Өскеменде әскери бөлімнен кетіп қалған сарбаз 20 шақырым жерден табылды

Қазіргі таңда оның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп жоқ.

Өскеменде әскери бөлімнен өз еркімен кетіп қалған мерзімді әскери қызметші ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Әскери полиция Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінен қызмет орнын өз еркімен тастап кеткен мерзімді әскери қызметшіні облыс орталығынан шамамен 20 шақырым жерден тапты.

Ұсталған сарбаз – қатардағы Мархан А.Е. Ол әскери полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі таңда оның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп жоқ.

Алдын ала мәліметке сәйкес, сарбаздың әскери бөлімнен кетуіне үйін сағынуы себеп болған.

«Тексеру барысында әскери қызметші командирлер немесе бірге қызмет атқарып жүрген сарбаздар тарапынан әлімжеттікке ұшырамағанын және қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану фактілері болмағанын мәлімдеді», – деп хабарлады Қазақстан Қарулы күштері Әскери полициясы бас басқармасы.

 

Қазір аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Оқиғаның нақты себептері мен барлық мән-жайы анықталуда.