«Шабыттың» шалқыған кеші

Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің «Шабыт» халық музыкасы ансамблі Болгарияның Велико-Тырново қаласында өткен XXVIII халықаралық фольклор фестивалінде Қазақстанның ұлттық музыкалық мәдениетін абыроймен таныстырды.

Аталған фестиваль – Балқан түбегіндегі дәстүрлі мәдениетке арналған ең беделді халықаралық өнер форумының бірі. Ол ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны сақтау жөніндегі ресми серіктесі саналатын Халықаралық фольклор және дәстүрлі өнер фестивальдерін ұйымдас­тырушылар кеңесінің (CIOFF) және Бол­гарияның ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлт­тық комиссиясының қолдауымен ұйым­дастырылды.

Жыл сайын әлемнің үздік фольклорлық ұжымдарын біріктіретін фестивальге биыл Еуропа, Азия, Солтүстік және Латын Аме­рикасының оннан астам елінен өнерпаздар қатысты. Бір апта бойы Велико-Тырново қаласының басты сахналарында концерттік бағдарламалар, шығармашылық кездесулер, ұлттық ұжымдардың шеруі және халықтар арасындағы мәдени диалогты дамытуға арналған іс-шаралар өтті.

Қазақстанның атынан өнер көрсету мәртебесі Сәкен Сейфуллин атындағы Қа­зақ агротехникалық зерттеу университетінің шығармашылық ұжымы «Шабыт» халық музыкасы ансамбліне берілді.

Ансамбльдің концерттік бағдарламасы қазақ халқының бай музыкалық мұрасын кеңінен таныстыруға арналды. Көрермен­дерге халық әндері, күйлер және вокалдық-аспаптық шығармалар ұсынылып, қазақтың дәстүрлі орындаушылық өнері мен ұлттық аспаптарының ерекшелігі жоғары деңгейде насихатталды.

Фестивальдің ең әсерлі сәттерінің бірі ансамбльдің болгар тілінде ән орындауы болды. Қабылдаушы елдің мәдениетіне көрсетілген бұл құрмет көрермендердің ыс­тық ықыласына бөленіп, ұзақ қол шапалақ­пен марапатталды. Шетелдік көрермендер қазақстандық өнерпаздардың кәсіби ше­берлігіне, сахна мәдениетіне және шынайы орындауына жоғары баға берді.

Қазақстандық делегацияның фести­вальге қатысуына CIOFF Kazakhstan пре­зиденті, Қазақстан Республикасының Ұлттық Дельфий комитетінің директоры Құралай Түспекова қолдау көрсетті. Ол қазақстандық өнерді халықаралық деңгейде насихаттау және мәдени ынтымақтастықты кеңейту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.

Ресми делегация құрамында универ­ситеттің Мәдени-бұқаралық жұмыс департаментінің директоры Бақыт Тәжінов те болды. Оның айтуынша, жастардың халықаралық шығармашылық форумдарға қатысуы – Қазақстанның мәдени дип­ломатиясын нығайтудың маңызды тетігі.

«Халықаралық фестивальдер – халық­тарды жақындастыратын, өзара түсіністік пен құрметті қалыптастыратын маңызды алаң. Өнер арқылы әр мемлекет өзінің тарихын, салт-дәстүрін және рухани құнды­лықтарын әлемге таныстырады. Біздің студенттер үшін мұндай беделді форумға қатысу – кәсіби тәжірибе ғана емес, Қазақстанның абыройын халықаралық деңгейде лайықты танытуға берілген үлкен жауапкершілік», – деді Бақыт Тәжінов.

Ол университетте жастардың шығарма­шылық әлеуетін дамытуға ерекше мән бе­рілетінін атап өтті.

«Біз болашақ маман өз саласының кәсіби иесі ғана емес, ұлттық мәдени құндылықтарды дәріптейтін тұлға болуға тиіс деп есептейміз. Сондықтан университет шығармашылық ұжымдарға жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың халықаралық жобаларға қатысуына барлық мүмкіндікті жасап келеді», – деді ол.

XXVIII халықаралық фольклор фести­валі тағы да әлемнің түрлі елдерін материал­дық емес мәдени мұраны сақтау және халықаралық гуманитарлық ынтымақ­тас­тықты дамыту идеясы аясында тоғыс­тыратын беделді мәдени алаң екенін дә­лелдеді.

Ал «Шабыт» ансамблінің жарқын өнер көрсетуі Қазақстанның ұлттық орындау­шылық мектебінің жоғары деңгейін айқын көрсетіп, қазақ мәдениетінің әлемдік мә­дени кеңістіктегі лайықты орнын тағы бір мәрте паш етті.

Айзере АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