«Болашақ ойындары – 2026»: ақыл-ой мен цифрлық дәуір үйлесімі

Мемлекет басшысы «Болашақ ойындары – 2026» сайысының ашылу сал­танатына қатысып, сөз сөйледі.

«Барыс Арена» стадионында ұйым­­дастырылған іс-шараға Өз­бекстан Президенті Шавкат Мир­зиёев, Қырғызстан Президенті Са­дыр Жапаров, Тәжікстан Прези­денті Эмомали Рахмон және басқа да ресми тұлғалар құрметті қонақ ре­тінде қатысты. 

– Құрметті ханымдар мен мыр­залар! Қадірлі достар және мей­ман­дар! Ең алдымен, шын жүрегіммен бәріңізге елордамыз – Астанаға қош келдіңіздер деймін!

Бүгін біз «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық сайысын бас­тай­мыз. Бұл – елдеріміз арасындағы дос­тық қарым-қатынасты нығай­та­тын мағынасы айрықша тарихи іс-шара. Дүбірлі дода биыл Қазақ­стан­да алғаш рет өтіп жатыр. Біз үшін бұл – зор мәртебе. Жаңа ғана Ре­сей Президенті Қазақстанға және бар­ша спортшыларға арнайы құт­тық­тауын жолдады. Ыстық ықыла­сы үшін Ресей көшбасшысы 

Вла­димир Владимирович Путинге зор ризашылығымды білдіремін.

Бүгінгі салтанатты рәсімге Тә­жік­­стан Президенті Эмомали Ша­ри­пович Рахмон, Өзбекстан Пре­зи­денті Шавкат Миромонович Мир­зиёев, Қырғызстан Президенті Са­дыр Нургожоевич Жапаров қа­ты­сып отыр. Бауырлас елдердің бас­­­шыларына және ресми деле­га­ция жетекшілеріне алғыс айтамын.

Баршаңызға мәлім, «Болашақ ойындары» – Ресейдің баста­ма­сы­мен жүзеге асқан жоба. Бұл жо­ба­ның сәтті іске асуы Президент Вла­димир Путиннің арқасы деуге то­лық негіз бар. Аз уақыт ішінде бұл жа­рыс жаһандық деңгейдегі сайыс­қа айналды. Бірінші дода Қазан қа­ласында өтіп, содан кейін Абу-Да­биде жалғасын тапты. Ал бүгін бә­ріміз Ұлы дала төсінде бас қосып отыр­мыз. Елордамызға 30-дан ас­там мемлекеттен 800-ге жуық спорт­­­­­шы келді. Астанадағы «Бо­ла­шақ ойын­дары» классикалық спорт пен кибериндустрияны тоғыс­тыр­ған жаһандық фиджитал-қозға­лыс­қа тың серпін береді деп сенемін, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазір бү­кіл әлемде түбегейлі өзгерістер бо­лып жатқанын еске салды. Озық тех­нологиялар барлық салаға еніп, адам­дардың тұрмыс-тіршілігіне ық­палын тигізуде. 

– Жаңа дәуірдің талаптарына сай болу үшін біз толық цифрланған мемлекет құруға кірістік.   Қазақстан Парламенті Цифрлық кодекс және Жасанды интеллект туралы арнайы заң қабылдады. Бұл заңдар осы аса маңызды саланың дамуына үлкен сер­пін берді. Басқаша айтсақ, бұл қа­дам еліміздің озық мемлекеттер қа­тарына қосылуының айқын дә­лелі болды.   

Бірінші шілде күні еліміздің жаңа Конституциясы заңды күшіне енді. Бұл халқымыз үшін тарихи оқи­ға болды деп айтсақ, артық емес. Бас құжатта еліміздегі жасан­ды интеллектінің жоғары қарқын­мен дамуына және азаматтардың цифр­лық әлемдегі құқығын қорғау­ға нақты кепілдік берілді. Бұл – шын мәнінде, бұрын-соңды бол­ма­ған, яғни өркениетке қарай жасал­ған озық қадам.  

Біз осы жылды Цифрландыру жә­не жасанды интеллект жылы деп жарияладық. Осылайша, цифрлық бо­­лашаққа нық сеніммен аяқ бас­тық. Бұл – мемлекетіміздің алдында тұрған аса маңызды стратегиялық мақсат. Осы міндетті біз бәріміз бір­тұтас қоғам ретінде табысты іске асыруымыз қажет. Сондықтан қазір елі­мізде жаңа заманға қажетті ма­ман­­дар даярлау ісі тұрақты түрде жү­­зеге асырылып жатыр. Қазақ­стан­да AI-Sana мемлекеттік бағдар­ла­ма­сы арқылы қазірдің өзінде жүз­­деген мың азамат тиісті құзы­рет­тер мен дағдыларды меңгерді, – деді Мемле­кет басшысы.

Президент биыл күзде Астанада Жа­санды интеллект университеті ашы­латынын атап өтті. Елімізде ней­­рожелінің көмегімен түсірілген 

фи­льм­дердің халықаралық фестивалі өтеді. Сондай-ақ келесі жылы елор­дамызда Халықаралық киберспорт федерациясының қолдауымен әлемдік дода ұйымдастырылады. Бұл – Қазақ­станда іске асып жатқан ауқымды бас­тамалардың бір бөлігі ғана. 

– Құрметті мемлекеттер басшы­лары, отандастар және достар! Бүгін елор­дамызда, шын мәнінде, ерекше іс-шара өтіп жатыр. Бұл – спорт пен интеллектінің үйлесімі, сонымен қатар күш-қайрат пен зияткерлік әлеуеттің бәсекесі. Олар арасында қарама-қайшылығы жоқ, керісінше бір-бірін толықтыратын ұғымдар екеніне көзіміз жетіп отыр. Алдағы сайыстардың түпкі философиялық мәні де осында. Осы­нау жаһандық ауқымдағы ойындар барша адамзаттың жарасымды әрі бейбіт болашағын айшықтайды. Қазақстан қашанда халықаралық қауымдастықпен бірге бейбітшілікті, қауіпсіздікті, әділеттілік пен дамуды қолдай береді.

Құрметті достар! «Болашақ ойын­дарында» спорттың күш-қуаты, ақыл-ой мен цифрлық дәуірдің орасан әлеуеті үйлесім тауып, баршамызға ортақ жа­сам­паздық ұстанымымен толық үнде­седі. Бұл турнир кереғар дүниелерді бір арнаға тоғыстырады. Оның негізінде шынайы және виртуалды әлем ара­сындағы ақылға қонымды тепе-теңдік жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы аренаға негізі­нен жастар жиналып отырғанына назар аударды. 

– Сіздер білімді, талантты, еңбекқор, талапты болсаңыздар, болашақтың іргетасы бекемделе түсетіні анық. Алда өздеріңізді биік белестерге бастайтын соқтықпалы-соқпақсыз жол күтіп тұр. Ой-пікірі ортақ, мүддесі бір, сенімді серіктер жандарыңыздан табылғанда ғана бұл жолды еңсеру оңай болмақ.

Ойынға қатысушылардың әрқай­сысы тыңғылықты дайындықтан өтті. Олар өз командаларының намысын абы­роймен қорғауға әзір. Сіздер «жүз­ден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығып, жаңа достар тауып, келешегі зор жо­баларды бірлесе қолға аласыздар деп сенемін. Себебі «Болашақ ойын­дарының» басты миссиясы – адамдарды жаңа жетістіктер жолында жұмылдыру және жігерлендіру, – деп атап өтті Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ай­туын­ша, үлкен спорт қай кезде де әр­түрлі мәдениеттерді тоғыстырып, мемлекеттер мен халықтар арасын жа­қын­датуға себепкер болған. Сондықтан жаһандық сын-қатерлер өршіп тұрған жағдайда осындай бірегей жобалардың мән-маңызы арта түсетіні анық. 

– «Болашақ ойындары» елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың, дос­тық пен келісімнің «алтын көпіріне» ай­налады деп сенемін. Қадірлі достар! Сөз соңында осы тамаша спорт мере­ке­сін өткізуге атсалысқан барша аза­матқа шынайы ризашылығымды біл­­діремін. Ұйымдастырушыларға, серік­тестерге, төрешілер мен бапкер­лерге, тиісті мамандарға және ерік­тілерге алғыс айтамын. Бұл ойындар халықтарымыздың тамыры терең дос­тығын бекемдейді, береке-бір­лігін арт­тыра түседі деп сенемін. Спорт­шы­ларға сәттілік тілеймін! Біз сіз­дер­ден тартысты ойын күтеміз. Ен­деше «Болашақ ойындары – 2026» сайы­сын ашық деп жариялаймын, – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ ашылу салтанатында Ресей Президенті Владимир Путин­нің турнир қатысушыларына бейне­үндеуі көрсетілді. Сонымен қатар жиын­да «Болашақ ойындарының» бас директоры Дэн Меркли сөз сөй­леді. Бұдан соң көрермендер театрлан­дырылған шоу мен отандық эстрада жұлдыздары қа­тысқан концерттік бағ­дарламаны та­ма­шалады.

29 шілде-9 тамыз аралығында Астана қаласында алғаш рет киберспорт пен спорттың дәстүрлі түрлерін және жаңа технологияны ұштастырған ха­лық­аралық турнир өтеді. Биылғы сайыс­тарға 34 елден келген 800-ден астам спортшы қатысады. Астанадағы турнирде спортшылар фиджитал-фут­бол, фиджитал-баскетбол, фиджитал-жекпе-жек, фиджитал-шутер, фид­житал-би, Dota 2, Mobile Legends: Bang Bang және PUBG: Battlegrounds секілді 8 бағыт бойынша күш сынасады. 

М.Жалғасұлы