Мемлекет басшысы Швейцария Президентіне құттықтау жеделхатын жолдады

Бұл туралы Ақорда жазды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ги Пармеланды Швейцария Конфедерациясының Ұлттық күнімен құттықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

– Бұл атаулы күн Швейцарияның бай тарихи мұрасын танытып, демократиялық тұғырының беріктігін және елдің бейтараптық қағидаттарға ұдайы бейіл екенін көрсетеді, – деп жазылған жеделхатта.

Президент Қазақстан Швейцариямен достыққа және өзара құрметке негізделген сан қырлы ынтымақтастықты жоғары бағалайтынына тоқталды. Сондай-ақ сауда, инвестиция, қаржы және білім салаларындағы ықпалдастықтың оң динамикасын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ги Пармеланның жауапты мемлекеттік қызметіне табыс, ал достас Швейцария халқына құт-береке тіледі.