Әуежайдан басталған жаңғыру

Шығыс Қазақстанда кейінгі жылдары жүзеге асып жатқан ірі инфрақұрылымдық жобалар өңірдің келешек даму бағытын айқындайтын маңызды бастамалардың біріне айналды. Жаңа әуежайлардың салынуы, тұрғын үй құрылысының ұлғаюы, жолдар мен көпірлердің жаңғыртылуы – мұның бәрі халықтың күнделікті тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, өңір экономикасының жаңа мүмкіндіктерін ашуға бағытталған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің шалғай өңір­лер­ін­дегі көлік қолже­тімділігін арт­тыру мәселесін бірнеше рет көтер­ген болатын. Осы тапсыр­ма аясында Шығыс Қазақстан облы­сының Зайсан және Ка­тон­қарағай аудан­дарында жаңа әуежайлардың құрылысы бас­тал­ды. Бұл – тек құрылыс ныс­ан­дары емес, өңірдің инвести­циялық және туристік әлеуетін арттыратын страте­гия­лық жобалар. Нысандардың құры­лысын «ЭЛХОН» ЖШС жүр­гізуде.

Бүгінде Зайсандағы әуежай құрылысында жұмыстардың ба­сым бөлігі аяқталған. Былай­ша айт­қанда, 87 пайыз бітіп тұр. Ұшу-қону жолағы, рульдеу жолы, пер­рон, дренаж жүйесі, кіреберіс жол мен инженерлік инфрақұрылым толық салынып болған. Қазір ком­андалық-диспетчерлік пункт пен әкім­шілік ғимараттардың құрылысы жүргізілуде.

Ал Катонқарағайдағы құры­лыс жұмыстары жоспарға сай жалғасып жатыр. Мұнда құры­лыс-монтаждау жұмыс­тарының 66 пайызы орындалған. Ұшу-қону жолағы мен перронның негізгі бөлігі аяқталуға жақын. Терминал ғимараты мен қосал­қы нысандар бой көтеруде. Жұ­мыстардың са­па­лы әрі бекітіл­ген кестеге сәйкес жүргі­зілуі облыс әкімі Нұрымбет Сақ­тағановтың тұрақты бақы­лау­ында. 

Бұл екі әуежайдың пайда­лануға берілуі өңір тұрғын­дары­ның жол жүру уақытын қыс­қартып қана қоймайды. Әсіресе табиғаты ерекше Катон­қара­ғайдың турис­тік әлеуеті жаңа деңгейге көтері­леді. Ал Қытай­мен шекаралас Зай­сан ауданы үшін әуе қатына­сы­ның ашылуы сауда-логистика саласының дамуына тың мүмкін­дік береді. Маман­дардың пікірін­ше, көлік қол­жетімділігі артқан сайын инвес­тиция тарту, кәсіп­кер­лікті дамыту және қызмет көр­сету саласын кеңейту де жеңіл­дей түседі.

Тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде

Облыста инфрақұрылымдық жобалармен қатар тұрғын үй құры­лысы да қарқын алды. Биыл Шығыс Қазақстанда бар­лық қар­жы­ландыру көзі есебі­нен 961 мың шаршы метр тұрғын үй салу жос­парланып отыр. Оның 860 мың шаршы метрі көп­қабатты үй­лер болса, қалған 101 мың шар­шы метрі жеке тұр­ғын үйлердің үлесі­не тиесілі.

Жыл соңына дейін пайда­ла­нуға берілетін тұрғын үй көлемі 408,4 мың шаршы метр болады деп жоспарланған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен жоғары. Ал алғашқы жартыжылдықтың қо­ры­­тындысы бойынша 150,6 мың шаршы метр тұрғын үй пай­­да­­лануға берілсе, шілде айы­ның қорытындысы бойын­ша бұл көрсеткіш 156,1 мың шаршы метрге жетеді деп күтілуде.

