Кездесу барысында қатысушыларға партияның «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, еңбек ұжымдарын толғандырған өзекті сауалдарға жауап берілді. Бұл туралы Aikyn.kz "Әділет" партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жұмыс сапарының алғашқы нысаны – Қазақстандағы тұңғыш мұнай өңдеу кәсіпорны әрі отандық мұнай-химия саласының негізгі өндіріс орындарының бірі саналатын Атырау мұнай өңдеу зауыты.
Кездесуді ашқан «Әділет» партиясының төрағасы Атырау облысының ел тарихындағы айрықша орнына тоқталды. Оның айтуынша, Атырау мұнай өңдеу зауыты бүгінде елдің стратегиялық маңызы бар кәсіпорындарының бірі ретінде жыл сайын шамамен 5,5 миллион тонна мұнай өңдеп, ішкі нарықты негізгі мұнай өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді.
«Атырау – еліміздің энергетикалық жүрегі. Сондықтан энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету партияның сайлауалды бағдарламасындағы он негізгі басымдықтың қатарына енгізілді. Сонымен бірге экономиканың дамуы адамдардың өмірінде нақты оң өзгерістер әкелуі тиіс. Біз елде лайықты еңбекақы төленетін, еңбек жағдайы қауіпсіз, әлеуметтік кепілдіктері толық сақталатын, тұрақты жұмыспен қамтылған әрі заманауи цифрлық еңбек қатынастары енгізілген бір миллион сапалы жұмыс орнын құруды мақсат етіп отырмыз», - деді Айбек Дәдебай.
Өңірдің дамуына тоқталған партия төрағасы сайлауалды бағдарламада Атырау облысының ерекшеліктеріне сай нақты бастамалар мен шешімдер ұсынылғанын айтты. Атап айтқанда, мұнай-газ химиясы мен өңдеу өнеркәсібін дамыту, отандық сервистік компанияларды қолдау, ірі жобаларда отандық өнім мен қызметтің үлесін арттыру, жаңа сапалы жұмыс орындарын ашу, еңбек қауіпсіздігі мен қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейту негізгі басымдықтардың қатарында. Сонымен қатар экология мәселесіне ерекше назар аударылды.
«Қоршаған ортаға ұқыпты қарамайынша тұрақты даму мүмкін емес. «Әділет» партиясы Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын қолдайды және ауаның ластануын азайтуға, су ресурстарын ұтымды пайдалануға, елді мекендерді көгалдандыруға, қалдықтарды қайта өңдеу жүйесін дамытуға әрі өнеркәсіп кәсіпорындарындағы экологиялық бақылауды күшейтуге бағытталған нақты шаралар кешенін ұсынады», - деді партия төрағасы.
Кездесу ашық диалог форматында жалғасты. Кәсіпорын қызметкерлері өндірісті цифрландыру, экологиялық қауіпсіздік, кадр даярлау, «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру, отбасы құндылықтарын нығайту және құқықтық мәдениетті арттыру мәселелерін көтерді.
Қызметкерлердің сауалдарына жауап берген Мәди Мырзағараев партия цифрландыруды сыбайлас жемқорлықпен күрестің және мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттырудағы негізгі құралдарының бірі ретінде қарастыратынын айтты.
«Біз мемлекеттік қызмет көрсету, бюджет қаражатын бөлу, субсидия беру және мемлекеттік сатып алу үдерістерін толық цифрландыруды ұсынамыз. Соның арқасында барлық шешім ашық қабылданып, сыбайлас жемқорлықтың жолы едәуір тарылады» - деді ол.
Үнзила Шапақ партия экологиялық төлемдердің тек сол қаражат жиналған өңірлердегі қоршаған ортаны қалпына келтіруге жұмсалуын, сондай-ақ ірі өнеркәсіп кәсіпорындарында заманауи экологиялық стандарттардың енгізілуін қолдайтынын айтты.
Кездесуде өндіріс саласына жас мамандар даярлау мәселесі де қозғалды. Елдар Жұмағазиев бұл бағыт партияның сайлауалды бағдарламасындағы маңызды басымдықтардың бірі екенін атап өтті.
«Партияның сайлауалды бағдарламасында мемлекет деңгейінде жас инженерлер мен геологтарды «жасыл» технологиялар және экологиялық менеджмент бағыттары бойынша даярлауды қолдау ұсынылады», - деді ол.
Жұмыс сапарының келесі нысаны – еліміздегі жетекші машина жасау кәсіпорындарының бірі саналатын TEXOL вагон жасау зауыты. Республикалық сайлауалды штаб мүшелері өндіріс барысымен танысып, еңбек ұжымымен отандық өнеркәсіпті дамыту, қазақстандық өндірушілерді қолдау және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелерін талқылады.
Партия өкілдерінің айтуынша, дәл осындай заманауи кәсіпорындар инженерлік әлеуетті дамытуға, технологиялық жаңғыруға және қосылған құны жоғары өнім өндіруге жол ашып, ұлттық экономиканың өсім нүктесіне айналуы тиіс. Олар отандық өндірісті қолдау мен сапалы жұмыс орындарын құру партияның сайлауалды бағдарламасындағы негізгі басымдықтардың бірі екенін атап өтті.
Күннің алғашқы жартысындағы соңғы кездесу «Ембімұнайгаз» АҚ ұжымы және мұнай-газ саласының ардагерлерімен бірге өтті. Кездесу барысында жас мамандар даярлау, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, мұнай-газ саласын одан әрі дамыту, еңбек жағдайларын жетілдіру және отандық өндірісті қолдау мәселелері талқыланды.
«Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Рауан Кенжеханұлы, Үнзила Шапақ, Жанарбек Әшімжанов және Айрат Хайруллин «Әділетті болашақ үшін» бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. Атап айтқанда, отандық сервистік компанияларды қолдау, ірі мұнай-газ жобаларындағы отандық өнім мен қызметтің үлесін арттыру, өндірісті цифрлық трансформациялау, ірі операторлардың сатып алуларының ашықтығын күшейту, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сай жаңа буын инженерлерін салалық сарапшылар қауымдастығымен тығыз ықпалдастықта даярлау жөніндегі бастамалар ұсынылды.
Атырау облысындағы жұмыс сапары жалғасып жатыр. Күннің екінші жартысында «Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар өңірдің креативті жастары және жұртшылық өкілдерімен кездесу өткізді.