Осылайша, Үкімет көп жылдан бері қозғалып келген мәселенің күрмеуін шешіп, өтеусіз қан тапсырып жүрген жандардың еңбегі бағаланып отыр. Әрине, «Құрметті донор» төсбелгісі тұрақты қан тапсырып жүрген азаматтар үшін үлкен мәртебе екені анық, алайда бұл шешім донор санын, расымен де, арттыра ала ма?
Кейінгі 17 жылда донорларға арналған жеке марапат болмады, сол себепті еріктілер медицина қызметкерлері мен қоғам қайраткерлеріне арналған ортақ медициналық медальға ғана үміткер болып келді. Енді донорлардың еңбегі ескеріліп, қоғам үшін лайықты орынға ие болып, мәртебесі артты. «Құрметті донор» төсбелгісі – адамдардың өмірін сақтап қалуға тұрақты түрде үлес қосып жүрген донорлардың еңбегін мемлекеттік деңгейде мойындауға мүмкіндік беретін арнайы статус. Сол себепті де медальдің әр деталінде терең мағына бар. Төсбелгіні Қазақстан теңге сарайы жасайды. Оны
Геральдика жөніндегі республикалық комиссиясы бекіткен. Төсбелгінің дизайнында да ерекшелік бар, оның негізгі символы – қызыл түсті эмальмен көмкерілген қан тамшысы. Тамшының ішінде ақ түсті эмальмен бейнеленген жүрек соғысының графикалық ырғағы бейнеленген. Барлық композиция күңгірт өңделген дөңгелек жиекпен қоршалып, арнайы дайындалады.
Арнайы марапатты иелену үшін 40 рет қан немесе тромбоцит, не 70 рет плазма тапсыру қажет екен. Демек, «Құрметті донор» мәртебесіне ие болу оңайға соғатын іс емес. Қазір тізімде талаптарға толық сәйкес келетін құрмет белгісінің алғашқы иегері қатарына жататын 481 тұрақты донор бар. Донорлардың осыншама жанқиярлығына сәйкес марапаттың да артықшылығы мен мүмкіндіктері болса дейсің. Мәселен, Еуропа елдерінде ақылы демалыс күндері, тегін медициналық тексерілулер, арнайы әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған. Қазір елімізде ерікті түрде қан тапсырған азаматтарға энергия шығынын толықтырып, күтімін жақсарту үшін 0.25 АЕК көлемінде өтемақы беріледі, бұл дегеніңіз – 1 081 теңге. Бұл қаржы қанның өзі үшін емес, донордың тамақтануы мен физиологиялық қалпына келуі үшін төленеді. Бұған дейін қоғам белсенділері бұл қаржының тым төмен деңгейде екенін айтып, өтемақы мөлшерін арттыруды ұсынған, алайда әзірге бұл ұсыныстар
Үкімет тарапынан қолдау таппады. Мамандардың, соның ішінде Қазақ тағамтану академиясының есебіне сенсек, қан тапсырғаннан кейін донордың күнделікті рационы шамамен 4700 ккал болуға тиіс. Ал мұндай тамақтану құны бүгінде 5 мың теңгеден асады, яғни мемлекет беретін өтемақы донордың физиологиялық қажеттіліктерін толық өтемейтіні түсінікті. Өмір салтын өзгерту және тамақтану мәдениеті бойынша маман Аңсаған Аллабергенқызы да осы пікірде.
– Менің ойымша, «Құрметті донор» мәртебесін енгізу – жақсы бастама. Адамның қоғамға қосқан үлесін мойындау әрқашан маңызды. Бірақ тек атақ не мәртебенің өзі ғана донорлар санын айтарлықтай арттырады деп ойламаймын. Адамдар ұзақ мерзімде тұрақты донор болуы үшін еңбегінің бағаланатынын да сезінуі керек. Мұндай мәртебеге нақты жеңілдіктер мен қолдау шарасы да қоса берілгені дұрыс. Мысалы, жыл сайын тегін медициналық тексерулерден өту, денсаулық көрсеткіштерін бақылау, дұрыс тамақтануға арналған өтемақы немесе жеңілдіктер сынды ынталандырулар болса, бұл адамдардың тұрақты түрде қан тапсыруға деген ынтасын арттырар еді, – дейді маман.
Оның сөзінше, қан тапсырғаннан кейін ағза жоғалтқан сұйықтықты, темірді және энергия қорын қалпына келтіруге уақыт қажет. Сондықтан қазіргі өтемақы мөлшері донордың физиологиялық қажеттілігін толық өтейді деу қиын, сол себепті өтемақы мөлшерін қайта қарастыру орынды.
Азаматтардың жауапкершілігі
Жыл сайын елімізде 180 мыңнан аса азамат донор атанып, 255 мыңнан астам донорлық рәсім жасайды. Соның нәтижесінде жыл сайын 80 мыңнан астам пациентке сапалы қан құю көмегі көрсетіліп, олардың өмірін сақтап қалуға және сауығуына мүмкіндік беріледі. Алайда бүгінде хирургиялық операциялардың, трансплантацияның ауқымы артқан сайын қосымша қан қажет екені түсінікті.
2025 жылдың қорытындысы бойынша республикада қан мен оның компоненттерінің 255 255 донациясы тіркелді. Бұл көрсеткіш азаматтардың жоғары әлеуметтік жауапкершілігін және қан қызметінің тұрақты дамуын айғақтайды. Донорлық қозғалыста құрметті донорлардың орны ерекше. Олардың өтеусіз донорлықты дамытуға және адам өмірін сақтап қалуға қосқан үлесінің маңызы орасан зор, – деп хабарлаған Денсаулық сақтау министрлігі.
Министрлік дерегінше, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында қан тапсыратын донор саны жеткілікті, алайда өзге өңірлерде тапшылық байқалады. Бұл орайда донор болуға ынталандырудың өзге де тетіктері қажет. Біз кейінгі 5 жылда тұрақты түрде донор болып жүрген азаматты таптық. Графика дизайнері Данияр Абутәліпұлы жастар тұрақты түрде қан тапсыру үшін заман талабына сәйкес жаңа әдістердің болғанын қалайды.
– 1 081 теңге өтемақы өтемақы өте төмен деңгейде, әсіресе оның кейінгі 20 жыл бойы өзгеріссіз қалғанын ескерсек, мәселенің өзектілігі арта түседі. Елімізде халық саны да, экономика да өсіп келеді. Оған сәйкес донорларды ынталандыру шарасы да заман талабына сай жаңартылуға тиіс. Қан тапсырып жүргеніме 5 жылға жуықтағаны байқамай да қалыппын. Донор болуға әрдайым белсенділік танытамын, себебі мұның адам ағзасына да оң әсері бар. Дегенмен бүгінге дейін Қан орталығы тарапынан қандай да бір ынталандыру немесе ақпараттық хабарлам алған емеспін, тек қан қажет кезде телефон арқылы хабарласып, орталыққа шақырып тұрады. Донор болу – әрбір саналы азаматтың жауапкершілігі. Кез келген мемлекеттің ең басты капиталы – оның халқы, сондықтан әрбір адамның өмірі мен денсаулығын сақтау ортақ міндет деп ойлаймын, – дейді кейіпкеріміз.
Оның ойынша, мемлекет тарапынан ынталандыру мен халықты ақпараттандыру жиі жүргізілсе, донор саны да ұлғайып, медициналық қызметтің де сапасы артар еді.
Қан тапсырудың да тәртібі бар
Республикалық қан орталығының мәліметінше, кез келген он сегіз жастан асқан дені сау адам – қан мен оның компоненттері доноры болуға ерікті. Ол үшін Республикалық қан орталығына дүйсенбі-жұма күндері сағат 08.00-16.00-ге дейін бару керек. Өзімен жеке куәлігін алып келу міндетті (әскери қызметкерлер әскери билетін әкелгені жөн). Республикалық қан орталығының тіркеу бөліміне алғашқы рет барғанда, донор деректерін Бірыңғай донорлық жүйесінің (БДЖ) компьютерлік базасынан тексереді. Содан кейін донор терапевт дәрігердің қарауында болады және зертханалық зерттеулерден өтеді. Қан доноры атану үшін қанның клиникалық талдамасы, биохимиялық талдамасы, «В» және «С» гепатитіне талдама, АИТВ вирусына, мерез вирусына талдама жасау керек. Донор денсаулығы туралы анықтама мен тізімдегі медициналық тексеру тегін өтеді. Донордың қан тапсырар алдында бір күн бұрын және сол күні таңертең майлы, ет және сүт тағамдарын жеуіне болмайды, түнгі ауысымды жұмыстан кейін, түнгі кезекшіліктен кейін қан тапсыруға болмайды, қан тапсырар күннің алдында ауыр жұмыс істемеген жөн. Қан тапсырғанға дейін 3 сағат бұрын темекі шегуге және 48 сағат бұрын ішімдік ішуге болмайды.
Ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік бақылауда 500 мл-ға дейін қан беру адамның денсаулығы үшін еш қауіпі жоқ екені дәлелденді, сондықтан 400 мл доза физиологиялық деп аталады. Медицина мамандарының бақылауымен іске асырылған донорлық зиянсыз. Дұрыс тамақтану маманы Аңсаған Аллабергенқызы қан тапсырғаннан кейін бірнеше кеңесті естен шығармауды ұсынады.
– Қан тапсырған соң, ең алдымен, су, морс, компот, шай секілді сұйықтықты көбірек ішу маңызды. Рационда сиыр еті, бауыр, балық, жұмыртқа, қарақұмық, бұршақ тұқымдастар, шпинат, кептірілген жеміс т.б. темірге бай өнімдер болуы керек. Ал С дәруменіне бай көкөністер мен жемістер темірдің жақсы сіңуіне көмектеседі. Алғашқы тәулікте ауыр дене жүктемесінен, алкогольден және жеткіліксіз ұйқыдан бас тартқан дұрыс. Осындай қарапайым күтім ағзаның тезірек қалпына келуіне мүмкіндік береді, – дейді А.Аллабергенқызы.
Маманның кеңесін есепке алсақ, 0,25 АЕК көлеміндегі тамақтану донордың физиологиялық қажеттілігін өтемейтіні белгілі. Егер де ел болашағы мен халық денсаулығының маңызын ойласақ, тұрақты донорлардың санын арттыру жолында өзге де шешімдерді қарастыру, ақпараттандыру жұмысын жетілдіру өзекті болып қала бермек.
Айсұлу СЪЕЗХАН