Тұрғын үй құрылысының бас­ты мақсаты – тек құрылыс көле­мін арттыру емес, баспа­наға мұқ­таж азаматтардың мәсе­лесін ше­шу. Осы бағытта биыл әлеу­мет­тік осал топтарға арналған 701 пәтер сатып алу жоспар­ланған. Оның 401-і «Бірқабатты Шығыс» бағдар­ламасы аясында облыстың 52 елді мекенінде салынған үй­лерден алынады. Қалған 300 пәтер Өскемен қаласы мен Зайсан, Ал­тай, Катонқарағай және Үлкен На­рын аудандар­ындағы көпқа­батты тұрғын үйлерден сатып алын­бақ.

Қазіргі уақытта өңірде жал­пы саны 1 302 пәтерді қамти­тын 21 кре­диттік тұрғын үй салынып жатыр. Жыл соңына дейін тұр­ғын үй кезегінде тұрған аза­мат­тарға 232 кредиттік пәтер бері­леді. Жалпы есеппен алғанда, биыл 933 тұрғын жалдамалы немесе кредит­тік тұрғын үйге қол жеткізеді.

Жол-көлік инфрақұрылымы да басты назарда

Өңірдің тұрақты дамуы жол-көлік инфрақұрылымының сапа­­­сына да тікелей байланысты. Сон­дықтан облыста көпірлерді жөн­деу мен жаңа көпір салу жұмыстары қатар жүргізілуде. Қазір Язовое көліне апаратын жолдағы Ақ Берел өзені арқылы өтетін көпір қайта жаңғыртылып жатыр. Бұл жоба жол қозғалы­сының қауіпсіздігін арттырып, шал­ғай елді мекен­дердің көлік қатынасын жақсар­туға мүм­кіндік береді.

Осинов асуындағы қайта жаң­ғырту жұмыстары да маң­ызды жобалардың бірі сана­лады. Мұнда Козловка өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы аяқтал­ған. Ал Пих­товка өзені арқылы өтетін көпір пайда­лануға берілген соң, қайта жаң­ғыртылып жатқан жол учаскесі толықтай көлік қозға­лысына ашылады.

Өскемен қаласының көлік жүйе­сін дамыту бағытында да ауқымды жобалар қолға алын­ған. Серікбаев көшесін Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпір­мен байла­ныстыратын жол салу жос­парланып отыр. Бұл жоба қала ішіндегі көлік ағынын оң­тай­лан­дырып, кептелісті азай­туға ықпал етеді. Сонымен қатар «Шемонаиха – Усть-Таловка» автожол­ын­дағы Үбі өзені арқы­лы өтетін көпір қайта жаңғыр­тылуда. Ал Шнайдер көпіріне түсетін жүкте­мені азайту үшін Үлбі өзені арқы­лы жаңа авто­көлік көпірінің жобасы әзір­леніп жатыр.

Бір-біріне тығыз байланысты жобалар

Туризм саласын дамытуға ба­ғыт­­талған жұмыстар да жүйе­лі жалғасуда. Былтыр Катон­қарағай ауданындағы тарихи Ескі Аустрия жолындағы ұзын­дығы 24 метр болатын көпір қалпына келтіріліп, туристік бағыт қайта ашылды. Бұл өңір­дің тарихи және табиғи мұра­ларын тамашалауға келетін сая­­хат­шылар үшін қолайлы жағдай қалыптастырды.

Шығыс Қазақстанда жүзеге асып жатқан бұл жобалардың бар­лығы бір-бірімен тығыз байла­ныс­ты. Әуежайлар көлік қатынасын жақсартады, жол-

дар мен көпірлер өңір ішіндегі байла­нысты күшей­теді, ал тұрғын үй құрылысы ха­лық­тың әлеуметтік жағдайын көтеруге ықпал етеді. Инфрақұры­лым­ның жаңаруы инвестиция тар­ту­ға, туризмді дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Сондықтан бүгінгі құрылыс жұмыстары тек жаңа нысандар салумен шектелмейді. Бұл – өңір­дің ұзақмерзімді дамуына салын­ған инвестиция. Жоспар­ланған жобалар сапалы әрі уа­қытында аяқталса, Шығыс Қазақстанның экономикалық әлеуеті артып, тұрғындардың өмір сүру деңгейі де жаңа белес­ке көтеріледі.

Омар Ұларбекұлы