Осы жұмыстардың маңызды алаңдарының бірі – Шымкент қаласында ұйымдастырылған «Қазақстанның үздік тауары – 2026» және «Бір ауыл – бір өнім» өңірлік көрме-байқаулары. Ауқымды іс-шараға 120-дан астам жергілікті тауар өндіруші қатысып, өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды.
Көрме қала әкімдігі мен Кәсіпкерлер палатасының бірлесіп ұйымдастыруымен өтті. Негізгі мақсат – отандық тауар өндірушілерді қолдау, кәсіпкерлердің өндірістік мүмкіндіктерін көрсету, жергілікті өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ынталандыру және жаңа бизнес бастамаларға жол ашу. «Көрме» орталығында ұйымдастырылған шарада тамақ өнеркәсібі, фармацевтика, машина жасау, химия, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы және басқа да өндіріс салаларының өкілдері өз өнімдерін таныстырды. Көрмеде ұсынылған тауарлардың арасында күнделікті тұтынуға қажетті өнімдермен қатар, заманауи технология негізінде өндірілген инновациялық тауарлар да бар.
Шымкент халқы тығыз орналасқан ірі мегаполис қана емес, сонымен қатар агроөнеркәсіп кешенін дамытуға мүмкіндігі мол өңір. Қаланың ауыл шаруашылығы бағытындағы аумақтарында еңбек ететін шаруалар мен кәсіпкерлер азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ішкі нарықты отандық өніммен қамтуға өз үлесін қосып келеді. Бүгінде агроөнеркәсіп кешенін дамыту тек ауыл шаруашылығы өнімін өндірумен шектелмейді.
Бұл – егістіктен бастап дайын өнімді тұтынушыға жеткізуге дейінгі тұтас өндірістік тізбекті қалыптастыруды талап ететін кешенді бағыт. Сондықтан Шымкентте ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, сақтау және логистика жүйесін жетілдіру, заманауи технологияларды енгізу мәселелеріне де басымдық берілуде.
Әсіресе жергілікті жерде өндірілген өнімді терең өңдеу агроөнеркәсіп кешенінің қосылған құнын арттыратын маңызды фактор. Мәселен, ауыл шаруашылығы шикізатын тек бастапқы өнім ретінде сатумен шектелмей, оны өңдеп, дайын тауарға айналдыру жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті кеңейтуге және жергілікті бюджетке түсетін түсімді арттыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте тамақ өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп кешені өзара тығыз байланысты. Көрмеге қатысқан жергілікті өндірушілердің өнімдері осы бағыттағы әлеуеттің жоғары екенін көрсетті. Олардың қатарында азық-түлік өнімдерін өндіретін, ауыл шаруашылығы шикізатын өңдейтін, дайын өнім шығаратын кәсіпкерлер бар.
Жергілікті өнімнің көлемін арттырумен қатар, оның сапасына да қойылатын талап күшейіп келеді. Себебі қазіргі нарықта тұтынушы үшін өнімнің қолжетімді бағасы ғана емес, сапасы, қауіпсіздігі, экологиялық тазалығы және өндірістің заманауи стандарттарға сәйкестігі де маңызды. «Қазақстанның үздік тауары – 2026» байқауының ерекшелігі – оған нарықта өзіндік орны қалыптасқан ірі кәсіпорындармен қатар, өндірісін енді бастап жатқан кәсіпкерлердің де қатысуы. Бұл отандық бизнестің дамуына жаңа серпін беріп, кәсіпкерлерге өз өнімдерін кең аудиторияға таныстыруға мүмкіндік береді.
Көрме жұмысына Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, Үндістан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Сайлас Тхангал бастаған делегация, бизнес қауымдастығы мен қала тұрғындары қатысты.
