Қазақстан көшбасшылығы: ұн экспорты қайта үдеді

Еліміз дәнді дақылдарды диірменде тартып өңдеу және экспорттау жөнінен жаһандық көшбасшылығын қайтарып алды. Қазақ ұны бүгінде тіпті әлемнің қаржылық астанасы – Нью-Йорк дүкендерінде сатылады. Бұл жетістікке жету үшін кейінгі жылдары тоқтаусыз күрес жүргізілді. Соның ішінде «экспорттық өрісі» қатты тарылып, бар назарын іргедегі Орталық Азияға аударған Ресейдің бұл алып нарықтан Қазақстанды толық ығыстырып шығаруына мүмкіндік берілмеді. Ел алдында тағы қандай міндеттер тұр?

Аграршылар алдындағы қазіргі межелі мұрат – Қытай нарығын жаулау болмақ. Әзірге, 2024 жылдан бері шың елі бізден малазық ететін ұнды сатып алып жүр. Ал адам тұтынатын ұнды төл қытайлық диір­мендер өндіреді. Әйткенмен, Қазақстан бұл нарыққа да құлаш ұрды. Азық-түлік келісімшарт корпорациясының көмегімен Қытайға ұн тиелген контейнерлік пойыз жөнелтілді. Партия көлемі 12,3 мың тоннаны құрады. Өнімді жеткізуші «Қап­шағай бидай өнімдері» ЖШС, импорттау­шысы – Shandong Hi-speed Qilu International Land Port Development Co.

Жөнелту Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі делега­циясының Бейжіңге сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды дамыту шеңберінде жүзеге асырылды. Бұдан бұрынырақта, 2025 жылдың қазан айында Азық-түлік келісімшарт корпорациясы Shandong Hi-speed Qilu компаниясымен Қазақстаннан Қытайға дәнді, жем-шөп және майлы дақылдарды экспорттау сала­сындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған еді. Бұл келісімшарт шеңберінде биыл бұл қытайлық тапсырыс берушіге 35,4 мың тонна ұн жеткізу жоспарланған.  

Қытай нарығы соңғы екі жылда елімізде өндірілген жемдік ұнға тұрақты сұраныс танытып отыр. Бұған жауап ретінде отандық АӨК жеткізу көлемін барынша ұлғайтты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша көрші елге мал азықтық ұн экспорты 2,9 млн тоннадан асты. Бұл 2024 жылдың көрсет­кіштерінен 2,4 есе көп! Салыстырғанда, бүгінде алпауыт Ресейдің ұн экспорты осынша ғана.

Қазақстан мұнымен тоқтап қалмайды. Жақында Қазақстан көшбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай қаласына сапары кезінде осы саладағы жергілікті жетекші компаниялар басшыларымен арнайы жүздесіп, астық өнімдерін өткізу көлемін арттырудың қамын жасады. Мемлекет басшысы AgriTech, ЖИ және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы мүмкіндіктерге ерекше тоқталды.

– Қазір бүкіл әлем аграрлық салада үлкен өзгерістерді бастан өткеріп жатыр. Қазақстан екі жыл қатарынан 27 миллион тонна астық жинады. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Мұның бәрі – заманауи техно­логияның және тиімді басқарудың нәтижесі. Жалпы, біз ауыл шаруашылығын цифрлан­дыру жұмысын қарқынды жүргізіп келеміз. Әсіресе дрондарды, спутник арқылы шолу тәсілін, дәлдігі жоғары егіншілік техноло­гияларын кеңінен енгізіп жатырмыз. Елде 200-ден астам агроөнеркәсіп «ақылды ферма» қағидатымен жұмыс істейді. Тағы 650-ден астам шаруашылық цифрлық шешімдерді кезең-кезеңімен енгізеді, – деді Қ.Тоқаев.

