Дамуы баяу сала
Қызылорда облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінде өңірде жалпы аумағы 12,1 гектарды құрайтын 21 жылыжай ғана жұмыс істейді. Оның ішінде ең ірі жобалардың бірі – «КазАгроМир» серіктестігінің толық автоматтандырылған екі гектарлық жылыжай кешені жоғары маңызға ие. Алайда өңірдегі барлық жылыжай облыс тұрғындарының көкөніске деген сұранысының небәрі 1,5 пайызын ғана өтей алады. Бұл өте төмен көрсеткіш.
Сондықтан облыс халқы тұтынатын көкөністің басым бөлігі Түркістан, Алматы облыстары мен көрші Өзбекстаннан жеткізіледі. Ал сырттан келетін өнімнің бағасы тасымал шығынына, жанар-жағармай құнына, делдалдардың үстеме бағасына және маусымдық өзгерістерге тәуелді болатыны айтпаса да түсінікті. Соның салдарынан нарықтағы баға тұрақсыз күйінде қалып отыр.
Негізі, Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін дамыту, импортқа тәуелділікті азайту жөнінде ұдайы назарға алып, нақты тапсырма беріп келеді. Алайда бұл міндет Қызылорда үшін әлі күнге дейін өзектілігін жойған емес.
Жыл өткен сайын Сыр өңірінің ауыл шаруашылығы бұрынғыдай тек күрішке арқа сүйей алмайтыны өз дәлелін тауып келеді. Оған соңғы жылдары Сырдариядағы су көлемінің азаюы айғақ. Мұндай жағдай алдымен егіс құрылымын өзгерту талабын күшейте түсті.
Жалпы, аз сумен мол өнім беретін тәсіл бірінші кезекте жылыжай технологияларының маңызын арттыра түсті. Яғни жылыжай шаруашылығын жүйелеп, халықты жергілікті өніммен қамтамасыз ету талабы өздігінен сұранып тұр. Алайда бұл саланың дамуын тежеп тұрған түйткіл әлі де аз емес.
Сарапшылар пікіріне сәйкес, жылыжай шаруашылығын дамытуға ең алдымен – энергия құнының шарықтауы салқынын тигізеді. Әсіресе қыс мезгілінде жылыжайды жылыту үшін табиғи газ бен электр энергиясы үздіксіз қажет. Ал электр энергиясының қымбаттығы өнімнің өзіндік құнын өсіріп, жергілікті өндірушілерді арзан импортпен бәсекелесе алмайтын күйге түсіреді.
Сонымен қатар шаруашылық ісін ілгерілетуге инвестиция тапшылығының да кері ықпалы зор. Бұл тұрғыда жеңілдетілген несиелер қарастырылғанымен, кепілдік талаптары мен қаржыландыру шарттары көптеген кәсіпкердің бұл салаға келуіне мүмкіндік бермейді деп есептейді. Сол сияқты кадр мәселесіне қатысты түйткіл де өз алдына бір төбе. Өйткені қазіргі жылыжайларда көп жағдайда автоматтандырылған климаттық жүйе, цифрлық басқару, тамшылатып суару технологиялары кеңінен қолданылады. Соған сәйкес, тәжірибелі агрономдармен қатар инженерлер мен IT-мамандарға деген сұраныс жоғары. Ал қоғамда мұндай кадрлардың тапшылығы анық сезіледі.
Соған қарамастан салада оң үрдістер де жоқ емес. Басқарма тарапынан өңірдегі өміршең жобалар мен игі бастамалар төңірегінде тізбектеп шықты.
«Қызылорда облысында жылыжай шаруашылығын дамытуға бағытталған бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Оның ішінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында облыста 34 шағын жылыжай іске қосылды. Бұл ауыл тұрғындарының кәсіппен айналысуына мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар жуырда облыс әкімдігі Түркияның TIMFOG Engineering компаниясымен заманауи жылыжай кешендерін салу жөнінде келіссөз жүргізді. Сондай-ақ «Фабе-Агро» және «Мелиоратор» компанияларының қатысуымен жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Бұл бастамалар өңірде жылыжай жұмысын дамытуға үлкен сеп болары сөзсіз», – дейді басқарма тарапынан.
