Жыл сайын әлемдік уран өндіру көлемінің шамамен 40%-ын қамтамасыз ете отырып, уран өндіру саласында көш бастап келеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ –табиғи уранды өндіру және өткізу бойынша әлемде жетекші көмпания. Компания құрамында кәсіпорындарымен бірге 14 уран өндіретін 27 кен орнын игеріп жатыр. Барлық уран өндіруші кәсіпорындар Қазақстанның аумағында орналасқан. Уран өндіру барысында ең қауіпсіз әрі экологиялық таза технология – жерасты ұңғымалық шаймалау әдісін қолданылады.
Өнімді негізінен әлемнің әртүрлі елдеріндегі атом электр станциялары тұтынады. Компания өнімді Азия, Еуропа және АҚШ-қа экспорттайды.
«Қазатомөнеркәсіптің» бағалы қағаздары Лондон қор биржасында және Astana International Exchange биржасында бар. Компания 2018 жылы IPO-ға шыққаннан бері оның нарықтық капитализациясы жеті есе өсті.
Компания өнім өткізу нарығын әртараптандыруды жалғастырып жатыр. Былтыр 8 елдегі 21 тұтынушыға өнім жеткізді. Уран өндірісіне басымдық бере отырып, компания елдің уран қорын тиімді әрі ұтымды пайдалану мақсатында минералды шикізат базасын белсенді түрде ұлғайтып жатыр. Келешекте геологиялық барлау жұмысына инвестиция көлемін едәуір ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Өңірлерді дамытуға 11 миллиард теңгеден астам қаржы бөлді
Жергілікті тұрғындарды қолдау және компания қызмет ететін өңірлерді дамыту аясында «Қазатомөнеркәсіп» пен оның еншілес және тәуелді ұйымдары инфрақұрылымды дамыту мен халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырады. Бұл бағытта атқарылатын жұмыс шалғайдағы елдімекендерді де қамтиды.
2025 жылы компания өңірлерді әлеуметтік-экономикалық әлеуетін дамытуға 11 миллиард теңгеден астам қаржы бөлді. Оның ішінде, 6 миллард теңге келісімшарт арқылы жүзеге асты. Қаржыландыру денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет, тұрғын үй және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, сондай-ақ елді мекендерді абаттандыруға жұмсалды.
Ең маңызды жобалардың қатарында Қызылорда қаласында Достық үйі, Қызылорда облысы Кейден ауылында спортзал және Түркістан облысы Шолаққорған ауылында 16 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы бар. Сондай-ақ «Шиелі – Тайқоңыр» автомобиль жолының 13 шақырымдық учаскесіне күрделі жөндеу жүргізілді. Қазіргі уақытта Түркістан облысында аудандық ауруханаға күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі ауқымды жобалар іске асты.
Компания адами капиталды дамытуға да ерекше көңіл бөледі. Соңғы бес жыл ішінде 2000-нан астам адамның, оның ішінде студенттер мен компания қызметкерлерінің оқуына қаржылай қолдау көрсетілді.
2025 жылы Қазақстанда алғаш рет Қазақстан-Британ техникалық университеті базасында «Уран ісі» бакалавриат білім беру бағдарламасы ашылды. Сонымен қатар «Іzbasar» бағдарламасы аясында «Қазатомөнеркәсіп» кәсіпорындарында тағылымдама өткізіледі. Компания қызмет ететін өңірлердің жастарына арналған «Murager» білім беру гранттары бар. Осындай бастамалардың және персоналды дамыту жөніндегі жүйелі жұмыстың нәтижесінде, «Қазатомөнеркәсіп» Қазақстанда жұмыс беруші ең үздік үш компанияның құрамына енді. Тау-кен металлургия саласында бірінші орынға ие болды.
«Батыс Мыңқұдық» кенішінде уран өндіру көлемі артып келеді
«Батыс Мыңқұдық» кеніші Түркістан облысы Созақ ауданында орналасқан. «Қазатомөнеркәсіптің» еншілес ұйымы саналатын «АППАК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрамына кіреді.
Құрылтайшылары – «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, жапониялық Sumitomo Corporation және Kansai Electric Power Co., Inc.
Мыңқұдық кен орнында уран өндіруге арналған келісімшарт 2005 жылы жасалды. Кеніш 2035 жылға дейін өнім өндіреді. Кеніш 2007 жылы пайдалануға беріліп, 2011 жылы жобалық қуатына анықталды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша «Батыс Мыңқұдық» кенішінде жоспарланған 800 тоннаның орнына 810,7 тонна уран өндірілді. Дайын өнім көлемі жоспарланған 800 тоннаның орнына 805,1 тоннаға жетті.
2026 жылға арналған жоспар бойынша уран өндіру көлемі 800,1 тонна, ал сары кек (ЗОУ) түріндегі дайын өнім шығару көлемі де 800,1 тонна болмақ.
2027 жылға арналған өндіріс жоспары 820,2 тонна уранды, ал дайын өнім шығару көлемі 820,2 тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Сонымен қатар 2027 жылы уранды сары кек (ЗОУ) түріндегі дайын өнімге дейін қайта өңдеу көлемі 131 тонна болады деп жоспарланған.
423 адамды жұмыспен қамтып отыр
2026 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша «АППАК» ЖШС қызметкерлерінің жалпы саны – 423 адам. Оның ішінде, 372 қызметкер «Батыс Мыңқұдық» кенішінде еңбек етеді.
