоғары. Сондықтан жауапты мекемелер тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс- тарды жедел қолға алуға тиіс», – дейді сол жағалау тұрғыны Сапарбек Ерімбетов.
Сонымен қатар тұрғындар тұрғын үй аумағын көгалдандыру жұмыстары формалды сипатта қалып тұрғанын тілге тиек етті. Бұл тұрғыда ағаш отырғызу мен жасыл аймақтарды күтіп-баптау ісінде солқылдақтық сипат алып тұр деген пікірде. Бұған қоса, кейбір жаңа ықшамаудандарда кәріз және жаңбыр суын ағызу жүйелерінің, аяқсу арналарының сапасына тұрғындар тарапынан жиі сын айтылады. Жарықтандыру мен тазалық мәселесінде де кемшіліктер менмұндалап тұр.
«Сол жағалаудағы ең өзекті мәселенің бірі – көшелердің жарықтандырылуына қатысты болып тұр. Мәселен, өзім тұратын шағынауданда былтыр пайдалануға берілген «Қайсар Арена» стадионынан басталатын Иса Тоқтыбаев көшесі бірнеше жылдан бері түнгі уақытта қараңғы күйде тұр. Осы көшемен қиылысатын Ғафур Мұхамеджанов көшесінде де жарықтандыру мәселесі шешімін таппай келеді.
Бұдан бөлек, үйіміздің іргесіндегі Сырдария жағалауының санитарлық жағдайы да көңіл көншітпейді. Кешкілік серуендейтін тұрғындарға арналған орындықтар орнатылмаған, қоқыс жәшіктері мүлде жоқ. Соның салдарынан өзен жағасы біртіндеп қоқыс жиналатын орынға айналып барады. Бұл мәселелерді жауапты мекемелерге бірнеше рет жеткізгенімізбен, әлі күнге дейін нақты нәтиже көріп отырған жоқпыз», – дейді сол аумақтың тұрғыны Райса Сыздықова.
Негізінде, қала құрылысы талаптарына сүйенсек, тұрғын үй кешендері инженерлік инфрақұрылыммен, балалар ойын алаңдарымен, автотұрақпен, көгалдандыру және абаттандыру элементтерімен кешенді түрде қамтамасыз етілуі тиіс екен. Оның ішінде негізгі талаптарды тізбектеп шықсақ, ауланың кең болуы, тұрғындардың демалуына, балалардың қауіпсіз ойнауына және арнайы техникалардың еркін жүруіне жеткілікті кеңістік қарастырылуы басты міндет саналады. Бұл тұрғыда балалардың ойын және спорт алаңдары тұрғындар санына сай жабдықталуы қажет. Сонымен қатар автотұрақтар балалар алаңына немесе жаяу жүргіншілер жолына кедергі келтірмеуі маңызды. Бұған қоса, көгалдандыру жұмыстары басты міндет саналады. Яғни аулаға жасыл желектер мен гүлзарлар отырғызылып, көгалдарды суару жүйесі талапқа сай жүргізілуі шарт. Ал жарықтандыру бағаналары ауланың кіреберістерін, жаяу жүргіншілер жолдарын және автотұрақтарды толық қамтуы, инженерлік инфрақұрылым тұрғын үй пайдалануға берілгенге дейін толық дайын болуға тиіс. Ең бастысы, қауіпсіздік талаптары қатаң сақталып, аулаға жедел жәрдем мен өрт сөндіру техникасының еш кедергісіз кіруіне барлық жағдай жасалуы керек.
Бірақ құрылыс алаңына айналған Қызылорда қаласында кейінгі жылдары салынған тұрғын үй кешендерінде осы талаптардың барлығы бірдей орындалды деп айту қиын. Соның салдарынан қара халық зардап шегіп, көпшіліктің құрылыс сапасына қатысты ашу-ызасын туғызып тұрғаны жасырын емес.
Қорыта айтқанда, тұрғындар тұрғын үй құрылысын жүргізуде жоғары сапаға мән берілсе деген талабын жеткізіп отыр. Алдағы уақытта жауапты орындар саннан сапаға көшетін сәт келгенін түсініп, аталған кемшіліктер қалпына келтіріледі деп үміттенеміз.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы