Қырғызстанда өткен Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының бейресми консультативтік кездесуі өңірлік ықпалдастықтың жаңа бағытын айқындап, оның қорытындысы бойынша Шолпан-Ата декларациясы қабылданды. Сарапшылардың пікірінше, бұл құжат аймақ елдерінің ортақ ұстанымын нығайтып қана қоймай, ұзақмерзімді ынтымақтастықтың берік негізін қалыптастырады.
Шолпан-Ата декларациясының саяси және стратегиялық маңызы қандай? Бірыңғай көлік-логистика жүйесін дамыту, Орта дәліздің келешегі және Әзербайжанның өңірлік форматтағы толыққанды қатысуы Орталық Азияға қандай жаңа мүмкіндіктер ашады? Осы және өзге де сауалдарға әзербайжандық саясаттанушы Фархад Мамедов жауап берді.
- Президент өз сөзінде Орталық Азияның «жаңа тарихындағы аса табысты кезеңді» бастан өткеріп жатқанын айтты. Мұндай баға беруге қандай саяси факторлар негіз болып отыр?
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азияның қазіргі кезеңін жаңа тарихтағы ең табысты кезеңдердің бірі деп бағалады. Мұндай тұжырым жасауға жеткілікті негіз бар.
Біріншіден, Орталық Азия мемлекеттері бүгінде өзара бейбітшілік пен тату көршілік жағдайында өмір сүріп келеді. Әлемнің өзге өңірлерімен салыстырғанда, қазіргі халықаралық ахуалда бейбітшілік бұрынғыдай қалыпты жағдай ретінде қабылданбайды. Яғни мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруі өздігінен қалыптасатын құбылыс емес. Сондықтан бұл жетістікті сақтау және оны одан әрі нығайту аса маңызды.
Екіншіден, Орталық Азиядағы бейбітшілік пен ынтымақтастық тәуелсіз мемлекеттер қалыптасқан кезеңде орнықты. Кеңес Одағы кезінде де өңірде тұрақтылық болды, алайда ол тәуелсіз мемлекеттердің емес, біртұтас мемлекеттің құрамындағы республикалардың өмір сүру үлгісі еді.
Ал бүгінгі жағдайдың ерекшелігі – бұл тәуелсіз бес мемлекеттің өз еркімен таңдаған бейбіт қатар өмір сүру және ынтымақтастық моделі. Басқаша айтқанда, бұл – Орталық Азия елдерінің саналы саяси таңдауы.
Сонымен қатар, Орталық Азия мемлекеттері өңірлік іс-қимыл мен ынтымақтастықтың тұрақты форматын қалыптастырды. Бұл формат ортақ мәселелер бойынша келісілген ұстаным әзірлеуге мүмкіндік береді және оның маңызы өте зор.
Өйткені қазіргі халықаралық қатынастар жүйесі дезинтеграциялық үдерістермен сипатталады. Ондаған жылдар бойы қалыптасқан халықаралық блоктар мен одақтардың әлсіреп, ішкі қайшылықтарға тап болып жатқанын байқап отырмыз.
Осындай жағдайда Орталық Азия мемлекеттері, керісінше, өңірлік ынтымақтастықты кеңейтіп, оны тереңдете түсуде. Бұл – аймақтың тұрақтылығы мен орнықты дамуын қамтамасыз ететін маңызды стратегиялық бағыт.
- Қазақстан үшін Шолпан-Ата декларациясының ең маңызды саяси және стратегиялық нәтижесі қандай деп есептейсіз?
- Декларацияның мазмұны өте ауқымды әрі мәнді. Айта кету керек, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының әрбір бейресми саммиті қорытынды декларацияны қабылдаумен аяқталады. Бұл құжатта өңірлік ынтымақтастықтың негізгі басымдықтары айқындалып, мемлекеттердің алдағы бірлескен іс-қимылға қатысты ниеттері бекітіледі.
Биыл қабылданған Шолпан-Ата декларациясы да саммитке қатысушы барлық мемлекеттердің, соның ішінде Қазақстанның да мүдделеріне сай келетін көптеген маңызды ережелерді қамтиды. Ең бастысы – декларацияда мемлекеттердің кең ауқымды мәселелер бойынша келісілген ұстанымдары көрініс тапқан.
