29 шілде — Халықаралық жолбарыстар күні

Тұран жолбарысын реинтродукциялау жұмыстары қалай жүріп жатыр?

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, бір кездері қазақ даласын еркін кезген Тұран жолбарысы табиғатымыздың айбыны, жабайы әлемнің шынайы қожайыны болды. Өкінішке қарай, адам әрекетінің салдарынан бұл ерекше жыртқыш туған мекенінен біржола жоғалып кетті.

Бүгінде Қазақстан табиғат тарихындағы маңызды миссиялардың бірін – Тұран жолбарысын тарихи мекеніне қайта оралту жобасын сәтті жүзеге асырып келеді. Бұл тек бір жануарды қалпына келтіру емес, тұтас экожүйенің табиғи тепе-теңдігін қайта жаңғыртуға бағытталған ауқымды бастама.

Бұл ретте «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты ерекше рөл атқарады. Мұнда жолбарысқа қолайлы орта қалыптастырылып, қорек базасы мен биоалуантүрлілікті сақтау бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. 2024 жылы – Нидерландтан, 2026 жылы – Ресей Федерациясынан Амур жолбарыстары жеткізілді.

Қазіргі таңда резерваттың арнайы вольер кешенінде алты жолбарыс бейімделу кезеңінен өтіп жатыр. Бұл – тарихи әділдікті қалпына келтіру жолындағы маңызды қадам.

Жолбарыс – жай ғана жыртқыш емес. Ол – табиғаттың күш-қуатын, еркіндігін және экожүйенің саулығын білдіретін маңызды белгі.

Табиғатты қорғау – болашақ алдындағы ортақ жауапкершілігіміз. Әрбір қорғалған аймақ пен сақталған жануар – келер ұрпаққа қалдыратын ең қымбат мұра.

Жабайы табиғаттың үні өшпесін, ал Тұран жолбарысы қайтадан қазақ даласының айбынына айналсын!

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.