Қызметкерлердің 66%-дан астамы Созақ ауданы мен Түркістан облысы аумағында тұрады. Қалған қызметкерлер Астана, Алматы, Шымкент, Тараз қаласы мен Алматы облысы, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстарында тұрады.
Әлеуметтік төлем төленеді
2024 жылдың басынан бастап Қазақстан Республикасында зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін және 55 жасқа толған қызметкерлерге арналған арнайы әлеуметтік төлемдер тетігі енгізілді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, арнайы әлеуметтік төлемдерді рәсімдеуге байланысты еңбек шарты сақталмаған кезде қызметкерге:
– жұмыс беруші есебінен – бір күнкөріс минимумы;
– сақтандыру ұйымы есебінен – бір күнкөріс минимумы;
– мемлекеттен арнайы кәсіби төлем ретінде – екі күнкөріс минимумы төленеді.
Арнайы әлеуметтік төлем мөлшері әр жылға белгіленетін ең төменгі күнкөріс минимумы мөлшеріне қарай белгіленеді.
Бүгінде «АППАК» ЖШС-де екі қызметкер арнайы әлеуметтік төлем алып отыр.
Сонымен қатар, «АППАК» ЖШС-нің ұжымдық шартында зейнеткерлік жасқа толуына немесе 55 жасқа толуына байланысты зейнетке шығатын қызметкерлерге қосымша әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған.
Денсаулық пен жұмысшы қауіпсіздігі – басты назарда
Өндірістегі еңбек қауіпсіздігі, қызметкерлердің денсаулығын қорғау және әлеуметтік қолдау бүгінде ірі кәсіпорындардың тұрақты дамуының негізгі бағыттарының біріне айналып отыр. Бұл бағытта уран өндіру саласында жұмыс істейтін «АППАК» ЖШС өндірістік қауіпсіздік жүйесін жаңғыртып, қызметкерлердің кәсіби дамуы мен еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар жобаны жүзеге асырып келеді.
Кәсіпорында қызметкерлердің денсаулығын бақылау жүйесіне ерекше назар аударылған. Соңғы жылдары ауысым алдындағы медициналық тексеру толық автоматтандырылып, цифрлық форматқа көшірілген. Бұл медициналық тексерудің объективтілігін арттырып, адам факторын азайтуға және жұмысқа жіберуге кедергі келтіретін медициналық көрсетілімдерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Медициналық бақылау нәтижелері бірыңғай ақпараттық жүйеде сақталып, тәулік бойы қызмет көрсету үшін медициналық персоналдың құрамы күшейтілген.
Компания мәліметінше, соңғы бес жыл ішінде кәсіпорында жұмыс орнында денсаулық жағдайының күрт нашарлауы салдарынан болған өлім оқиғасы тіркелмеген. Сонымен қатар қауіпті өндіріс учаскелерінде еңбек ететін қызметкерлер алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша халықаралық стандарттарға сәйкес білім алған. Кәсіпорында Америкалық жүрек қауымдастығының (AHA) және Жедел медициналық көмек көрсету техниктерінің ұлттық қауымдастығының (NAEMT) бағдарламалары бойынша дайындықтан өткен нұсқаушылар жұмыс істейді.
Кәсіби біліктілікті арттыруға жағдай жасалған
Өндірістік қауіпсіздікпен қатар қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға да көңіл бөлінеді. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында «Батыс Мыңқұдық» кенішінің 207-ден астам қызметкері еңбек және өнеркәсіптік қауіпсіздік, қаржылық сауат, жасанды интеллект технологияларын пайдалану, ядролық материалдарды бақылау сияқты түрлі бағыттар бойынша қосымша білім алды. Бұдан бөлек, кәсіпорын қызметкерлерге жұмыс беруші есебінен техникалық және жоғары білім алу мүмкіндігін де ұсынады.
Еңбек жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстар да жалғасып жатыр. Кәсіпорында қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылайтын бейнеаналитика жүйесі жұмыс істейді. Сондай-ақ әрбір қызметкерге өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда жұмысты тоқтатуға мүмкіндік беретін «ТОҚТА-карта» жүйесі іске қосылған. Қызметкерлерге арнайы киім және жеке қорғаныс құралдары беріледі. Бұған қоса вахталық кентті кеңейту, жаңа санитарлық-тұрмыстық корпус және спорттық-сауықтыру кешенін салу жоспарланған.
Өңірдегі әлеуметтік бастамалар
Компания өндірістік қызметпен қатар өңірдегі әлеуметтік жобаларға да қатысады. Биыл алғашқы жартыжылдықта Созақ ауданында көпбалалы аналарға азық-түлік себеттері табысталып, Наурыз мерекесін өткізуге көмек көрсетілді. Сонымен қатар соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне материалдық көмек беріліп, әлеуметтік осал топтағы балаларға арналған мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылған. Компания жыл сайын өңірдегі студенттердің оқу ақысын қаржыландыру бағдарламасын жалғастырып келеді. 2025 жылы 41 студентке көмек көрсетілген.
Жылдың екінші жартысында кәсіпорын «Мектепке жол» акциясына қатысуды, әлеуметтік осал отбасыларды қатты көмірмен қамтамасыз етуді және студенттердің оқу ақысын төлеу сияқты қолдау шараларын жалғастыруды жоспарлап отыр. Компания бұл бастамалар өңір тұрғындарын әлеуметтік қолдауға және жергілікті адами капиталды дамытуға бағытталғанын айтады.