Бала қауіпсіздігі – ата-ана қолында

«Қауіпсіз терезе» жай ғана акция емес, бұл – жанайқай. Қа­рағанды облысында осы жылдың басынан бергі жеті айда 29 бала терезеден құлаған. Жанға дәт беретіні балалар аман. Ал 2025 жылы 27 бала терезеден құлап, үшеуі жазым бол­­ды. Қалған жағдайларда балалар түрлі дәрежеде ауыр жа­рақаттар алды. Қайғылы оқиғалардың негізгі себептері – балалардың ересектердің қарауынсыз қалуы және терезелерде қауіпсіздік құралдарының болмауы.

Мақаламызды мысалмен бас­тайық. Қарағанды мен Теміртауда көп­қабатты үйлердің терезелерінен ба­лалардың құлауының екі жағдайы тіркелді. Екі бала да ауруханаға жат­қы­зылды. Бірінші оқиға 18 шілдеде Қа­рағандыда болды. 12-ші шағын аудан, 30 мекенжайындағы үйде бес қа­батты үйдің екінші қабатындағы пә­тердің терезесінен бес жасар қыз құ­лап түсті. Төтенше жағдайлар де­пар­таментінің хабарлауынша, оқиға болған кезде баланы көрші бөлмеде болған әпкесі бақылап отырған. Құ­лаған қыз жарақат алып, облыстық ба­лалар клиникалық ауруханасына жеткізілді. Қарағанды облысының Ден­саулық сақтау басқармасының ха­барлауынша, қазір бала ауыр жағ­дайда.

19 шілде Теміртауда да осындай жағ­дай. 7-ші шағын аудан, 23 ме­кен­жайындағы үйде үшінші қабаттағы пә­тердің терезесінен екі жасар бала құ­лады. Облыстық денсаулық сақтау бас­қармасының мәліметінше, бала­ның жағдайы тұрақты деп бағала­на­ды.

– Осыған байланысты облыс ау­ма­ғында «Қауіпсіз терезе» ақ­па­рат­тық-профилактикалық акциясы жүйе­лі түрде жүргізілуде. Шараның не­гізгі мақсаты – ата-аналар мен тұр­ғындарға балалар қауіпсіздігі туралы түсіндіру жұмыстарын күшейту, қайғылы жағдайлардың алдын алу. Акция аясында Қарағанды облы­сы­ның Төтенше жағдайлар департамен­ті мамандары жаңа әрі тиімді тәсіл­дер­ді қолдануда. Атап айтқанда, құт­­­­­қарушылар дрондарды пайдаланып, көпқабатты тұрғын үйлердің терезе тұсына дейін ұшырып, дауыс зорайтқыш арқылы қауіпсіздік ере­желерін еске салады. Ашық тұрған терезелерді жабу, сондай-ақ москит торларына сенбеу қажеттігі туралы ескертулер берілді, – дейді Қараған­ды облысы Төтенше жағдайлар де­партаментінің Төтенше жағдайлар­дың алдын алу басқармасының бас маманы Темірлан Айтжан.

Мамандардың айтуынша, мос- кит торлары балалардың салмағын кө­тере алмайды және қауіпсіздік құра­лы болып есептелмейді. Бала­лар­ды қорғау үшін терезелерге арнайы құлыптар мен бекіткіштерді уақытылы орнату қажет. Биыл бар­лығы 1 333 терезе бекіткіші орнатылды. Бұдан бөлек, адамдар көп жиналатын орындарда, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында балалар қауіпсіздігі мәселелері бойынша 500-ден астам QR-ақпараттық тақ­тайша орналастырылды.

Қарағанды облысының Төтенше жағ­дайлар департаменті №3 автобус пар­кімен бірлесіп, қалалық қоғам­дық көліктердің сыртқы бетіне про­филактикалық материалдарға сіл­теме жасайтын QR-коды бар балалар қауіпсіздігіне арналған ақпараттық материалдарды орналастырды. Бұл бастама қала тұрғындарының назарын балалардың терезеден құлауы­ның алдын алу мәселесіне қосымша аударып, халықтың қауіпсіздік шаралары туралы хабардарлығын арт­тыруға мүмкіндік береді.

Қарағанды әкімдігі бұл бағыт бойынша Төтенше жағдайлар депар­таменті, Полиция, Прокуратура, Балалар құқығын қорғау басқармасы және басқа да қызметтермен бірлесіп жұмыстар жүргізіп жатыр. Қорғаныс заттарын орнатудан басқа, мамандар отбасыларға арнайы барып, ата-аналармен әңгімелесуді жалғастыруда. Сонымен қатар «Қауіпсіз терезе» және «Қауіпсіз жаз» профилак­ти­ка­лық акциялары да жалғасын табуда. Бірақ түрлі шараларын өткізгенімен, мәселе толық шешімін табар емес. Негізгі себеп неде? Мамандар «басты се­бептің бірі ересектердің нем­құрай­лылығы» дегенді айтады. Ашық терезе жиі назардан тыс қалады, ата-аналар москит торына сенеді. Немесе бала бірнеше минут жалғыз қал­­са түк те болмас деген ойда болады. Бірақ дәл осы уақыт кейде қай­ғы­лы жағдайдың орын алуы үшін жет­кілікті болып шығады.

– Алдын алу шаралары, рейд, сонымен қатар блокаторларды орнату ауыр жағдайды азайтады, бірақ ата-ана бақылауын толығымен ал­мас­тыра алмайды. Мұндай оқи­ға­лардың көп­шілігі ескертудің болмауынан емес, қарапайым қауіпсіздік ере­желерін ұмытқаннан туындайды. Осы­лайша, баланың қауіпсіздігін қам­тамасыз ететіндер құтқарушылар емес, тіпті әкімдік емес. Ең алдымен, бұл ата-ананың өздері, олар қара­пайым қауіпсіздік ережесін сақтауы керек, – деп түйіндеді Қарағанды об­лысы Төтенше жағдайлар депар­та­ментінің Төтенше жағдайлардың ал­дын алу басқармасының бас маманы Темірлан Айтжан. 

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы