Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге ісін жүргізу үшін қаржат табу банктен несие алумен шектелмейді. Бүгінде мемлекет тарапынан егін егу, мал басын көбейту, жаңа техника сатып алу, өндірісті кеңейтуге және табиғи апаттан сақтануға арналған түрлі қолдау түрі қарастырылған. Оның ішінде шығынның бір бөлігін өтеуге мүмкіндік беретін субсидиялар да, төмен пайызбен берілетін несиелер де, ұзақ мерзімді лизинг пен сақтандыру бағдарламалары да бар.
Қай жағдайда қандай бағдарлама тиімді?
Мемлекеттік қолдау тетіктерінің мақсаты әртүрлі. Егер шаруашылықтың күнделікті шығындарын жабу қажет болса, жеңілдетілген несие бағдарламалары қолайлы. Техникасын жаңартуды немесе өндіріс орнын салуды жоспарлағандар инвестициялық субсидиялар мен лизинг мүмкіндіктерін қарастырғаны жөн. Ал табиғи қауіп-қатерден қорғанудың негізгі құралы – агросақтандыру.
Шығынның бір бөлігін мемлекет өтейді
Фермерлер ең көп пайдаланатын құралдардың бірі – субсидия. Оның көмегімен тұқым, тыңайтқыш, асыл тұқымды мал, техника мен жабдық сатып алуға жұмсаған шығынның бір бөлігін өтеуге болады. Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын енгізуге және суару жүйесін жаңартуға да мемлекеттік қолдау түрлері бар.
Өтініш Мемлекеттік субсидиялаудың ақпараттық жүйесі арқылы қабылданады. Ол үшін электрондық цифрлық қолтаңбамен жүйеге кіріп, қажетті құжаттарды жүктеп, өтінішті онлайн рәсімдесеңіз болғаны.
Төмен пайызбен несие алуға болатын бағдарламалар
Қазір агроөнеркәсіп саласындағы кәсіпкерлерге арналған бірнеше жеңілдетілген несие бағдарламасы жұмыс істейді. Олардың қатарында егіс және орақ науқанына арналған «Кең Дала» мен «Кең Дала 2», мал шаруашылығын дамытуға бағытталған «Жайлау», «Береке», «Игілік», сондай-ақ өндірісті кеңейтуге арналған «Агробизнес», «Агробизнес 2.0» және «Іскер» бағдарламалары бар.
Несие алу үшін өтінімді AgroNesie платформасы арқылы онлайн жолдауға болады. Аграрлық несие корпорациясының өңірлік филиалдары арқылы тапсыруға мүмкіндік бар. Бағдарламаның ерекшелігіне қарай жер теліміне қатысты құжаттар, бизнес-жоспар және өзге де құжаттар талап етіледі.
Техниканы бірден сатып алуға мүмкіндік болмаса...
Қымбат ауыл шаруашылығы техникасын толық құнын бірден төлемей сатып алудың жолы – агролизинг. Биыл фермерлер «Жеңілдетілген лизинг», «Қазақстанда жасалған», «Өз жем-шөбіміз» бағдарламаларын пайдалана алады. Көп жағдайда олардың сыйақы мөлшерлемесі жылына 6 пайызды құрайды.
Бұдан бөлек, әмбебап «Агролизинг» бағдарламасы арқылы техникамен қатар суару жабдықтарын, астық өңдеу желілерін және арнайы техниканы рәсімдеуге мүмкіндік бар. Бұл бағдарламаларға өтініш «ҚазАгроҚаржы» арқылы қабылданады.
Табиғи апаттан қорғанудың жолдары
Қуаңшылық, мөлшерден тыс жауын-шашын немесе мал шығыны сияқты қауіп-қатер ауыл шаруашылығында жиі кездеседі. Осындай жағдайларда агросақтандыру жүйесі шығынды азайтуға көмектеседі.
Биыл жазғы дақылдарды, көпжылдық өсімдіктерді және ауыл шаруашылығы жануарларын сақтандыруға болады. Сақтандыру полисінің құнының 80 пайызын мемлекет өтейтіндіктен, фермер тек қалған бөлігін ғана төлейді. Барлық рәсім электронды форматта жүзеге асырылады.
Айта кетейік, мемлекеттік бағдарламалар тек қаржылай көмек көрсетумен шектелмейді. Олар шаруашылықтың тиімділігін арттыруға, жаңа технологияларды енгізуге және өндірісті ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ең бастысы – қажетті бағытты дұрыс таңдап, бағдарлама талаптарымен алдын ала дұрыстап танысу.