Кейде халықаралық тәжірибеде саяси мәселелер бойынша пікір қайшылығы болғанымен, экономикалық бағыттарда ортақ көзқарас қалыптасады немесе керісінше жағдай кездеседі. Ал Шолпан-Ата декларациясының ерекшелігі – оның саяси диалог, өңірлік қауіпсіздік, экономикалық ынтымақтастық, инфрақұрылымдық жобаларды дамыту, инвестициялық ахуалды жақсарту және мәдени-гуманитарлық байланыстар сияқты негізгі бағыттардың барлығы бойынша мемлекеттердің ортақ ұстанымын айқын көрсетуінде.
Бұл Орталық Азия елдерінің көптеген маңызды мәселелер бойынша ортақ көзқарас қалыптастырып, келісілген саясат жүргізуге ұмтылып отырғанын білдіреді.
Қазақстан үшін бұл, ең алдымен, еліміздің өңірлік бастамаларының және Орталық Азия форматындағы ұстанымдарының қолдау тапқанын көрсетеді. Сонымен қатар Қазақстан көшбасшылық танытып отырған бірқатар бағыттар бар. Атап айтқанда, цифрландыру, ғылыми зерттеулер мен инновациялар, сондай-ақ экономикалық ынтымақтастық салаларында еліміздің ұстанымы берік.
Осы бағыттардың қорытынды декларацияда көрініс табуы Қазақстанның ұлттық мүдделеріне толық сәйкес келеді және еліміздің өңірлік күн тәртібін қалыптастырудағы рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді.
- Мемлекет басшысы «XXI ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарттың» тарихи маңызына тоқталды. Бұл құжат аймақ елдері арасындағы қарым-қатынасты іс жүзінде қалай өзгертеді?
- Бұл құжаттың маңызы өте зор, өйткені ол Орталық Азиядағы өңірлік интеграцияның негізгі мақсаттарын айқындайды. Осындай көпжақты әрі көпдеңгейлі ынтымақтастық форматтарында ортақ құжаттардың қабылдануы ерекше маңызды.
Біріншіден, мұндай құжаттар мемлекеттердің ортақ мақсат-міндеттерін айқындайды. Екіншіден, елдер арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі қағидаттары мен шекарасын бекітеді.
Осы тұрғыдан алғанда, мұндай құжаттар Орталық Азия форматы сияқты көпжақты ынтымақтастық тетіктерінің орнықты дамуына қызмет ететін маңызды құрал болып саналады.
Сонымен қатар бұл құжаттың тарихи маңызы да ерекше. XXI ғасырдың алғашқы ширегі аяқталып келеді. Осы кезеңде әлемнің көптеген елдері қарулы қақтығыстарға, экономикалық дағдарыстарға тап болды. Әскери-саяси және экономикалық сипаттағы дәстүрлі одақтардың әлсіреп, халықаралық қатынастар жүйесінің өзгеріп жатқанын көріп отырмыз.
Осындай күрделі геосаяси жағдайда Орталық Азияда, керісінше, өңірлік ынтымақтастықты нығайту, өзара келісілген ұстаным қалыптастыру және бірлескен даму үрдісі күшейіп келеді.
Сондықтан мұндай құжаттардың тарихи маңызы ерекше. Өйткені олар Орталық Азия мемлекеттерінің алдағы ондаған жылдарға арналған ортақ ұстанымының, өзара сенімінің және өңірлік ынтымақтастығының берік негізін қалайды.
- Президент аталған Шартты іске асыру үшін арнайы іс-шаралар жоспарын әзірлеуді ұсынды. Сіздің ойыңызша, бұл жоспар қандай басым бағыттарды қамтуы тиіс?
- Ең алдымен, басым бағыттардың қатарында инвестиция тарту, инфрақұрылымды дамыту, цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын ілгерілету мәселелерін атап өткен жөн. Сонымен қатар бүгінде энергетикалық қауіпсіздік те өңірлік күн тәртібіндегі ең өзекті тақырыптардың біріне айналып отыр.
Саяси диалог әртүрлі деңгейде тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық та қарқынды дамуда. Бұл бағыттар бойынша басты міндет – өңір елдерінің алдына қойған ортақ мақсаттарына қол жеткізуге мүмкіндік беретін нақты іс-шараларды жүзеге асыру.
Ал инфрақұрылым, энергетика, инвестициялар, цифрландыру сияқты салалар жүйелі, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын әрі жауапкершілігі жоғары жұмысты талап етеді. Өйткені бұл бағыттар бойынша қабылданатын шешімдер ұзақ мерзімді жоспарлауды, миллиардтаған инвестицияны және ауқымды ұйымдастырушылық ресурстарды қажет етеді.
Осы тұрғыдан алғанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шарттың ережелерін іске асыруға арналған арнайы іс-шаралар жоспарын әзірлеу туралы бастамасы – өте прагматикалық әрі уақтылы ұсыныс. Себебі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін нақты келісілген іс-қимыл, ресурстар мен жауапкершіліктің айқын бөлінуі қажет.
Мұндай іс-шаралар жоспары әрбір мемлекеттің үкіметіне қандай бағытта жұмыс істеу керектігін, қандай жобаларды жүзеге асыру қажет екенін және оларды іске асыру үшін қандай қаржылық әрі ұйымдастырушылық ресурстар жұмылдырылуы тиіс екенін нақты айқындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоспар нақты мерзімдерді белгілеп, қай жобаның қашан жүзеге асырылатынын және өңірдің қай бағытта дамитынын түсінуге жол ашады.
Орталық Азия – өңірлік ынтымақтастық форматы болғандықтан, қабылданатын ортақ шешімдер әр мемлекеттің ұлттық даму жоспарлары мен бағдарламаларымен үйлесуі тиіс. Барлық бастама нақты құжат түрінде рәсімделген кезде ғана әр елде іске асырылып жатқан жобалардың өңірлік күн тәртібімен қаншалықты сәйкес келетіні айқын көрінеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтып отырған іс-шаралар жоспары дәл осы үйлесімділікті қамтамасыз ететін маңызды тетік бола алады.
- Бірыңғай көлік-логистика жүйесін қалыптастыру жөніндегі бастама Қазақстанның транзиттік әлеуетіне және Орта дәлізді дамытуға қандай серпін береді?
- Көлік-логистика мәселесі бүгінгі таңда ең өзекті тақырыптардың бірі деуге болады. Әсіресе бұл мәселе екі маңызды геосаяси жағдай аясында ерекше маңызға ие.
Біріншіден, Орталық Азияның солтүстігі мен оңтүстігіне іргелес өңірлерде жалғасып жатқан қақтығыстар мен соғыстардың жақын арада аяқталу белгілері байқалмайды. Сарапшылардың бағалауынша, осы қақтығыстарға байланысты енгізілген өзара санкциялар алдағы 10–15 жыл бойы күшінде қалуы ықтимал. Бұл – орта мерзімді перспектива.
Осындай жағдайда Еуразия картасына көз жүгіртсек, Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказды байланыстыратын бағыт халықаралық көлік-логистикалық жүйедегі баламасыз дәліздердің біріне айналып келеді. Қазіргі қолданыстағы инфрақұрылымның өзі бүгінде маңызды транзиттік байланысты қамтамасыз етіп отыр.
Сонымен қатар өңірде жаңа инфрақұрылымдық жобалар да жүзеге асырылуда. Бұған қоса, АҚШ пен Еуропалық Одақ сияқты сыртқы серіктестер де Орталық Азия елдеріне, ең алдымен Қазақстанға, көлік-логистикалық дәліздерді дамыту жөніндегі өз ұсыныстарын білдіріп келеді. Бұл көзқарастар Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ мемлекеттерінің ұстанымдарымен едәуір үндеседі.
Осының барлығы Орта дәлізді дамыту үшін қажетті негізгі алғышарттардың қалыптасқанын көрсетеді. Біріншіден, тасымалданатын жүк көлемі жеткілікті. Екіншіден, қажетті инфрақұрылым бар. Үшіншіден, осы бағытқа қатысушы мемлекеттердің саяси ерік-жігері мен ынтасы қалыптасқан. Төртіншіден, ұйымдастырушылық тұрғыдан өзара үйлесімді жұмыс жүргізуге мүмкіндік беретін тетіктер де бар.
Мұндай үйлесімділік дегеніміз – қатысушы мемлекеттердің Орта дәлізді дамыту мәселесін тұрақты түрде талқылауы, бірлескен шешімдер қабылдауы және логистикалық процестерді біріздендіруі. Себебі жүк көлемі, инфрақұрылым және саяси ерік болғанымен, егер ортақ рәсімдер мен келісілген басқару жүйесі болмаса, логистикалық тізбектер толыққанды тиімді жұмыс істей алмайды.
Қазіргі жағдайда ірі халықаралық көлік жобасын табысты жүзеге асыруға қажетті барлық алғышарттар қалыптасып отыр.
Қазақстан бұл үдерісте ерекше орын алады. Еліміз заманауи көлік инфрақұрылымына, порттық мүмкіндіктерге және жеткілікті энергетикалық ресурстарға ие. Сонымен қатар Қазақстан Каспий теңізінің шығыс жағалауындағы мемлекеттермен, Әзербайжанмен және Орталық Азия елдерімен өз ұстанымын үйлестіріп келеді.
Қазақстан Орта дәліздің әлеуетін арттыруға жауапты серіктес ретінде мүдделі. Бұл бағыт Қытай, Еуропалық Одақ және АҚШ сияқты ірі халықаралық ойыншылардың да назарында тұр.
Жалпы, Орта дәлізді дамыту Қазақстанның сыртқы саясатының ұзақмерзімді басым бағыттарының бірі болып саналады. Қазақстан өз транзиттік миссиясына жауапкершілікпен қарап, ел аумағындағы көлік және инфрақұрылымдық жобаларды дәйекті түрде іске асырып келеді.
- Әзербайжанның Консультативтік кездесулердің толыққанды мүшесіне айналуы Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастыққа қандай жаңа мүмкіндіктер ашады?
- Әзербайжан осы форматқа екі жыл бұрын қосылған болатын. Ал биылғы кездесуде Әзербайжан Республикасы алғаш рет толыққанды қатысушы ретінде қатысты.
Әзербайжан Президенті өз сөзінде соңғы жылдары Орталық Азия елдері мен Әзербайжан арасындағы жоғары деңгейдегі өзара сапарлардың айтарлықтай артқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл көрсеткіштер рекордтық деңгейге жеткен. Президенттің мәліметіне сәйкес, Әзербайжан басшысы Орталық Азия елдеріне бірнеше мәрте сапар жасап, өз кезегінде өңір мемлекеттерінің басшылары да Әзербайжанға жиі барған. Бұл жоғары саяси диалогтың қарқын алғанын көрсетеді.
Сонымен қатар Қазақстан және Өзбекстанмен қатар, бұл жолы Қырғызстанмен де одақтастық туралы келісімге қол қойылды. Осылайша, Әзербайжан Орталық Азияның бес мемлекетінің үшеуімен одақтастық сипаттағы екіжақты қатынастар орнатты.
Соңғы жылдары Әзербайжанның Орталық Азия елдеріне салған инвестиция көлемі, өзара сауда айналымы мен жүк тасымалы тұрақты өсіп келеді. Бұл Әзербайжанның өзін Орталық Азия кеңістігінің ажырамас бөлігі ретінде қарастыратынын аңғартады.
Сонымен бірге тараптардың сыртқы саясаттағы негізгі ұстанымдары да айтарлықтай сәйкес келеді. Бұған тарихи жақындық, ортақ мәдени және өркениеттік кеңістік, діни және тілдік ұқсастықтар, сондай-ақ соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан экономикалық байланыстар негіз болып отыр.
Қабылданған шешімдер осы ынтымақтастықтың алдағы уақытта одан әрі тереңдей түсетінін көрсетеді. Әзербайжан Президенті бүгінгі таңда Орталық Азия мен Әзербайжанның халықаралық деңгейде біртұтас геосаяси кеңістік ретінде қабылдана бастағанын ерекше атап өтті.
Бұл қазіргі халықаралық қатынастар жүйесінде маңызды үрдіс. Орта және шағын мемлекеттердің алдында, негізінен, екі таңдау болады. Біріншісі – қандай да бір ірі державаның ықпал аймағына кіріп, егемендігінің белгілі бір бөлігін соған тәуелді ету. Екіншісі – өзара байланыстардың дербес желісін қалыптастырып, өңірлік ынтымақтастықты дамыту, балама форматтарды құру және даму стратегияларын бірлесіп үйлестіру.
Бүгінде Әзербайжан мен Орталық Азия мемлекеттері дәл осы екінші жолды таңдап отыр. Бұл олардың өңірлік ықпалдастықты күшейтуге және өзара мүддеге негізделген дербес әріптестікті дамытуға ұмтылысын көрсетеді.