Шара барысында сөз сөйлеген қала әкімі Ғабит Сыздықбеков өңірде өндірісті дамыту мен жергілікті кәсіпкерлерді қолдау қала экономикасының стратегиялық бағыты екенін атап өтті: «Шымкент қаласында біз ең алдымен жергілікті өндірісті күшейтуге, шағын және орта бизнесті дамытуға және агроөнеркәсіп кешенін жаңа деңгейге көтеруге басымдық беріп отырмыз. Бүгінгі көрме соның нақты нәтижесі. Мұнда өз ісін дамытып отырған кәсіпкерлердің еңбегі, табандылығы және жаңашылдығы көрініс табуда. Қала әкімдігі тарапынан біз әрбір бастаманы қолдауға, өндіріс көлемін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған жүйелі жұмыстарды жалғастыра береміз», – деді қала әкімі.
Шараның халықаралық деңгейдегі қонақтардың қатысуымен өтуі де жергілікті өндірістің әлеуетін кеңінен танытуға мүмкіндік берді. Себебі қазір отандық кәсіпкерлер үшін ішкі нарықпен қатар, экспорттық бағыттарды игеру, халықаралық талаптарға сай өнім шығару және шетелдік серіктестермен байланыс орнату аса маңызды.
Іс-шара аясында «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылардың арнайы көрмесі де ұйымдастырылды. Жоба жергілікті ерекшеліктерге сүйене отырып, ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға және өңірге тән өнімдерді дамытуға бағытталған. Мұндай бастамалардың маңызы зор. Себебі әрбір өңірдің табиғи, ауыл шаруашылығы және өндірістік ерекшелігіне қарай өзіндік бренді қалыптасуы мүмкін. Бір жерде ауыл шаруашылығы өнімдері басым болса, енді бір өңірде қолөнер, тамақ өндірісі немесе ұлттық өнімдер кеңінен дамуы ықтимал.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы осы мүмкіндікті тиімді пайдалануға жол ашады. Жергілікті шикізатты пайдаланып, оны өңдеп, нарыққа дайын өнім ретінде ұсыну арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға және жаңа кәсіп түрлерін қалыптастыруға мүмкіндік бар. Шымкент үшін бұл бағыттың әлеуеті жоғары. Мегаполистің айналасындағы елді мекендерде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысатын шаруашылықтар мен шағын кәсіп иелері бар. Оларды заманауи технологиялармен қамтамасыз ету, қаржыландыруға қолжетімділігін арттыру, өндірілген өнімді өткізу нарығын кеңейту және қайта өңдеу кәсіпорындарымен байланыстыру агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізгі тетіктерінің бірі.
Қазір агроөнеркәсіп саласының бәсекеге қабілеттілігі технологиялық жаңаруға тікелей байланысты. Су үнемдеу технологиялары, автоматтандырылған өндіріс, заманауи қойма жүйелері, цифрлық есеп және логисти-
ка – өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар цифрлық технологияларды енгізу арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің қозғалысын бақылап, өндіріс көлемін жоспарлап, сұранысты зерделеп және өнімді өткізу тізбегін тиімді ұйымдастыруға болады. Бұл өз кезегінде агроөнеркәсіп кешенін жаңа деңгейге көтеріп, өндіруші мен тұтынушы арасындағы байланысты нығайтады.
Шымкенттің агроөнеркәсіп кешенін дамытуда тағы бір маңызды бағыт ғылыми тәсілдер мен инновацияларды өндіріске енгізу. Өнімділікті арттыру, климаттық жағдайларға бейімделген технологияларды пайдалану, жаңа сорттарды енгізу және өндірістің тиімділігін арттыру арқылы жергілікті шаруалардың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге болады.
Шымкентте ұйымдастырылған көрме-байқау осы бағыттағы жұмыстардың бір ғана мысалы. Мұндай алаңдар кәсіпкерлерге өз өнімдерін таныстырып қана қоймай, нарықтағы жаңа мүмкіндіктерді бағалауға, тәжірибе алмасуға және болашаққа жоспар құруға жол ашады. Шымкенттің өндірістік және агроөнеркәсіптік әлеуетін тиімді пайдалану арқылы жергілікті өнім көлемін арттыруға, қайта өңдеу үлесін көбейтуге және отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге болады. Ал бұл өз кезегінде қаланың экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы