«Әділет» партиясының сайлауалды штабы Теміртауда Qarmet Service ұжымымен кездесті

Теміртауда «Qarmet Service» АҚ ұжымымен сайлауалды үгіт-насихат кездесуі өтті

«Әділет» партиясының Қарағанды облыстық сайлауалды штабы Теміртау қаласындағы  Qarmet Service АҚ ұжымымен сайлауалды үгіт-насихат кездесуін өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Кездесуге «Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар В.Б. Басин, А.Қ.Төлегенов қатысты.

Іс-шара барысында кандидаттар партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, өнеркәсіп саласын дамыту, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жұмысшылардың әлеуметтік қорғалуын күшейту, еңбек жағдайын жақсарту және өндірістік кәсіпорындарды қолдау мәселелеріне тоқталды.

Өнеркәсіп саласы – өңір экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Сондықтан өндіріс орындарындағы еңбек жағдайын жақсарту, жұмысшылардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік қолдау шараларын күшейту біздің бағдарламамыздағы маңызды бағыттардың бірі болып саналады, – деді Құрылтай депутаттығына кандидат В.Б. Басин.

Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті. Кәсіпорын қызметкерлері еңбек жағдайы, қауіпсіздік талаптарын сақтау, кадрларды даярлау, әлеуметтік қолдау және өндірістің тұрақты дамуына қатысты өзекті мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Өз кезегінде кандидаттар қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, партияның сайлауалды бағдарламасында көзделген бастамалар туралы кеңінен айтып өтті.

Кездесу соңында  Qarmet Service АҚ қызметкері Ерлан Нұрмағанбетов пікір білдіріп, мұндай кездесулердің маңызын атап өтті.

 Біз үшін өзекті мәселелерді тікелей кандидаттарға жеткізіп, нақты жауап алу маңызды. Осындай кездесулер жұмысшылардың пікірін ескеруге және өндіріс саласындағы түйткілді мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді, – деді ол.