Қазақстан Халық партиясы білім саласындағы өзекті мәселелерді талқылады

Сапалы білім – адам капиталына салынған ең тиімді инвестиция.

Білім беру саласындағы өзекті мәселелер мен мұғалімдерді қолдау тақырыбы Қазақстан Халық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттардың елордадағы Alpamys School жекеменшік мектебінің педагогтары және қызметкерлерімен өткен кездесуінде кеңінен талқыланды.

 ҚХП төрағасы сапалы отандық білім беру партия бағдарламасының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

– Бүгін сіздердің алдарыңызда осы құндылық үшін күресуге дайын адамдар тұр, – деді Нұрсұлтан Шоқанов әріптестерін таныстыра. – Біз олардың мүмкіндігі кеңейгенін, өз ұстанымдарын бұрынғыдан да тиімді қорғауға мүмкіндік беретін саяси тұғыр мен мінберге ие болғанын қалаймыз.

Қазақстан Халық партиясы не ұсынады? Қолданыстағы білім беру жүйесіндегі кемшіліктер мен олқылықтарды жоюды, бюрократиядан гөрі парасатты шешімдердің басым болуын және ұстаздардың еңбегіне лайықты баға беруді ұсынды. Бұл туралы ҚХП-дан Құрылтай депутаттығына кандидат, бұрынғы сенатор Ләззат Сүлеймен жан-жақты баяндады. Оның сөзін партия төрағасының орынбасары, кандидат Лейла Күленова қолдады.

Ол ҚХП жекеменшік білім беру ұйымдарына нақты қолдау көрсеткен еліміздегі жалғыз партия болғанын атап өтті. Үкімет тиісті нормативтік-құқықтық база қалыптастырмай тұрып, бұл салада лицензиялау мен жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесін енгізуді ұсынған кезде дәл осы партия мәселе көтеріп, қолдау білдірген.

– Қазақстан Халық партиясының арқасында дайындалуға бірнеше жыл уақыт алғанымыз біз үшін – үлкен жеңіс болды, – деді Лейла Күленова. – Бұл партия өзінің нақты мүмкіндігін әлдеқашан дәлелдеді. Ол кезде ҚХП парламенттік фракциясында небары бес депутат қана болған еді.

Кездесуде павлодарлық педагог, танымал блогер Игорь Гноевой өз тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, қазіргі білім беру жүйесі оқушыларды тәрбиелеу мен қолдаудан гөрі есеп беруге көбірек басымдық береді. Осыған байланысты ол мектептегі қызметін аяқтаған. Өңірлердегі мектеп мұғалімдерінен кең жолақты интернет қолжетімсіз болса да, жасанды интеллекті қолданылған жұмыс жоспары талап етіледі. Ал оқу орындарын заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етудің орнына қағазбастылық белең алған. Бюрократтар білім сапасы мен балалардың болашағына бас ауыртпайды.

– Мен партия қатарына қабылданғанда өзіммен мақсаты бір, пікірлес жандарды тапқанымды түсіндім, – деді Игорь Гноевой. – Партияның қолдауымен мен тек блогер әрі мұғалім ретінде ғана емес, нақты шешімдердің қабылдануына ықпал ете алатын азамат ретінде де жұмыс істей аламын. Мен өз таңдауымды жасадым – бұл Қазақстан Халық партиясы.

Кандидаттардың сөзінен кейін кездесуге қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ашық пікір алмасты.

Кездесу соңында Нұрсұлтан Шоқанов білім адам капиталын дамытудың, тұтас қоғамның өркендеуінің басты өлшемі екенін тағы бір мәрте атап өтті.

– Қазақстан Халық партиясы дәл осы ұстанымды қолдайды. Біз адам капиталына инвестиция салуды, жастардың жан-жақты дамуын және Қазақстанның жарқын болашағын жақтаймыз, – деп түйіндеді сөзін партия төрағасы.