Сонымен қатар республика ұлттық цифрлық қадағалау жүйесін әзірлеп жатыр. Бұл жүйе ауыл шаруашылығы өнімдерінің егістіктен бастап тұтынушыға дейінгі жол­ын толық қадағалауға мүмкіндік береді. Мақсаты – ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыру, сондай-ақ қосылған құны жоғары тамақ өнеркәсібін дамыту. 

– Біз сол арқылы Қазақстанды Орталық Азиядағы жетекші AgriTech хабы ретінде дамытуды көздеп отырмыз. Бұл мақсатқа жетудің төте жолы – ЖИ, роботтандыру және Industry 4.0 технологиясын енгізу. Сапаны бақылаудың зияткерлік жүйелері, автоматтандырылған өндіріс желілері және цифрлық негізде біріктірілген жеткізу тізбектері еңбек өнімділігін арттырып, халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеуге жол ашады. Бұдан бөлек, біз өнімді сақтаудың озық инфрақұрылымын дамытып жатырмыз. Заманауи логистика орталық­тары, автоматтандырылған және тоңазыт­қышпен жабдықталған қоймалар бар. Бұл іске қытай компанияларын белсенді қаты­суға шақырамыз! – деді Президент.

Қазақ ұны Нью-Йоркке жетті

Сонымен, Қазақстан әлемдік ұн экспорты бойынша қайтадан бірінші орынға көтерілді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан былтыр астық пен ұн экспортын 60%-ға күрт арттырды. Ресми дерегіне жүгінсек, былтырғы қазанда аяқталған 2024-2025 маркетингтік маусымының қорытындысында астық пен ұнның астық баламасындағы жиын­тықты экспорты 15,3 миллион тонна­ны құрады. Ағымдағы сауда жылында жаңа астық пен ұнды жеткізудің жалпы көлемі 8,5 миллион тоннадан асып үлгерді. Бұл былтырғыдан 14 пайызға жоғары.

– Еліміз әлемдік ұн нарығында жетекші орынға ие. Адам азық ететін ұнның өндіріс көлемі 3 миллион тоннадан асты, ал экспорт көлемі былтыр 1,8 миллион тоннаға жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 1,2 пайызға өсті. Ұнның негізгі өткізу нарықтары – Орталық Азия елдері, Ауғанстан, Ресей және Қытай. Мемлекет экспорттық баста­маларды қолдауға айрықша назар аударады. Осы мақсатта экспорттаушылардың жол шығыны өтеледі, – деп түсіндірді АШМ мамандары.

Астықты сыртқа тасымалдау шығын­дарын өтеу тетігінің мерзімі 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін ұзартылды. Бұл жеткі­зілім көлемінің қарқынын сақтауға және отандық өнімнің халықаралық нарықтағы орнын нығайтуға мүмкіндік береді. Бүгінде Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдері азды-көпті көлемде әлемнің 72-ден астам еліне жеткізіледі. 

Мәселен, тасымалды демеуді пайда­ла­нып, 2026 жылғы наурыздан бері қоста­най­лық егіншілер Атлант мұхитының ар жағындағы Нью-Йоркке 24 тонна ұн экс­порт­тады. Мемлекеттік KTZ Express компаниясы Транскаспий халықаралық көлік бағыты инфрақұрылымын пайдаланып, Қостанай – Нью-Йорк бағытымен қазақ би­дайының ұнын жеткізудің жаңа жөнелті­лімдерін ұйымдастырып жатыр. 

Жүк тасымалы теміржол және теңіз көліктерін кезектестіре қолдану арқылы көптүрлі, мультимодальды контейнерлік фор­матта жүзеге асырылады. Жалпы транзит уақыты 58 күнді құрайды. KTZ Express компаниясының мәліметінше, жүк жөнелтілген сәттен бастап соңғы жет­кізу нүктесіне дейін толық бақылауда болады. Бұл тасымал тізбегінің сенімділігі мен ашықтығын арттырады. 

Болжамға сәйкес, биылғы маусым қорытындысында еліміз сыртқы нарыққа шамамен 2 млн тонна азық-түлік ұнын және 3 млн тонна жемдік ұнды экспорттамақ. Бұған қоса, ішкі нарық үшін де қомақты көлемде ұн өндіріледі. Осынша өнім шығару үшін шамамен 7,5 млн тонна бидай қайта өңделеді. Бұл – Қазақстанда жиналатын астықтың жартысына жуық көлемі! АШМ мамандарының айтуынша, әлемде астық экспорттайтын мемлекеттердің ешқайсысы мұндай нәтижеге қол жеткізіп отырған жоқ. Мәселен, бидай экспорттаушы алғаш­қы ондықтағы елдердің ішінде өңделген өнімнің жалпы астық баламасындағы ең жоғары үлесі Аргентинада – 5%, Аустралияда небәрі 1%. Қазақстан бұл көрсеткішті 50%-ға жеткізді!

Көшбасшылық жолындағы қиындықтар

Бір қарағанда, бәрі өзі келгендей көрінуі мүмкін. Қазақ елі ғасыр басында көшбасшы болды, сол тұғырын қайтарып отыр. Алайда кез келген көшбасшылықтың тарихы бар. Оның табысқа жеткізген жолы да, төлеген құны да болады. Қазақстанның бүгінгі нәтижесі де – бірнеше онжылдыққа созылған экономикалық өзгерістердің, нарықтық қайшылықтардың, сала күйзелісінің, сабақтардың, кейінгі жаңғырудың нәтижесі.

Қазақстандағы ұн тарту өнеркәсібінің қарқынды дамуы өткен ғасырдың 90-жыл­дары басталды. Әрине, оған мемлекеттік қолдау да, Орталық Азия елдерінің тұрақты сұранысы да әсер етті. Бірақ саланың шын мәніндегі өрлеуіне жол ашқан негізгі фактор – ішкі нарықтағы арзан шикізат болды. Қазақстанның Астық өңдеушілер одағының басшысы Евгений Ганның айтуынша, сол жылдары 1 тонна бидайдың бағасы небәрі 60 доллар тұрса, ұнның сапасына қарай оның құны 200-300 долларға дейін жететін. Яғни ұн тартушылар шикі­затты өте арзан сатып алып, қосылған құн есебінен фермерлерге қарағанда бірнеше есе көп табыс табуға мүмкіндік алды.

Мұның нәтижесі ұзақ күттірген жоқ. 90-жылдардың басында Қазақстанда 70-ке жуық диірмен жұмыс істесе, онжылдықтың соңына қарай олардың саны 700-ге жетті. Ұн өндірісі мен экспорты қарқынды өсіп, 2007-2010 жылдары Қазақстан әлемдік ұн экспорты бойынша көшбасшы атанды. Сол кезде бұл көрсеткіш ел экономикасының маңызды жетістігі ретінде бағаланды.

Алайда осы табыстың екінші жағы да болды. Ұн тарту саласының өркендеуі іс жүз­інде фермерлердің есебінен жүзеге асты. Нарықта астықтың жалғыз сатып алушысы диірмендер болғандықтан, олар бағаны өзі қалағанша белгілейтін. Шаруа­лардың өнімін әділ бағамен сатуға мүмкіндігі болмады. Амалсыздан арзан өткізілген астық ұн тартушылардың дамуына негіз қалап бергенімен, ауыл шаруашылығының өзіне ауыр соққы болып тиді.

Әділ бағаның жоқтығы шаруалардың инвестициялық мүмкіндігін күрт әлсіретті. Соның салдарынан техника паркі 90%-ға дейін тозды, минералдық тыңайт­қыш­тарды қолдану тоқырады, жоғары репро­дукциялы, сапалы тұқымдардың орнына тауарлық астықтың қалдықтары себіле бастады. Көптеген шаруашылықта тұ­қымды дәрі­лейтін жабдық та, күзгі өнімді кептіретін инфрақұрылым да болған жоқ. Бірте-бірте агротехнологияның барлық негізгі талабы бұзылып, оның салдары өнімділікке әсер етті. Соның салдарынан ұн экспортының рекордтары жарияланып жатқан тұста, оны қамтамасыз еткен шикізатты өндіру­шілердің өздері дамудан қалып қойды. 

Жағдай бертінде өзгерді. 2023 жылдың жауынды күзінде Қазақстанда сапасы төмен бидайдың мол көлемі жиналды. Нарықта оған сұраныс болмағандықтан, мыңдаған тонна астық шаруалардың қоймаларында жатып қалды. Көпшілік үшін бұл шығын мен тығырықтың белгісі болып көрінгенімен, нарыққа икемделе білген өңдеушілер мұның өзінен жаңа мүм­кіндік тапты. Олар төмен сапалы бидай­ды мал азықтық ұн өндіруге бағыттап, дәл осы өнімге Қытай нарығында тұрақты сұраныс бар екенін дер кезінде бағамдай білді. Соның нәтижесінде қайта өңдеу көлемі үздіксіз өсіп келеді. 2026 жылдың қорытындысында жемдік ұн экспорты 3 млн тоннаға жетеді деген болжам жасалып отыр. Мұндай жетістік республикада тіпті кеңес заманында тіркелмепті.

Дәл осы өзгеріс Қазақстанды әлемде астықты ең көп қайта өңдейтін елдердің көш басына шығарды. Ең маңыздысы, бұл жолғы өсім бұрынғыдай бір тараптың ғана пайдасына жұмыс істеген жоқ. Фермерлер бұрын өткізе алмай жүрген сапасы төмен астыққа жаңа нарық тапты. Ал осы уақыт ішінде аяққа нық тұрған өңдеуші кәсіп­орындар шикізат үшін әділ баға төлеуге мүмкіндік алды. Нарық екі тараптың да мүд­десін тоғыстыратын тепе-теңдікті өздігінен қалыптастырды.

– Соңғы жылдары Қазақстанның астық саласында дәл осындай сапалық өзгерістер жүріп жатыр. Егер бұрын еліміздің басты экспорттық тауары шикізат күйіндегі астық болса, бүгінде қайта өңделген өнімдердің үлесі барған сайын артып келеді. Бұл бағыт Мемлекет басшысы алға қойған, яғни шикі­зат экспортынан – жоғары қосылған құны бар өнім экспортына кезең-кезеңімен көшу жөніндегі стратегиялық міндетпен толық үндеседі, – дейді Қазақстанның Астық өңдеушілер одағының мүшесі, Sinegor Grain ЖШС бақылау кеңесінің мүшесі Жандос Қуанышев.

Мұндай өсім өздігінен пайда болған жоқ. Оның негізінде қайта өңдеу үлесін арттыруға бағытталған дәйекті мемлекеттік саясат жатыр. АШМ қайта өңдеу кәсіп­орындарын жаңғыртуға, өндірістік қуаттарды кеңейтуге және экспорттық әлеу­етті күш­ейтуге бағытталған жүйелі жұмыстар жүргі­з­іп келеді. Өз кезегінде Көлік министр­лігі мен Қазақстан темір жолы халықаралық көлік дәліздерін дамыту, шекаралық ин­фр­а­құрылымның өткізу қабілетін ұлғайту және нарық қатысушыларымен тұрақты өзара іс-қимыл жасау арқылы экспорттың логистикалық ұстынын қамтамасыз етіп жатыр. Мемлекет пен бизнестің осындай үйлесімді ықпалдастығы Президент жүктеген стратегиялық міндеттің – агроөнеркәсіп кешені экспортындағы қайта өңделген өнімнің үлесін 70%-ға дейін жеткізудің нақты алғышарттарын қалыптастырып отыр.

Айхан ШӘРІП