40-42 градусқа дейін ыстық: Қазақстанның бірқатар өңірінде ескерту жарияланды

Астанада күндіз ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріледі.

Қазақстанның басым бөлігінде 30 шілдеге дауылды ескерту жарияланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Синоптиктердің болжауынша, елдің бірқатар өңірінде 42 градусқа дейін аптап ыстық сақталып, найзағай, бұршақ, дауыл және екпінді жел күтіледі. Сонымен қатар көптеген аймақта жоғары және төтенше өрт қаупі жарияланған.

Астанада күндіз ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріледі.

Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының кей жерлерінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей өңірлерде бұршақ түсіп, желдің екпіні 15-23 м/с-қа дейін жетеді.

Алматы, Жетісу, Ұлытау, Қарағанды, Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау және Атырау облыстарында 35-42 градусқа дейін аптап ыстық сақталады. Бұл өңірлерде жоғары және төтенше өрт қаупі жарияланған.

Ең жоғары температура Түркістан облысында тіркеледі. Мұнда күндіз 40-42 градус ыстық болып, шаңды дауыл мен екпінді жел күтіледі. Шымкент пен Түркістан қалаларында ауа температурасы 40 градусқа дейін көтеріледі.

Синоптиктер тұрғындарды ауа райының қолайсыздығына байланысты сақ болуға, мүмкіндігінше күннің ыстық уақытында сыртта ұзақ жүрмеуге және өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады.