Ақмола облысында өзенге секірген 20 жастағы жігіттің мәйіті табылды

Қайғылы оқиға 30 шілде күні Есіл ауданына қарасты Қалашы ауылының маңында болған.

Ақмола облысында Есіл өзеніне секіріп, қаза тапқан 20 жастағы жігіттің мәйіті табылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Солтүстік Қазақстан облысының 20 жастағы тұрғыны биік жардан өзенге секірген. Алдын ала болжам бойынша, ол суға түскен кезде басын су астындағы тасқа соғып, есінен танып қалған. Кейін денесін өзен ағысы алып кеткен.

Іздестіру жұмыстары оқиға болған күні басталған. Алайда өзеннің қатты ағысы сүңгуірлердің жұмысына кедергі келтірген.

Марқұмның денесі бүгін суға кеткен жерден шамамен 200–250 метр төмен жерден табылып, жағаға шығарылды.

 

Шомылу маусымы басталғалы бері Ақмола облысының су айдындарында 26 адам көз жұмған.