Мұндай бастамалар Сыр халқының үмітін еселей түсті. Дегенмен халықтың басты талабы инвесторлармен келісім жасаумен шешілмейді. Халыққа нәтижелі жұмыс пен дүкен сөрелеріндегі қолжетімді бағадағы жергілікті өнім қажет.
Мүмкіндік мол, еңбек аз
Ұзақ жылдан бері жылыжай ісімен айналысып келе жатқан тәжірибелі маман Ақерке Тәжекеева өңірдің табиғи-климаттық жағдайы бұл саланы дамытуға толық мүмкіндік береді деп есептейді.
Оның айтуынша, Қызылорда облысында жылыжай шаруашылығының әлеуеті толық пайдаланылып отырған жоқ. Қазір жұмыс істеп тұрған жылыжайлардың басым бөлігі шағын болғандықтан, өңір тұрғындарының сұранысын толық қамтамасыз ете алмайды. Соның салдарынан көкөніс өнімдерінің едәуір бөлігі Шымкент, Сарыағаш және өзге өңірлерден тасымалданады деген пікірін білдірді.
«Көпшілік тарапынан Қызылорданың қатал климаты жылыжай шаруашылығын дамытуға қолайсыз деген пікір айтылады. Мен бұл тұжырыммен келіспеймін. Қызылорданың табиғаты көршілес Түркістан облысынан айтарлықтай ерекшеленбейді. Күн сәулесі мол түсетін өңір болғандықтан, көкөніс-бақша өнімдерін өсіруге барлық мүмкіндік бар. Ең бастысы, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауды күшейтіп, жылыжай салуға жасалатын жағдайды кеңейту қажет. Сонда ғана өңірдің өз өнімін көбейтіп, сыртқы нарыққа тәуелділігін азайтуға болады», – дейді маман.
Бүгінде білікті маманның иелігінде 3-4 шағын жылыжай бар. Алайда олардың қуаты облысты көкөніс және бақша өнімдерімен толық қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Сондықтан өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін жылыжай алқаптарын ұлғайту қажет деген пікірде.
«Жылыжайда тек қызанақ, қияр секілді дәстүрлі дақылдарды ғана емес, банан, мандарин, лимон, апельсин, киви және басқа да цитрус жемістерін жерсіндіріп, өсіріп келемін. Бұл Қызылорданың табиғи-климаттық жағдайы жылыжай шаруашылығын дамытуға қолайлы екенін іс жүзінде дәлелдейді. Өз шаруашылығымнан бөлек, облыста жылыжай кәсібін бастаған азаматтарға тәжірибеммен бөлісіп, ақыл-кеңес беріп келемін. Жаңа кәсіпкерлерге жылыжай салып беріп, оларды бір жылға дейін осы саланың қыр-сырына баулимын. Жылыжай шаруашылығымен айналысып келе жатқаныма 30 жылға жуық уақыт болды. Барлық жылыжайымда су үнемдеуге мүмкіндік беретін тамшылатып суару технологиясы қолданылады. Бүгінде өңірдегі көптеген жылыжайдың қалыптасуы мен дамуына менің де еңбегім сіңді деп сеніммен айта аламын. Сондықтан Қызылорда облысында жылыжай шаруашылығын дамыту үшін мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылай қолдау мен жеңілдетілген несиелердің көлемін ұлғайтып, саланы кешенді түрде қолдау қажет деп есептеймін», – дейді агроном, ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрі, «Болашақ» университетінің аға оқытушысы Ақерке Кеңесбайқызы.
Маманның пікірінше, Сыр өңірінің табиғи әлеуеті жылыжай жұмысын жыл бойы жүргізуге мүмкіндік береді. Сондықтан маусымдық өнім өндірумен шектелмей, мемлекеттік қолдау аясында жыл бойы халықты қолжетімді бағамен қамтамасыз ететін заманауи жылыжай өндірісін дамытуға көшу керек деп есептейді. Соның нәтижесінде Сыр елінің сырттан келетін көкөніске телмірмей, өзін-өзі жергілікті өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндігі артар еді.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы