Бүгінде Алакөл – еліміздегі ең танымал демалыс орынының бірі. Маусым қызған шақта көл жағалауына тәулігіне 30 мыңға дейін турист келеді. Мұндай ағын өңірдің инфрақұрылымын заман талабына сай жетілдіруді талап етеді. Соңғы екі жылда жағалаудағы көшелердің 10 шақырымына жаңа асфальт төселіп, бес шақырымдық велосипед жолы толық жаңғыртылды. Тоғыз жыл бойы жөндеу көрмеген көшелер ретке келтіріліп, жағалаудың жарықтандыру жүйесі де айтарлықтай жақсарды. Биыл төрт шақырым аумаққа жарық бағандары орнатылып, бұрын жарық болмаған көшелер электр желісіне қосылды. Сонымен бірге демалыс аймағына малдың кіруіне жол бермеу үшін Алакөл мен Қабанбай ауылы аралығындағы 11 шақырым жағалау қоршаумен қамтылды.
Қауіпсіздік мәселесіне де ерекше назар аударылған. Биыл жағалауға жасанды интеллект технологиясымен жұмыс істейтін 224 бейнебақылау камерасы орнатылды. Ақылды жүйе тәулік бойы қоғамдық тәртіпті бақылап, құқықбұзушылықтар мен төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Ал дауысзорайтқыштар арқылы демалушыларға қауіпсіздік ережелері мен тазалықты сақтау жөнінде тұрақты ескерту жасалады. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін туристік маусымда 57 полиция қызметкері қызмет атқаруда. Бұдан бөлек, Төтенше жағдайлар департаментінің 20 құтқарушысы мен 10 ерікті құтқарушы тәулік бойы кезекшілік етеді. Су айдынында ұзындығы бес мың метр болатын қауіпсіздік буйлары орнатылып, 10 құтқару мұнарасы, екі пирс, екі медициналық және алты ақпараттық пункт жұмыс істеп тұр. Демалушылардың жайлылығы да назардан тыс қалған жоқ. Жағалауда санитарлық тораптар, душ кабиналары, киім ауыстыру орындары, қоқыс контейнерлері орнатылып, тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесі жаңартылды. Ескі қоқыс полигоны рекультивацияланып, жаңа полигонға тоғыз гектар жер бөлінді. Қоқысты тәулігіне екі рет шығару жүйесі енгізіліп, санитарлық талаптардың сақталуына жағдай жасалды.
Туризмді дамыту бағытындағы жұмыстар тек Алакөлмен шектелмейді. Семей қаласындағы «Заря», «Қалалық» және «Затон» жағажайлары толық жаңартылып, құтқару мұнаралары, медициналық пункттер, шезлонгтар, күннен қорғайтын қолшатырлар, биодәретханалар, киім ауыстыру кабиналары және қауіпсіз шомылу аймақтары жабдықталды. Бүгінде бұл жағажайлар тұрғындар мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналып келеді.
Өңірдің өзге туристік аймақтарында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Шүлбі су қоймасы жағалауында қажетті санитарлық және демалыс инфрақұрылымы қалыптастырылса, Бесқарағай ауданындағы Шипалы көлде электр желілерін тарту, сумен жабдықтау және тұрмыстық қалдықтар полигонын салу жобалары жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастамалар шалғай туристік нысандардың әлеуетін арттырып, қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Цифрлық сервистерді дамыту бағытында да маңызды қадам жасалды. Туристерге сапалы ақпараттық қолдау көрсету мақсатында Visit Abai коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, Abai Travel мобильді қосымшасы іске қосылды. Қосымша арқылы өңірдің туристік бағыттары, қонақүйлер, демалыс орындары мен көрсетілетін қызметтер туралы қажетті мәліметтерді алуға болады.
Туристік маусымның қызған кезеңінде облыс әкімі Берік Уәли барлық жауапты мемлекеттік органдар мен аудан, қала әкімдеріне қауіпсіздік, санитариялық тазалық, медициналық қызметтің қолжетімділігі және инженерлік инфрақұрылымның үздіксіз жұмысын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
– Жазғы туристік маусымның қызған кезеңіне аяқ бастық. Әсіресе, Алакөл жағалауында келушілер саны айтарлықтай артты. Сондықтан туристердің қауіпсіздігі, санитариялық тазалық, инженерлік инфрақұрылымның үздіксіз жұмысы мен көрсетілетін қызметтердің сапасы ерекше бақылауда болуыға тиіс. Туризм – өңір экономикасының маңызды бағытының бірі. Әрбір жауапты мемлекеттік орган мен аудан, қала әкімдері туристік маусымның қалыпты өтуіне тікелей жауапты, – деді облыс әкімі.
Абай облысында қолға алынған бұл жұмыстар туризмді дамытуға кешенді көзқарастың қалыптасқанын көрсетеді. Инфрақұрылымның жаңаруы, қауіпсіздік жүйесінің күшеюі және цифрлық технологиялардың енгізілуі өңірдің туристік тартымдылығын арттырып қана қоймай, жаңа инвестиция тартуға, жұмыс орындарын ашуға және ішкі туризмнің дамуына серпін береді.
Эльмира Жүрсінбекқызы