«Ауыл» партиясы ауылдың тұрақты дамуын қолдайды

Кездесуде олар кәсіпорындардың өндірістік әлеуеті, заманауи технологияларды енгізу және ет өндірісін дамыту мәселелерін талқылады.

«Ауыл» партиясының өкілдері Батыс Қазақстан облысы, Бәйтерек ауданына жасаған жұмыс сапары аясында өндіріс орындарының ұжымдарымен кездесті, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
 
Партия өкілдері нақтырақ айтсақ, Құрылтай депутаттығына кандидаттар Серік Егізбаев, Қажғалей Мұқатов және Алшын Жолдығали Щапов ауылына барып, «Жайық Ет» ЖШС-нің құс және егін шаруашылығының жұмысшыларымен жүздесті.

Сондай-ақ кандидаттар Янайкино ауылындағы «KazMeat Ақжайық» ЖШС мал бордақылау кәсіпорнының жұмысымен де танысты.

Ұжымдармен өткен ашық диалогта кандидаттар партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырып, агроөнеркәсіп кешенін қолдау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайын жақсарту бастамаларына басымдық берді.

«Ауыл» партиясы еңбек адамдарының мүддесін қорғап, ауылдық аймақтардың тұрақты дамуына бағытталған нақты бастамаларды жүзеге асыруды жалғастыра беретінін жеткізді.