ReBus қала көшесіне шықты: Respublica Астананы ашық диалог алаңына айналдырды

Саясаттың да сан қыры бар. Арасында кабинеттен шығып, халықтың арасын аралағаны да дұрыс.

Respublica партиясының ReBus ақпараттық-ойын-сауық жобасы дәл осындай ерекше форматта өтті. Екі қабатты автобус бірнеше сағат бойы Астананың басты көшелері мен көрікті орындарын айналып өткен. Соның арқасында халыққа көтеріңкі көңіл күй мен ашық диалогты тоғыстырған өзгеше қалалық атмосфера сыйлады, - деп хабарлайды Aikyn.kz

DJ әуені қосылған күйде жүргізуші микрофон арқылы қала тұрғындарымен тілдесті, ал Respublica-ның белсенді жастары жобаның шырайын кіргізді. Ең бастысы – жол бойында автобусқа қол бұлғап, суретке түсіп, видеоға жазып, пікір білдіріп, еркін әңгімеге араласқандар болды.

«Саясат міндетті түрде жалықтыратын дүние болмауы керек. Егер жастармен тіл табысқымыз келсе, олардың тілімен сөйлеп, орталарына баруымыз қажет. ReBus – қозғалыстың, жаңа энергияның және ешқандай кедергісіз өтетін ашық әңгіменің символы. Біз елдің ертеңін сырттан бақылап қана емес, өз мойнына жауапкершілік алып, іске кірісетін жастар қалыптастырады деп сенеміз», – деді Respublica партиясынан Қазақстан Республикасы Құрылтайына кандидат, партияның Орталық аппараты басшысының жастар саясаты жөніндегі кеңесшісі Тоқтар Болысов.

ReBus бағыты «Бәйтерек», EXPO, «Хан Шатыр», Есіл жағалауы, Президент саябағы және елорданың өзге де көрнекті орындарын қамтыды. Жол бойы музыка тоқтаған жоқ, жүргізуші партияның сайлауалды бағдарламасы туралы айтылдлы.

Respublica елдің болашағы идеясы бар, жігері бар, өзгеріс жасауға дайын азаматтардың қолымен қалыптасатынына сенеді. Ал ол үшін қалыптасқан шеңберден шығып, халыққа бір қадам жақындау қажет болса – дәл солай әрекет ету керек.