Қызылорда облысындағы Сексеуіл теміржол вокзалының реконструкциясы аяқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
1904 жылы салынған тарихи вокзал ғимараты ауқымды жаңғырту жұмыстарынан кейін заманауи келбетке ие болып, жайлылық, қауіпсіздік және энергия тиімділігі бойынша қазіргі талаптарға толық сәйкес келеді.
Реконструкция барысында ғимараттың қасбеті мен шатыры жаңартылып, вокзалдың ішіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ энергия үнемдейтін шыны пакеттермен жабдықталған заманауи алюминий витраждар орнатылды. Құрылыс-монтаж жұмыстары кезінде отандық өндірістің сапалы әрі ұзақмерзімге төзімді материалдары пайдаланылды.
Бүгінде Сексеуіл вокзалы жалпы ауданы 454,03 шаршы метрді құрайтын заманауи бір қабатты ғимарат болып саналады. Нысан жолаушыларға қолайлы жағдай жасап, күту және қызмет көрсету үдерістерінің жоғары деңгейде ұйымдастырылуын қамтамасыз етеді.
III класты вокзал тәулігіне орта есеппен 300-ге жуық жолаушыға қызмет көрсетеді. Станса арқылы Алматы, Астана, Қарағанды, Атырау, Павлодар, Қызылорда, Ақтөбе, Орал, Маңғыстау, Жезқазған, Шымкент, Түркістан, Шу, Тараз қалаларына, сондай-ақ Ресей Федерациясына, Өзбекстан Республикасына және Қырғыз Республикасына қатынайтын 30 жолаушылар пойызы жүреді.
Айта кету керек, облыс аумағы арқылы жалпы ұзындығы 1 051,7 шақырымды құрайтын магистральдық теміржол желісі өтеді. Бүгінде өңірде тәулігіне 15 жолаушылар пойызы қатынайды. Сонымен қатар облыста 80 шақырымнан астам теміржол жолдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жобаның іске асырылуы еліміздің теміржол инфрақұрылымын дамыту және халыққа көрсетілетін көлік қызметтерінің сапасын арттыру жолындағы маңызды кезеңдердің бірі болды. Жаңартылған вокзал жолаушылар үшін неғұрлым қолайлы жағдай қалыптастырып, көрсетілетін қызмет деңгейін арттыруға және теміржол тасымалдарын одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.
Қарағанды облысында Дария және Мырза стансаларының теміржол вокзалдарын реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Жобаны іске асыру жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, қауіпсіздіктің заманауи стандарттарын қамтамасыз етуге және өңір тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы жағдай жасауға бағытталған.
1940 жылы пайдалануға берілген Дария стансасы вокзалының жалпы ауданы – 757,4 шаршы метр көлемінде сақталып, толық жаңғыртудан өтті. Жоба аясында екі қабатты ғимарат кешенді түрде жаңартылып, инженерлік инфрақұрылым бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес жаңа эвакуациялық шығу жолдары ұйымдастырылды.
Станса арқылы Астана, Қарағанды, Жезқазған, Семей, Балқаш, Павлодар, Түркістан, Шымкент, Шу, Тараз, Маңғыстау және Бейнеу бағыттарына қатынайтын 10 жолаушылар пойызы өтеді.
1987 жылы салынған Мырза стансасы вокзалының жалпы ауданы бастапқы қалпында сақталып, 479,3 шаршы метрді құрады. Жоба аясында инженерлік коммуникациялар жаңартылып, ғимараттың ішкі бөлмелері мен қасбеті жөнделді. Сондай-ақ жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылық деңгейін арттыруға бағытталған кешенді шаралар іске асырылды. Станса арқылы Қарағанды, Қостанай, Астана және Көкшетау қалаларымен байланысты қамтамасыз ететін 6 жолаушылар пойызы өтеді.
Құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау барысында отандық өндірістің материалдары пайдаланылды. Жаңартылған вокзалдар қауіпсіздік, қолжетімділік және қызмет көрсету сапасы бойынша заманауи талаптарға толық сәйкес келеді. Бұл жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасап қана қоймай, Қарағанды облысының көлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуға да ықпал етеді.