ABC News телеарнасына сүйенген Aikyn.kz вице-президенттің отбасындағы қуанышпен бөліседі.
Вице-президент отбасылық қуаныштарымен X әлеуметтік желісіндегі парақшасында бөлісіп, ана мен нәрестенің жағдайы жақсы екенін айтқан.
«Бүгін таңертең (19 шілде) ұлымыз Алек Нил Вэнс дүниеге келді. Уша да, сәби де аман-есен. Балаларымыз да інілерін қуанышпен қарсы алды», – деп жазды ол.
Вице-президент сондай-ақ Уолтер Рид ұлттық әскери-медициналық орталығының және Ақ үйдің медициналық қызметкерлеріне кәсіби еңбегі үшін алғыс білдірді.
Джей Ди мен Уша Вэнс бұған дейін үш баланы тәрбиелеп келген отбасы. Олардың тұңғыштары – Юэн, одан кейін Вивек пен Мирабель дүниеге келген. Ерлі-зайыптылар төртінші сәби күтетінін биыл қаңтар айында жариялаған болатын. Олар Йель университетінің заң факультетінде танысып, 2014 жылы шаңырақ көтерген.
Джей Ди Вэнс – отбасы құндылықтары мен бала тәрбиесі тақырыбын жиі көтеретін саясаткерлердің бірі. Ол Трамп әкімшілігінің АҚШ-та туу көрсеткішін арттыруға бағытталған бастамаларын белсенді қолдап келеді. Былтыр Вашингтонда өткен «Өмір үшін марш» (March for Life) іс-шарасында сөйлеген сөзінде вице-президент:
«Мен Америкада балалардың көп болғанын қалаймын. Елімізде бақытты балалардың саны көбейгенін, ал жас отбасылардың оларды қуанышпен дүниеге әкеліп, тәрбиелеуге мүмкіндік алғанын қалаймын», – деген болатын.
«Мен саясаттағы мансапқа аса әуес адам емеспін. Ең бастысы – Джей Ди бақытты болып, қоғамға пайдалы іс атқарса болғаны. Қандай жолды таңдаса да, мен оны қолдаймын», – деді ол.
Сондай-ақ Уша Вэнс АҚШ президенті Дональд Трамппен жақынырақ танысқаннан кейін оның балаларға ерекше қамқорлықпен қарайтыны өзіне үлкен әсер қалдырғанын айтты.
«Оның әзіл-қалжыңы да ерекше. Бірақ ең бастысы – балаларға және отбасыларға деген шынайы жанашырлығы. Бұл оның адамдардың өміріне бейжай қарамайтынын көрсетеді», – деді АҚШ-тың екінші ханымы.
Екінші ханымның денсаулығы мықты, кішкентай Алек Нилдің бауы берік болсын!