Тамыз айына арналған ауа райы болжамы: синоптиктер ескерту жасады

Тамыздың бірінші онкүндігінде Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады.

Қазгидромет тамыз айына арналған ауа райы болжамын жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Синоптиктер жаздың соңғы айында еліміздің оңтүстігі мен батысында негізінен ыстық, ал солтүстік жартысында жаңбырлы, найзағайлы әрі салыстырмалы түрде салқындау ауа райы қалыптасатынын болжап отыр.

Белсенді солтүстік-батыс циклоны мен атмосфералық фронтальды бөлімдер өтуіне байланысты тамыздың бірінші онкүндігінде Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Атап айтқанда, күн күркіреп, жаңбыр жауады, екпінді жел соғып, бұршақ жаууы мүмкін. Кей уақытта елдің солтүстігінде, орталығында, шығысында, кезең ортасында оңтүстік-шығыстың таулы және тау бөктеріндегі аудандарында нөсер жаңбыр жауады деп болжанады.

Алайда бірінші онкүндіктің ортасынан бастап республикамыздың батыс бөлігінде және орталығында жауын-шашын қысқа мерзімге тоқтайды.

Тамыздың бірінші онкүндігінде еліміздің батысы мен солтүстік-батысында күндізгі ауа температурасы +25...+35°С-тан +34...+39°С-қа дейін барады.

Атырау облысының оңтүстігінде +41°С-қа дейін, Маңғыстау облысында +35...+40°С-тан +39...+44°С-қа дейін біртіндеп көтеріледі.

Республикамыздың солтүстігінде және Қостанай облысында +25+35°С-тан +20+28°С-қа дейін, онкүндіктің соңында қайтадан +30...+38°С-қа дейін ыстық болады деп болжанады.

Ал оңтүстікте сынап бағаны +39...+44°С-тан +29...+36°С-қа дейін төмендейді.

Еліміздің орталығы мен шығысында сынап бағаны +33...+41°С аптап ыстықтан +22+31°С-қа дейін ауысып, аптаптың беті қайтады.

Еліміздің оңтүстік-шығысында ауа температурасы +34...+39°С, Жамбыл облысында +42°С-тан +27+35°С-қа дейін ауытқуы болжанады.

Тамыздың екінші және үшінші онкүндіктерінде республиканың солтүстік жартысында ауа температурасы түнде +3...+8°С-тан +10...+18°С-қа дейін, күндіз +17...+25°С-тан +25...+35°С-қа дейін құбылады. 

Батыста және еліміздің оңтүстік жартысында түнде +17...+27°С-тан +13...+18°С-қа дейін, күндіз +32...+42°С-тан +25...+35°С-қа аралығында ауытқиды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.