Әлемдік мұнай нарығындағы тұрақсыздық Қазақстанға қалай әсер етеді?

Ел экономикасында мұнай секторы экспорттың, бюджет кірістерінің және Ұлттық қор түсімдерінің негізгі көзі саналады

Әлемдік мұнай нарығы құбылып тұр. Reuters  агенттігінің мәліметінше, бұған Таяу Шығыстағы геосаяси ахуалдың шиеленісуі, мұнай тасымалына қатысты тәуекелдердің артуы және әлемдік нарыққа шығарылатын мұнай көлемінің белгісіздігі себеп болып отыр. Соған сәйкес Brent маркалы мұнай бағасы бір апта ішінде бірнеше рет құбылып, 23 шілдеде барреліне 100 АҚШ доллардан асып, кейін қайта төмендеді, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

31 шілдеде жарияланған Reuters сауалнамасына сәйкес, халықаралық сарапшылар жыл соңына дейін мұнай бағасы жоғары деңгейде сақталады деп болжап отыр. Олардың бағалауынша, жыл соңына дейін Brent мұнайы орта есеппен барреліне 85 доллардан жоғары деңгейде сақталады.

Бұл жағдай Қазақстан үшін де маңызды. Ел экономикасында мұнай секторы экспорттың, бюджет кірістерінің және Ұлттық қор түсімдерінің негізгі көзі саналады. Сондықтан әлемдік мұнай бағасындағы өзгерістер мемлекеттік кірістерге, төлем балансына және валюта нарығындағы ахуалға тікелей ықпал етеді.

Қазақстан да OPEC+ келісіміне қатысушы ел ретінде әлемдік мұнай нарығындағы өзгерістерді ерекше бақылауда ұстап отыр. Шілде айының басында ұйымға мүше жеті мемлекет, оның ішінде Қазақстан да, тамыз айынан бастап мұнай өндіру көлемін тәулігіне 188 мың баррельге арттыру туралы шешім қабылдады. OPEC+ бұл қадам әлемдік мұнай нарығындағы тұрақтылықты сақтауға бағытталғанын мәлімдеп, нарықтағы жағдайға қарай өндіріс көлемін өзгертуге дайын екенін мәлімдеді.

Қазақстан үшін әлемдік мұнай бағасымен қатар мұнай экспортының тұрақтылығы да маңызды. Еске салсақ, 23 шілдеде Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі КҚК теңіз терминалында тиеу операциялары уақытша тоқтатылғанын, соған байланысты мұнай өндіру көлемі азайғанын хабарлаған еді. 

Кейін Энергетика министрлігі КҚК арқылы мұнай қабылдау мен экспорттау жұмыстары қайта жанданғанын мәлімдеді.

«Қазір КҚК-ның екі мұнай тиеу айлағында SEAMAJESTY және MILOS танкерлеріне мұнай құйылып жатыр. Мұнай қабылдаудың қайта жандануы мұнай өндіруші компанияларға шикізатты құбыр жүйесіне жеткізуді жалғастыруға және теңіз терминалы арқылы экспорттауды қайта жолға қоюға мүмкіндік береді», – деген болатын ведомствоның ресми өкілі Әсел Серікбаева.

Алайда 30 шілдеде Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалында Nissos Sifnos және Marathi танкерлеріне ұшқышсыз ұшу аппараттарымен шабуыл жасалу қаупіне байланысты мұнай тиеу жұмыстары қайтадан уақытша тоқтатылғанын мәлімдеді.

«Тиеуге жоспарланған Marathi танкері де КҚК теңіз терминалынан 6-7 теңіз милі қашықтықта ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына ұшырады. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, экипаж мүшелері арасында зардап шеккендер жоқ, мұнайдың төгілуіне жол берілген жоқ. Шабуыл салдарынан туындаған өрт КҚК-ның үш буксирінің көмегімен сөндірілді», – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Бұл оқиғалар әлемдік мұнай нарығындағы геосаяси тәуекелдердің мұнай бағасына ғана емес, экспорттың тұрақтылығына да әсер ететінін көрсетіп отыр.