Ақтөбе қалалық соты облыстық орталық «Нұр-Ғасыр» мешітінде кәмелетке толмаған балаларға күш қолданған ер адамға қатысты үкім шығарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Сот оны 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға үкім етті. Осы уақытқа дейін айыпталушы үйқамақта болған.
Тергеу материалдарына сәйкес, оқиға биыл ақпан айында мешіт аумағында болған. Айыпталушы балаларды ұрып-соғып, тепкілеген. Соның салдарынан жәбірленушілердің бірі бас-ми жарақатын алып, миы шайқалған. Сараптама қорытындысы бойынша оның жарақаттары жеңіл және орташа дәрежедегі денсаулыққа зиян келтірген.
Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы сотталушының әрекеті қасақана жасалғанын айтып, оны кінәлі деп тануды және Қылмыстық кодекстің тиісті баптары бойынша 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сондай-ақ жәбірленушінің азаматтық талабын ішінара қанағаттандырып, заңды өкілінің шығындарын өтеуді ұсынды.
Өз кезегінде айыпталушы үйқамақта болғандықтан жәбірленушілерден бұған дейін кешірім сұрай алмағанын айтты. Ол сот залында жасаған ісіне өкінетінін жеткізіп, екі жәбірленушіден кешірім сұрады. Алайда азаматтық талапты мойындамайтынын айтып, ата-анасының жалғыз асыраушысы екенін алға тартты.
Сот шешімімен айыпталушыға 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар жәбірленуші талап еткен 10 млн теңге моральдық өтемақының орнына 3 млн теңге өндірілетін болды. Бұдан бөлек, заңды өкілінің шығыны ретінде 200 мың теңге төлеуге міндеттелді.
Судья үкім шығару кезінде құқықбұзушылықтың қоғамдық орында, яғни мешітте жасалғанын ескергенін атап өтті.